Атырауда дауылпаз ақын, ақберен батыр Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толуына орай іс-шаралар легі өтіп жатыр. Соның бірі – «Махамбет мұрасы – елдіктің өшпес рухы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция.
Конференцияны облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана ұйымдастырды. Мақсат – Махамбеттің ұлтына ұран болған рухы биік туындыларын насихаттау. Жиынға елімізге белгілі ақын-жазушылар, махамбеттанушы ғалымдар, тарихшылар мен кітапхана қызметкерлері, өңір жұртшылығы қатысты.
«Атырау – қазақ еліне, тарихы мен әдебиетінде белгілі тұлғалар дүниеге келген өңір. Сондай тұлғаның қатарында Махамбет бабамыз да бар. Жыл басынан бері ақынның шығармаларын насихаттау мақсатында бірнеше іс-шара өткізілді. Осы орайда тек концерттік бағдарламалармен, театрлық қойылымдармен шектелмей, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастырдық. Мұнда белгілі әдебиетшілер мен тарихшылардың, зиялы қауым өкілдерінің басын біріктіріп, ақын жырлары мен өмірін кеңінен насихаттауды көздедік», дейді басқарма басшысы Әбіл Жоламанов.
Батыр Махамбеттің қырлары туралы Жүсіп Қадыр, Амангелді Шамғонов, Ақылбек Шаяхметов, Бибігүл Хайыржанова, Әділет Қабылов, Алтыншаш Тәжіғалиева секілді профессорлар, махамбеттанушы ғалымдар баяндама жасады. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Бибігүл Хайыржанованың «Махамбет шығармалары арқылы жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу мен оқытудың өнегесі» атты монографиялық еңбегі таныстырылды.
«Екі ғасыр бойы өміршеңдігін жоймаған Махамбет жырларының жаңа қыры әлі толық ашылған жоқ. Мәселен, мен өз зерттеулерім арқылы ақынның сирек кездесетін өлеңдерін таптым. Оның жырларының әр шумағы мен тармағын, ұйқасын терең зерттеп, 2007 жылы кандидаттық диссертация қорғадым. Бірнеше жылдан кейін бұл еңбегім «Махамбет шығармалары арқылы жас ұрпақты отаншылдық рухқа тәрбиелеу мен оқытудың өнегесі» атты монографиялық кітап болып жарық көріп отыр. Болашақта түрік мамандарымен бірге Махамбет өлеңдерін түрік тіліне аударсақ деген жоспарымыз бар. Өйткені Түркия елінде ақын шығармашылығына ерекше қызығушылық бар», дейді Б.Хайыржанова.
Ал екінші іс-шара – бірінші республикалық театрлар фестивалі. Оған еліміздің әр өңірінен іріктелген жеті театр қатысты. Өнер ұжымдарының қойылымын бағалайтын қазылар алқасына Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов жетекшілік етті. «Махамбет сөздерінің бәрі дерлік – өткір әрі рухты. Сол себептен өнер додасы тартысты өтіп, қойылымдар асқан шеберлікпен сахналанатынына үміттендік», деді Т.Жаманқұлов.
Өнер додасының шымылдығы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының Тәкен Әлімқұловтың «Қош бол, Қараой» реквиемін сахналаумен бастады. Әр театрдың қойылымы өзіндік өрнегімен көрерменді тәнті етті.
Қазылар алқасының шешімімен фестивальдың бас жүлдесі «Қош бол, Қараой» реквиемін сахналаған Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық Қазақ драма театрына берілді. «Жұбан» спектаклін ұсынған Батыс Қазақстан облыстық Х.Бөкеева атындағы Қазақ драма театры бірінші жүлдеге лайық деп танылды. Екінші орынды «Әлиханның аманаты» қойылымымен Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры иеленді. Махамбет атындағы арнайы сыйлықты І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры «Алжир» қойылымымен жеңіп алды.
Сондай-ақ Гаухар Мангулова «Үздік режиссер», Темірбек Мұхтаров «Үздік сценограф» атанды. Ал «Үздік ер адам бейнесі» аталымын Медғат Өміралиев, «Үздік әйел адам бейнесі» аталымын Нұрлыгүл Жұбатова иеленді. Ал «Екінші пландағы ер адам бейнесі» аталымына Рауан Таймас, «Екінші пландағы әйел адам бейнесі» аталымына Жібек Үсенова ие болды. Бір топ Махамбет атындағы сыйлық лауреаты атанса, бірнеше қызметкер «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Атырау облысы