• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Қараша, 2023

Жарқын істерге толы жыл

182 рет
көрсетілді

Ел тарихы мен дамуында жаңа бір бетті ашып берген кезектен тыс Президент сайлауының өткеніне бір жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жыл­дың 1 қыркүйегінде Қазақ­стан халқына арнаған кезек­ті Жол­дауын­да қазіргі геосаяси жағдайда мем­­лек­еттілікті нығай­тып, рефор­ма­лар мен жаңару бағда­рын нық ұс­та­ну қажеттігін алға тар­та ке­ліп, пре­зиденттік мерзім­нің санын бір мерзім­ге дейін қыс­қар­туды және прези­дент­тік мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұлғайтуды ұсынды. 2022 жылғы 20 қарашада өткен Прези­дент сайлауы еліміздің алдағы 7 жыл­дағы сая­си даму бағытын айқын­дап берді. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл сайлау «бар­л­ық саяси жүйенің түбегейлі жаңғы­руына әкелетін сайлау циклін бастады».

Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолда­ды. Конституциялық реформа Әділетті Қазақстанды құру жолын­дағы аса маңызды қадам болды. Бұл өзгеріс­тердің бірінші кезеңі 2021 жылы басталса, екінші кезеңі 2022 жылы енгізілді. Үшінші кезеңі, Президенттің сайлауал­ды бағдарламасымен үндесе отырып, 2023 жылдың қаңтарында күшіне енді.

Президент сайлауы елдің барлық саяси жүйесін жандандырып, мемлекет­тің күш-қуатын әлеуметтік-экономи­ка­лық бағыт-бағдарын жаңартуға жұмыл­дыруға ықпал етті. Осының нәти­жесінде, Қасым-Жомарт Кемелұлы 81,31% дауыс жинап, қайта сайланды. Ұлықтау рәсімі 26 қараша күні өтті.

Сайлау қорытындысы ел тұрғын­дарының басым көпшілігі Мемлекет басшысының саясат пен экономиканы реформалау курсын қолдайты­нын көрсетті. Әділетті Қазақстанды құру тиімді мемлекеттік үлгіні қалып­тастырудың негізгі идеологиясы мен тұжырымдамалық негізіне айналды. Халық сенімінің жаңа мандаты Мем­лекет басшысына ұлттық дамудың стра­те­гиялық міндеттерін оралымды шешу­ге қажет тың мүмкіндіктер берді. 

Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарла­масы әділ мемлекет, әділ экономика және әділ қоғам сынды үш қағидаға негіз­делді. Бағдарлама саяси реформалар мен мемлекет қызметінің барлық маңызды бағытын қамтыды. Әр бөлімде әрбір аспектінің маңыздылығын көрсететін тезистер түзілді. Көптеген тармақ бұрын жарияланған бастамаларды біріктіріп, оларды жүзеге асыру жолдарын ашық сипаттады.

Сайлаудан кейін Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіткен арнайы Жарлығы шықты. Жоспарда сайлауалды штабқа үгіт науқаны кезінде азаматтардан келіп түскен ұсыныстар да жан-жақты қамтылды. Бағдарламаны сапалы орындау үшін Жол картасы әзірленді. Оған 117 тармақ енді, түрлі бағыт бо­йынша жауапты мемлекеттік органдар мен тапсырмаларды орындаудың нақты мерзімдері көрсетілді. Жол картасының әрбір тармағы бойынша мониторинг нақты уақыт режімінде интерактивті онлайн-дашборд арқылы жүргізілетін болды. Яғни бұрнағы қағаз есептер, анықтамалар мен таныстырылымдар алынып тасталды.

Содан беріде арада өткен бір жылға жуық уақыт ішінде аса маңызды, ауқым­ды іс-шаралар қауырт қолға алынып, табандылықпен, тиянақты атқарылды. Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін батыл қадамдар жасалды. Президент сайлауынан кейін биыл наурыз айында Парламент сайлауы да ұйымдастырылып, науқан шынайы бәсеке жағдайында ашық өтті. Пар­ламенттің құзыреті мен қызметі қай­та қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық сот құрыл­ды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі рефор­ма жасау басталды. Адамның құқық­тары мен бостандықтарын қорғауға қатыс­ты іс-шаралар жаңаша сипат алды. Аза­маттардың саяси өмірге емін-еркін араласуына кең жол ашылды. Реформалардың барлығы «Күшті Президент – ықпалды Пар­ламент – есеп беретін Үкімет» қағи­да­сына негізделді. Бұл қағида – мемлекеті­міздің қазіргі таңдағы басты ұстанымы.

Жалпы, референдумды қосқанда, кейінгі бір жылдан астам уақыттың ішінде елімізде өте маңызды 5 саяси науқан сәтімен өтті. Оның барлығы әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі қақтығыс белең алып, шиеленістер ширығып тұр­ған аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Соған қарамастан, саяси, әлеуметтік-экономикалық даму мақсатындағы бапталған бағдарламалардың, ежелден еншіміз болып келе жатқан ішкі ынтымақ пен сыртқы ықпалдастықтың арқасында осы қысқа мерзімде едәуір жетістіктер­ге қол жеткізіп үлгердік. Ең бастысы, еліміздің жаңарып, жаңғыра бастағанына қалың бұқараның көзі жете түсті.

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында, сондай-ақ жыл сайынғы Жолдауларында айшықталған мақсат-міндеттердің бірқатарының орындалу барысын нақтылы дерек-дәйек­терге сүйене отырып саралап көре­лік. Жаңа реформалар, ең алдымен, адам­ға, оның ішінде еңбек адамына баса көңіл бөліп, іс басындағы әрбір азаматты, шаруасын дөңгелетіп, шағын және орта бизнес саласын дамытуға үлес қо­сып жүрген әрбір кәсіпкерді жан-жақты қолдауға, әрбір мұқтаж отан­да­сымызды әлеуметтік қорғауды күшей­туге бағытталған. Айталық, Президент­тің сайлауалды бағдарламасы аясында, ауыл шаруашылығы тауарларын өн­діру­шілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұр­ғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жобаланып, қалыпты жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына бүгінде барша бұқара мүдделілік танытып отыр. Жобаның басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Көптеген кәсіпкер, фермер қолдау болса, ауыл-аумақта өз ісін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, та­лапқа сай дамыта алатынына бек сенімді.

Сондай-ақ аталған бағдарламаға еншілес «Жер аманаты» жобасы да жүйе­лі жүзеге асырылып жатыр. Бағдар­лама аясында игерусіз жатқан жерлер мем­лекет меншігіне қайтарылатын бола­ды. «Жер аманаты» комиссиясы Мем­лекет басшысының ірі жер ие­лерін сынауынан кейін құрылған еді. Комис­сия қараусыз және пайдаланылмай жат­қан жерлерді мемлекет иелігіне қайтару­мен шұғылданады. Айта кеткен жөн, бүгінде пайдаланылмай жатқан 5,2 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Комиссияның бастамасымен Ауыл шаруашылығы министрлігі өзге де мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қайтарылған жерлердің интерактивті картасын әзір­леді. Жер дегеніміз – ұқсата білгенге ырыс-береке, табыс көзі. Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы алқаптарының апшысы қуырылып, жер танаптары жадап-жүдеп, жайылымдық жерлердің тарылып бара жатқаны жөнінде жиі айтылып, жазылып жүр. «Жер – елге аманат, ел – ерге аманат» деген қанатты қағида бар. Сол тұрғыда «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса бермек.

Жер және оның қойнауы, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жері байдың – елі бай. Сондықтан да оның игілігін халық көруге тиіс. Жер аманатының жалғасындай, еліміздің кен орындарына жүргізілген тексеру жұмыстарының қорытындысы да көңіл қуантады. Мәселен, кейінгі кезеңде түрлі заң бұзушылықтарға байланыс­ты қатты пайдалы қазбаларды игеруге берілген 200-ден астам келісімшарт пен лицензия қайтарып алынды.

Қалың бұқараны қатты алаңдататын, қашанда назардағы бір мәселе – көлік инфрақұрылымының дамуы. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті. Сондай-ақ транзиттік әлеуетті арттыру үшін вагон паркі тапшылығына қатысты мәселе де біртіндеп шешімін тауып келеді. «Stadler», «Alstom» және «Wabtec» компанияларының қатысуымен отандық зауыттарда вагон және локомотив өндірісі басталды.

Президенттің 2029 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында халықаралық автомобиль дәліз­дерін дамыту, соның ішінде республи­ка­лық маңызы бар 8 мың шақырым авто­жол салу және қайта жөндеу жұмыстары қолға алы­нып, жүргізіліп жатыр. Азаматтық авиа­ция саласында да тұрақты өсім байқа­лады. Өткен жылы ел көлеміндегі авиа­ком­паниялар 11 миллионға жуық жолау­шы тасымалдады. «Ашық аспан» режі­мі енгізілді. Ұшу географиясы кеңе­йіп келеді. 2025 жылға дейін Токио, Син­га­пур, Шанхай және Нью-Йорк бағыт­тары­на рейстер ашылады деп жоспарланып отыр.

Экономика мен өндірістің жауынгер саласы – шағын және орта бизнесті дамыту, шикізат секторына, тау-кен өнер­кәсібі мен геологиялық барлау сала­ларына инвестиция тарту жұмыс­тары күш алып келеді. Кәсіпкерлік, бизнес­тегі бюрократиялық кедергілер де жіті анық­талып, жойылып жатыр. Соны­мен қа­тар жол бойындағы, сондай-ақ әлеу­меттік, инженерлік және коммуналдық инф­ра­құрылымдарды жаңғыртуға ерекше назар аударылып, өндірістегі отандық үлес­ті арттыру жұмысы жаңаша қарқын алды.

Сайлауалды бағдарламаны орындау аясында атқарылып жатқан тұр­ғындарды әлеуметтік қамсыздандыру шаралары да қомақты. Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемі ұлғайды. Жыл сайын мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің жалақысы, студенттердің жәрдемақысы өсіп келеді.

Әлеуметтану саласындағы зерттеу­лер­ нәтижелері көрсеткендей, тұрғындар­дың басым бөлігі Қ.Тоқаевтың сайлау­алды бағдарламасы, Жолдауларында айшықталған барлық тезисінің іс жүзінде орындалуын күтеді. Мемлекет басшысына көрсетілген сенім, түптеп келгенде – сайлау нәтижелерін заңдастырудың, рефор­маларды табысты жүзеге асыру­дың және қойылған мақсаттарға қол жет­кізудің маңызды факторы. Сол тұрғыда сайлауалды тұғырнаманың әрбір тезисі республикалық жобаларға, жол карталарына және салалық министрліктер мен басқа да мемлекеттік органдардың жұмыс жоспарларына енгізіле отырып, мақсатты индикаторы бар нақты нұсқаулықтарда рәсімделетін болады. Біз бүгін тұғырнаманың халықтың күн­делікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысы бар бірқатар тармағының орын­далу барысын ғана аз-кем сөз еттік. Ал жо­ғарыда аталған 117 тармақтың әрқай­сысы бойынша жоспарланған іс-шара­ның аяқталу нысаны, жауапты орындаушылары, орындалу мерзімі нақ­ты­лы белгіленген, тиісті орындардың, мекеме-ұйымдардың, кәсіпорындардың тұрақты бақылауында. Осы орайда бағдарламаның атқарылғаннан гөрі, атқарылар іс-шаралары әлдеқайда көп, тіпті ұлан-асыр.

Демек алдағы алты жыл айқын, ашық, қолайлы, нәтижелі, халықтық жоба, жос­парлардың орындалу кезеңі, тың идеялар мен жасампаз жаңалықтардың жылнамасы болмақ. Баршамыз үшін бүгінгі таңдағы басты мұрат, баталы тірлік – Отанымызға, ошағымызға ырыс-құт, игілік болып даритын адал еңбек. Осыны жете ұғынған Мемлекет басшысы ел басқарудың демократиялық дәстүрлеріне жүгіне отырып, реформаны ойдағыдай өрге бастыру үшін қалың бұқара мен әрбір азаматты ортақ іске жаппай жұмылуға шақыратын сая­си бастамаларды дер кезінде көтеріп отыр. Бұл біздің конституциялық құры­лысымызға деген сенімімізді нығайтады. Келешекке деген үмітімізді ұлғайтады. Біздің тәубеміз бен тобамыз – табиғи байлығымыздың молдығы мен саяси-әлеуметтік ахуалымыздың саламаттығы. Осы тұрғыда бүгінгі сөзді де Мемлекет басшысының толғамымен түйіндегіміз келеді: «Еліміздің мақсаты айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мұның бәрі бір күнде жасалатын шаруа емес. Баршамыз табанды, еңбекқор, білікті, ұқыпты, тәртіпті болуымыз керек. Ең алдымен, отаншыл болуымыз қажет. Ұлт­тың және мемлекеттің мүддесі бәрі­нен биік тұруға тиіс. Елімізді өркендету үшін еңбек ету – баршамыздың азаматтық борышымыз. Ендеше, Отан алдындағы осы перзенттік парызымызға әрдайым адал болайық».