Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кеңінен баяндап, журналистер тарапынан қойылған бірнеше сұраққа жауап берді.
Облыс экономикасының даму векторын айқындайтын – өнеркәсіп саласы. Оның жалпы аймақтық өнімдегі (ЖАӨ) үлесі 60%-дан асады екен. Жан басына шаққандағы ЖАӨ көлемі республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі және 3,4 млн теңгені құрайды. Бұл – орташа республикалық деңгейден 29,6%-ға жоғары.
«Он ай ішінде өнеркәсіптік өндірістің 3,4%-ға төмендеуі де байқалды. Бұл тамыз айында Жезқазған мыс балқыту зауытының кен термиялық пешін күрделі жөндеуге тоқтатуымен байланысты. Жалпы, мыс балқыту зауытының үлесі барлық өндірістің 63%-ын, ал «Қазақмыс компаниялар тобы» өнеркәсіптік өндірістің 72%-ын құрайды. Қазіргі кезде мыстың тоннасының бағасы – 8 265 АҚШ доллары. Баға өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға өсті», деді Б.Әбдіғалиұлы.
Егер басқа да әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталсақ, өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру – 54%-ға, негізгі капиталға инвестициялар – 22%-ға, көлік пен сауда саласындағы көрсеткіш 4%-ға өскені байқалады. Орташа айлық жалақы 471 300 теңгеге дейін өскен. Бұл орташа республикалық деңгейден 1,3 есе жоғары. Жыл қорытындысы бойынша облыста негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика күтіледі. Алға қойған міндеттерге қол жеткізудің негізгі жолының бірі – өңірдің қаржылық өзін-өзі қамтамасыз етуі. Бүгінгі таңда облыстық бюджет 144,5 млрд теңгені құрайды. Салық базасын кеңейту және республикалық бюджеттен трансферттерді тарту арқылы көрсеткіштер бастапқы бекітілген бюджетпен салыстырғанда 28%-ға өскен. Бұл ретте биыл облыс табысы өз кірістерімен 36 млрд теңгеден 46,5 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
«Жыл басынан бері бюджетке «Қазақмыс» компаниялары тобынан келетін түсім 116 млрд теңгеден астам соманы құрады. Жыл соңына дейін 140 млрд теңге түсім болады деген болжам бар. Осы соманың 71%-ы республикалық бюджетке жіберіледі. Облыс аумағында осы жылы 10,8 млрд, ал келесі жылы шамамен 80 млрд теңге қаражатпен бірқатар жобалар (Жезқазған – Қызылорда, Жезқазған – Қарағанды жолдарын жөндеу, Үйтас – Айдос су құбырын тарту) іске асырылады. Ал 2024 жылға арналған бюджет жобасы 146 млрд теңге көлемінде қалыптастырылды, бұл осы жылға бастапқы бекітілген бюджеттен 1,3 есе артық», деді облыс әкімі.
Инвестиция ағынын арттыруға мүмкіндік беретін тетіктердің бірі бесжылдық мерзімге арналған Кешенді даму жоспарын қабылдау болды. Оны іске асыру басталғаннан бері облыс экономикасына 247 млрд теңге тартылған. 2027 жылға қарай экономикаға 1,4 трлн теңге, оның ішінде 1,2 трлн теңге жеке инвестиция тартылады екен.
«Егер экономиканың өнеркәсіптік секторына тоқталсақ, тазартылған мыс өндірісінде шамалы төмендеудің болуына қарамастан, ағаш бұйымдары өндірісінің – 5,5, тоқыма бұйымдары өндірісінің – 2, сусындар өндірісінің – 2,5, электр жабдықтары өндірісінің 2,6 есе өсуі байқалады. Бұл өңір экономикасының біртіндеп әртараптандырылуын және өнеркәсіп өндірісінің осы салаларын дамытудың әлеуетін көрсетеді. Өздеріңізге мәлім, экономиканы әртараптандыру бағыттарының бірі – инвестициялық қызмет», деп сөзін жалғады өңір басшысы.
Негізгі капиталға инвестиция салу 1,2 есеге өсіп, 153 млрд теңгені құрапты. Қуаттылығы жылына 20 млн дана кірпіш шығаратын кірпіш зауыты іске қосылған. Бұл әкелінетін құрылыс өнімін 20%-ға төмендетуге мүмкіндік берген. Қазір инвестиция көлемі 10 млрд теңгеден асатын 3 жобаны іске асыру жалғасып жатыр. 2027 жылға дейін 2000 жаңа жұмыс орнын құрудың арқасында 760 млрд теңге сомасына 15 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Ол агроөнеркәсіптік қызмет саласында және электр энергиясының жаңартылатын көздерін дамыту сияқты жаңа жобалармен тартымды болады. Мәселен, өңір аумағында алдағы 2-3 жылда жел электр стансалары мұнараларының металл конструкцияларын шығаратын зауыт салынады. Өткен айда «SinoHydro» ірі холдингімен тиісті меморандумға қол қойылған.
«Статистикаға сүйенсек, логистика шығындары жоғары және ірі агроқұрылымдардың жоқтығынан еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ең жоғары бағалардың бірі бізде. Облыс өзін тек үш өнім түрімен ғана қамтамасыз етеді (ет, ұн, нан). Қалған азық-түлік түрлері көрші өңірлерден әкелінеді. Осыған байланысты агроөнеркәсіптік кешен саласында 230-дан астам жаңа жұмыс орнын құрып, жалпы құны 7 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске асырамыз», деді Б.Әбдіғалиұлы.
Бұл жобаларды жүзеге асыру ішкі нарықты құс етімен, сүт өнімдерімен, картоппен және көкөніс өнімдерімен 30%-ға қамтамасыз етеді. Сондай-ақ өңірдегі бағаның өсуін шектеп, өңірлік Тұрақтандыру қоры құрылып, 4,5 мың тоннадан астам өнім сатып алуға 1,6 млрд теңге бөлінген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жылдық 2,5% жеңілдікпен несие беруге 3,3 млрд теңге бөлініп, 415 өтінім қабылданыпты. Оның 1,3 млрд теңге болатын 162-сі мақұлданды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша 802 млн теңгеге 62 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен қондырмалары сатып алынған.
Әкімнің айтуынша, шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту – әкімдік қызметінің басым бағыттарының бірі. Мысалы, ШОБ субъектілері жыл басынан 1,4 есе өсіммен 93 млрд теңгеге өнім шығарды. Жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 1,2 есеге ұлғайып, 19 мың бірлікті құраған. Нәтижесінде, жұмыспен қамтылғандар саны да 15%-ға артып, 32 мың адамға жеткен. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында құны 7,4 млрд теңге болатын 250 жобаға қолдау көрсетіліпті. Бастапқы бизнесті іске асыру үшін кәсіпкерлер жалпы сомасы 600 млн теңгеге жуық қайтарымсыз мемлекеттік гранттар алыпты.
«Логистикалық проблемаларға қарамастан, 6 айда туристер санының 7%-ға өскенін байқадық. Өңірге келген шетелдіктер саны 2 есеге жуық артты. Қонақүйлер қызметтерінің көлемі 240 млн теңгеге дейін ұлғайды. 2024 жылы Жезқазған қаласында құны 1,5 млрд теңге болатын жалпы сыйымдылығы 100 орындық 2 қонақүйді іске қосу жоспарда тұр. Келесі жылы «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне дейінгі жаңа жолдың құрылысы аяқталады», деді ол.
«Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 2 жылда 25,6 млрд теңгеге 3 600 орындық 6 мектеп салынады. Жезқазған және Сәтбаев қалаларында 320 орындық балабақшалар құрылысы аяқталып жатыр. Ағымдағы жылдың тамыз айында техникалық мамандықтардағы кадрлық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік беретін «Ұлытау техникалық университетін» ашу туралы Үкіметтің қаулысы қабылданды. Ал денсаулық сақтау саласында оң динамика бар. Халықтың табиғи өсімі 1%-ды құрап, өлім-жітім 3%-ға төмендеген.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында 2 жыл ішінде 25 денсаулық сақтау нысаны салынады тағы 8 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2024 жылға 4 нысан қаралған. Алғаш рет жаңадан келген медицина қызметкерлеріне, әрқайсысына 5 млн теңгеден көтермеақы төлеу мәселесі шешілді», деді облыс әкімі.
Сондай-ақ әкім Жезқазғанға облыс орталығы мәртебесін беру оның аумағын жоспарлау мен дамытуға жаңа көзқарасты талап ететіндігіне арнайы тоқталды. Қазір бас жоспардың жобасы әзірленген. Тұжырымдама бойынша 2037 жылға қарай қала 145 мың адамнан тұратын жаңа экономикалық және туристік орталыққа айналады деп жоспарланып отырғандығын да жария етті.