Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті кездесуін Төменгі Новгород қаласында жергілікті «Торпедоға» қарсы өткізді.
Бәсеке басталған бетте қос команда еш аңдыспастан алма-кезек шабуыл ұйымдастырып, бір-бірінің қақпасына бір-бір голдан соқты. 2-минутта Гончаров айдын иелерін алға шығарса, 4-минутта Аркадий Шестаков таразы басын теңестірді. Үзілістен кейін «Торпедоның» ойыншылары қарқынын күшейтіп, біздің аймақтан шықпады. Нәтижесінде, Андрей Шутов қорғаған қақпаға олар үш шайба тоғытты. Бұл голдардың авторлары – Василий Атанасов (30-минут), Максим Летунов (38-минут) және Владислав Фирстов (40-минут). Үшінші кезең бел ортадан ауған тұста Рудольф Червени есеп айырмашылығын қысқартты. Қорытынды есеп – 4:2.
Қатарынан үшінші кездесуінде жеңіліс тапқан «Барыс» КХЛ-дағы 23 команданың арасынан тек Владивостоктың «Адмиралынан» ғана озып тұр.