Әлемдік БАҚ өкілдерінің қатысуымен Әйелдердің теннис қауымдастығы (WTA) биылғы маусымның ең үздік ойыншысын анықтап жатыр.
Жыл сайын берілетін арнайы сыйлықтан үміткерлер қатарында Елена Рыбакина да бар. Еліміздің бірінші ракеткасы үшін биылғы маусым сәтті болды деп айтуға негіз бар. Жыл басында ол Мельбурнде ұйымдастырылған Аустралия ашық біріншілігінің финалында ойнады. Наурыз айында Индиана-Уэллстегі додада топ жарып, Майамидегі жарыстың ақтық сынына дейін жетті. Мамырда Римдегі турнирде теңдессіз деп танылды. Осыдан бірер апта бұрын WTA-ның қорытынды жарысында өнер көрсетті. Түрлі турнирде Елена әлемдік рейтингте көш бастап тұрған Ига Свентекті бір емес, бірнеше мәрте ұтты. Қазіргі кезде жерлесіміз үздіктер тізімінде төртінші орынды иеленіп тұр.
Елена Рыбакинадан бөлек, арнайы сыйлықтан үміттілер қатарында польшалық Ига Свентек, белоруссиялық Арина Соболенко, америкалық Кори Гауфф пен Джессика Пегула, чехиялық Маркета Вондроушова бар.