• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Таным 21 Қараша, 2023

Жиырма жас

249 рет
көрсетілді

Бала күніңде оқысаң да ойыңнан шықпай жүретін шығармалар болады. Сондай көркем дүниенің бірі – жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Жиырма жас» деп аталған үш-төрт беттен ғана тұратын қысқа әңгімесі. Бұл әңгімені алғаш 7-сыныпта жүргенде оқып, оқиғасы ойымда бірден жатталып қалды. Содан бері оны қаншама рет қайталап оқығаным есімде жоқ. Әр оқыған сайын жаңа жазылған шығарма оқығандай әсер аламын. Сонда бұл балалық шаққа сағыныш па, бозбалалық кезді аңсау ма, әлде шығарманың шынайылығы ма, әйтеуір туындының өн бойында оқырманды жіпсіз байлап тастайтын бір сиқыр бар.

Бұқар бабамыз «Жиырмада­ғы жасыңыз ағып жатқан бұлақ­тай» деп, қалай ғажап айтқан, ә. Шы­нында да, жиырма жас – жас­тықтың оты жалындап, ғашық­тық сезім алаулап, көңіл алабұртып, махаббат үшін алдыңда қандай қамал тұрса да соны бұзып жарып өтуге даяр кезің. Бірақ оны сол жігіттік кезеңді басынан өт­кер­гендер ғана түсінеді. Біз айтып отырған шығарманың бас кейіпкері Жабай – әлі мектепте оқитын жеткіншек. Бірақ ба­ла болса да «дүние пәленің» бә­рін біледі. Жиырма жастағы аға­сы Ораз­байды қатты жақсы көргені­мен, оның кейбір қылығын аса жақ­тырмайды. Әсіресе күн ба­тысы­мен үйден кетіп қалатыны ұна­майды. Содан түннің бір уағы­на дейін елегізіп, жалғыз ұйық­та­майды. Ал қасында ағасы жатса, жас­тыққа басы тиісімен «қор» ете қалады. Кейде осы үшін оған іш­тей ренжіп, қырсығып жүреді. Ақы­ры, екеуінің арасы ауылға бір үн­ді киносы келгеннен бастап бұ­зылды.

Жалпы, Тынымбай ағамыздың кез келген шығармасынан қазақ­тың болмысы, мінезі бадырайып көзге көрініп тұрады.Жазушының жылы әзілі де керемет. Диалогті де шебер ойнатады. Диалог демек­ші, мына бір үзіндіге зер салыңыз:

«– Кө-ке-е!.. Менің даусым соншалық бұзылып шықты-ау дей­мін. Балтасын белбеуіне қыс­тырып, даладан ойда-жоқта кіріп келген көкем əуелі селт ете қалды.

– Əй, Жаб-б-ы, Жабай-йжан! Саған не болды? – деп жаныма кеп отыра қалды.

– Киноға апармайды, – деп Ораз­байды нұсқадым. Иегім кем­сең­деп кетті.

– Неге апармайды? Неге апар­майсың, ей? – деп көкем ішкі бөл­меге кіріп бара жатқан Оразбайға алара қарады.

– Сенің сəніңді бұза ма, осы бала?

Ағам үн-түн жоқ ішке кіріп, киетін киімдерін көтеріп, қайта шықты.

– Ол көруге болмайтын кино.

– Не дейді-əй? Ол қайдан шық­қан зəкүн. Жұбатардың үлкен баласы көріп, кіші баласы көрмей-ақ қойсын деген?! Үйбай-ай, мы­наны-ай, ержеткеннің жөні осы деп! Осы баланы апармай көрші, менен туғаның рас болса...».

Осы диалогтегі қаламгердің шеберлігі қандай, кейіпкерлер мі­незін дөп түсірген. Әсіресе соңғы сөйлемдегі әкесінің айтқан сөзін оқығанда, езуіңіз жиылмайды.

Ақыры, көкесінің зілді дауы­сынан кейін Оразбай інісін ертіп, киноға алып барды. Бірақ клу­бың жанына барғанда «күте тұр» оны деп жалғыз тастап кетеді. Осы кездегі Жабайдың көңіл-­кү­йін, ой-қиялын ұтымды деталь, әсер­лі штрихтар арқылы көр­кем жеткізеді. Нанбасаңыз, оқы­ңыз. «Мен клубтың жанына барып тұрдым. Ойым шартарап. «Біз­ді күт дейді-ей. Сонда кім бі­реуі? Босқа ақшаны құртып», – деп іштей кіжініп қоямын. Клуб­тың маңында теңселіп ұзақ жүр­дім. Оразбайлар əлі жоқ. Тіпті ызам келді.Не істерімді білмей, сар­саң болып тұрғанымда, Ораз­байлар да жетті-ау, əйтеуір. Қа­сын­­дағы ұзынтұраның қыз еке­нін білгенімде, ішім қып ете қал­­ды. Тани кеттім. Мектепке пио­нер­­вожатый боп келген сары қыз. Ол маған жақындап келіп, күлім­сі­рей қарап, бас изеп амандас­ты. Мен үндегенім жоқ. Əсіресе үстімдегі күпəйкемнен ұялып, жер­ге кірер­дей болдым». Осы бір көрі­ністен баланың характері мен сол сәттегі жан-дүниесін қалай тамыршы­дай тап баса білген. Бұл жағдай біз­­дің де басымыздан өткен, сондық­тан Жабайға іш тартып тұрасың. Үшеуі алақандай клубтың соңғы орын­дарына келіп жайғасты. Жа­бай ішке кіргелі назар салмаған ағасына жыны ұстап отыр. Ол оң жағында отырған сары қызбен әуре. Кино оны қызықтыра қойған жоқ. Бақырайып қарағаны болмаса, жөнді ештеңе ұқпады. Бір қыз бен жігіт қол ұстасып жүреді. Құшақтасады. Содан бір қалғып кетіп қайта қарағанда, әлгі қыз­дың жылап отырғанын көреді. Аға­сы­на қараса, экранға кіріп кетердей төніп отыр. Оның қасын­дағы сары қыз қолына орамалын алып, әлсін-әлсін көзін сүртеді. Сөйтіп, отырғанда, тағы қалғып кетті.

Қазақ әдебиетінде жалпылама балаларға арналған туындылар болғанымен, әсіресе, 13-15 жас­тағы жасөспірімдер кезеңіне қа­тысты жазылған шығармалар өте сирек. Бұл кезең – баланың азамат болып қалыптасуына, өмірді, ортаны, адамдарды, жақын тануына көп әсер етері хақ. Сондықтан балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген қаламгерлер осыны ескерсе дейміз. Жазушы балаға тән аңғалдықты, адалдықты шебер суреттейді. Кинодан шыққаннан кейін алдымен ағасы қасындағы қызды үйіне шығарып салады. Жеті қараңғы түнде үйіне жал­ғыз баруға қорқып, олардың соң­дарынан Жабай да ереді. Осы жер­дегі үзіндіге тағы үңілсеңіз: «Шір­кін-ай, осы кезде жылы тө­сек­те ұйықтап жатар ма еді? Мені киноға айдап келген қай қыр­сық. Мынау екеуі осылай-ақ таң­ды атырар, сірə? Мені ұмытып кет­ті-ау деймін өздері...Мен жөте­ліп қалдым. Бірақ Оразбай міз бақ­қан жоқ. Ол сары қызға бір­деңе сыбырлайтындай, еміне жа­қын­дады. «Сыбырласа сыбырласын­шы осы. Тезірек кететін», – деп ой­ладым. Осы кезде тым тақа­лып қалған Оразбайдың бетіне са­ры қыз шапалағымен шарт еткіз­гені. Мен аңырып қалдым... «Ей, мынаусы қалай-ей, вожатый болсаң қайтейін?» – деп жа­нына жетіп барғым келді. Бі­рақ өзіміздің бұрынғы Оразбай бол­са, ақысын жібере қоймас деп өзім­ді-өзім тоқтаттым. Бір қы­зығы, Оразбай ашуланған жоқ. Бұрын­ғысынша алабұртқан күйі са­ры қызға телміре қарап тұра берді». Осы бір көрініс әңгіменің барлық жүгін көтеріп тұр. Әсіре­се мектептегі пионервожатый­дың аға­сының бетінен шапалақ­пен салып жібергендегі Жабайдың әсері... оқырманды еріксіз күл­дір­теді. Қысқасы, бұл әңгіме жас­өспірімдерге арнап жазылды де­ге­німізбен, оны оқығанда жаны­ңызға шуақ құйылып, өмірге деген құштарлығыңыз артып, бір тамаша көңіл-күйді бастан кешесіз. Ех, жиырма жас!