«Астана Опера» театрында қойылған «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» атты балет көрермендерді жылы әсерге бөлеп, үлкен қошеметке ие болды. Туындының жаңартылған нұсқасымен немістің қоюшы хореографы Раймондо Ребек жұмыс істеген. Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдин.
«Көрермендер қойылымды жаңа қырынан тамашалады деп ойлаймын. Тіпті солистер де өзгерген, өйткені олардың оқиға желісін ой елегінен өткізуге, осы хикая туралы ойлануға уақыты болды. Мен олардың өз рөлдерін жаңаша баяндап, кейіпкерлеріне басқаша қарайтынын байқадым. Труппа керемет дайындалған, бұл тұрғыда ұжымның ұстаз балетмейстерлері зор еңбек етті. Спектакльдің құрамы жаңарғанына, онда кейіпкерлеріне жаңаша көзқараспен қарайтын жаңа әртістердің пайда болғанына ризамын. Мәселен, Мәдина Өнербаева тамаша жаңа Махаббат деп айтар едім. Сызықтарды әдемі келтіретін София Әділханова кейіпкерімен тиянақты жұмыс істеген. Сырқатты сомдайтын Сұлтанбек Ғұмар, Бетховеннің бейнесіндегі Арман Оразов өз партияларына жаңаша бояу қосқан. Шындығын айтқанда, қазір труппада кемеліне келген әртістер мен жастардың теңгерімі бар», деді қоюшы хореограф Раймондо Ребек.
Тамаша туындыға шебер хореография, ғажап музыка мен ұлы Людвиг ван Бетховеннің өмірін бейнелейтін жан тебірентерлік хикая біріктірілген. Музыканың әсемдігі туралы айтқанда, симфониялық оркестрдің, опера труппасының солистері мен хордың еңбегі ерекше болды. Неміс балетмейстері жұртшылыққа терең мағыналы бірегей спектакльді ұсына отырып, биде эмоциялық алуандылықты, трагизм мен композитордың ішкі әлемін ашып көрсете білді.
Сондай-ақ дарынды жапон суретшісі Йоко Сеяма безендірген сахнада Бетховеннің өмір тарихы көркем бедерленген. Композитордың балалық шағынан бастап, өмірінің қиын кезеңдері, шығармашылық жетістіктері мен қуаныштары – сценографияда айшықты көрініс тапқан. Бетховеннің, сондай-ақ Бах, Гайдн, Моцарт пен заманауи композитор Дирк Хаубрихтің туындыларына негізделген музыкалық таңдау өте сәтті үйлестірілген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Долорес Үмбетәлиева орындаған әдемі соло көңіл пернесін тап басты. Ол И.С.Бахтың «Прелюдие до-минор» шығармасын, Л. ван Бетховеннің Оркестр мен фортепианоға арналған №4 концертін (екінші бөлім), «Элизаға» шығармасын, №14 Ай сонатасын (бірінші бөлім), Оркестр мен фортепианоға арналған №5 концертін (екінші бөлім) шебер орындады.
«Біз спектакльге бір ай бұрын дайындала бастадық. Раймондо Ребек келгеннен кейін бидің тазалығын тексеріп, кейбір өзгертулер енгізді. Дегенмен жаңартылған нұсқа түпнұсқадан еш өзгерген жоқ. Өзім орындаған партиямды айтсам, әйгілі композитор Бетховеннің рөлін сомдау мен үшін үлкен абырой болды. Дайындық барысында Бетховеннің өмір жолын біраз зерттедім. Өзім жартылай музыкантқа айналып, толық образға еніп, көрерменге композитордың кемеңгер шығармалары туралы айтып бере алдым деп ойлаймын. Мен бұл спектакльде Бетховеннің музыка әлеміндегі майталмандардың ішіндегі ғарышқа ең жақыны екенін жеткізуге тырыстым. Бетховен жан дүниесі кең, шығармашылық мұрасы бай адам болған, алайда ол дертке шалдыққандықтан, тағдыры қиын болды», дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан.
Сондай-ақ театрдың талантты әртістері өз партияларын жоғары деңгейде орындап, шеберліктерін барынша көрсетті. Әсіресе солистердің балетке екпін мен ырғақ қосқан актерлік ойындары керемет. Бетховен бейнесін Бақтияр Адамжан мен Арман Оразов тамаша алып шықты. Мәңгі өшпейтін махаббатты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева мен Мәдина Өнербаева сомдады. Эвтерпаны Әсел Шайкенова мен Cофия Әділханова ойнады. Сырқатты Серік Нақыспеков пен Сұлтанбек Ғұмар бейнеледі. Солистер бидің тілі арқылы таңдамалы па-де-де-ден бастап, жігерлі ансамбльдік нөмірлерге дейін хореографияның барлық ньюансын жеткізді. Труппаның ерекше харизмасы мен орындау шеберлігі композитор өмірінің әр сәтін маңызды ашып берді.
Тұжырып айтқанда, бұл қойылымда ұлы композитордың өмірі ғана баяндалған жоқ, сонымен бірге көрерменге өнердің өлмейтінін, музыканың мәңгілік екенін, оның ғасырдан-ғасырға жалғаса беретіні жайында астармен парасатты ой айтылды.