Бесқауға ауылында болған сұмдық оқиға ел-жұрттың қабырғасын қайыстырды. Өткен аптада із-түзсіз жоғалып кетті делінген 7 жастағы Милана Давыдованы өз анасы айуандықпен өлтіргені мәлім болды. Полиция бұл істің мән-жайын анықтап жатыр.
Екібастұздан 55 шақырым жерде орналасқан Бесқауға ауылында тұратын жеткіншектің жоғалғаны туралы хабар алғаш 17 қараша күні кешкілік полицияда тіркеледі. Милананың анасы ішкі істер органдарына өзі хабарласып, қызын іздеп табуды өтінген. Бұл күні тек Екібастұз аумағында ғана емес, тұтас облыста дабыл қағылып, полицияның жеке құрамы мен құтқарушылар іздеуге кірісті. Баланың жоғалғаны туралы ақпарат жергілікті чаттар арқылы тарап, іздеуге еріктілер мен жеке азаматтар да жұмылды. Олардың саны жексенбі күні 400 адамнан асқан.
Анасы полицейлерге айтқандай, ол балаларын жинап, алыс фермада мал бағып жүрген күйеуіне бармақшы болғанда Милана үйден қашып кеткен. Содан қызын жоғалтқан-мыс. Алайда тәртіп сақшылары мен еріктілер төңіректің бәрін түгел тінтіп, қарамаған жерлері жоқ. Әкесі Александр Колчин де бірдеңеден сезіктенді ме: «Қызымды жер жұтып кетпесе, осы уақытқа дейін табылатындай болды ғой. Қаншама адам көмектесуге келіп жатыр. Бәлкім әлдебіреулер ұрлап кеткен болар. Бұған дейін осындай қылық танытып, үйден кетіп қалғаны бар еді. Алайда дәл мұндай екі тәулік бойы жоғалып кетуі мүмкін емес», деген еді жексенбі күні таңертеңгілік.
Милананы іздестіру 3 тәулікке жуық жалғасты. Бірақ іздестіру топтары қызды табуға айғақ болатындай ештеңеге кезіге алмады. Ақыры полицейлер анасында бір гәптің барын сезді ме, оны қайта-қайта жауапқа тартқан. Жеткіншектің белгісіз себеппен жоғалып кетуінің мән-жайлары біртіндеп анықталып, оқиғаның желісі айқындала бастады. Нәтижесінде, анасы баласын өз қолымен өлтіргенін мойындады. Тәртіп сақшыларына берген жауабында ол қызын байқамай қатты соғып жібергенін, соның салдарынан бейкүнә жеткіншектің тіл тартпай кеткенін баяндаған. Ал ауылда тұратын танысы Милананың мүрдесін жасыруға көмектескен.
«Кәмелетке толмаған баланы өлтірді деген күдікпен полиция қызметкерлері қылмыстың ізін жасырған анасы мен оның танысын ұстады. Ұсталғандар қылмысын мойындады. Адам өлтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі негізінде сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оқиға орнында мамандандырылған топ жұмыс істеуде. Павлодар облысы полиция департаментінің, прокуратураның және өңір әкімдігінің басшылықтары бар», деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Жұрт арасында қазіргі уақытта Милананың анасына қатысты түрлі әңгіме желдей есіп тұр. Танитындар оның психикасында ақау бар, ондай болмағанда өз баласын өлтіруге бармас еді деп ақтауға тырысады. Енді біреулер қызы анасының әлдебір қылықтарын әкесіне айтуға талпынғаны үшін соққы алып, жантәсілім етті деп есептейді. Бауыр еті баласын өз қолымен өлтірді дегенге көп адамдардың сенгісі жоқ. Оқиғаның шынайы себеп-салдарын алдағы уақытта полицейлер анықтай жатар.
Милананы іздестіру іс-шараларына елмен бірге жұмылған облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай: «Болған оқиға қабырғамызды қайыстырды», дейді. «Бесқауға ауылына барып, кішкентай Милананы іздеу жұмыстарына шама-шарқымызша атсалысуға тырысқан едік. Амал нешік... Соңы қайғылы аяқталарын кім білген? Өкінішке қарай, қоғамда ішкілікке салынған, тұрмысы төмен отбасылар аз емес. Біз осындай жайсыз шаңырақтардағы балалардың болашағына мұқият болуымыз керек. Жергілікті атқарушы билік, жауапты мекемелер, мектеп, қоғам өкілдері тарапынан жан-жақты бақылауды күшейткен жөн. Облыс бойынша жайсыз ортада тәрбиеленіп жатқан балаларды анықтап, арнайы мониторинг жасалуға тиіс. Тұрмысы төмен отбасылардағы балалар мен олардың ата-аналарына қатысты да психологиялық көмекті күшейту қажет деп есептеймін. Қоғам болып осындай отбасыларға қолдау көрсетудің жолдарын қарастырған жөн», дейді ол.
Дүйсенбі күні Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Милананың өліміне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, биыл елімізде 25 бала көз жұмса, оның 6-ауы жақын адамдарының қолынан қаза тапқан. «Кісі қолынан мерт болған 7 жасар қыз табылды. Алдын ала болжам бойынша күдікті ретінде ұсталған баланың анасы кінәсін мойындады. Бұл отбасының өзге балалары арнайы орталыққа орналастырылады», деп мәлімдеді Д.Зәкиева. Ол мұндай ауыр зардаптар көбіне келеңсіздіктің, ішімдіктің, отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдарынан туындап жататынын айтады.
Павлодар облысы,
Екібастұз ауылдық аймағы