• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Қараша, 2023

Мүлікті сатып алу мен сату онлайн форматқа көшеді

176 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында темір­жол саласын одан әрі дамыту шара­лары қаралды. Сондай-ақ мем­лекеттік қызмет көрсету сапа­сын жақсарту мәселелері талқыланды.

Дарбаза-Мақтаарал теміржол құрылысы басталады

Көлік министрі Марат Қарабаев баян­дамасында 10 айда теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 246 млн тоннаға жеткенін айтты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда 3%-ға жоғары. Жыл со­ңына дейін бұл көрсеткіш 300 млн тон­наға дейін жетеді деген үміт бар. Қазіргі уақыт­та теміржол ел экономикасының экс­порт­тық бағыттағы қажеттіліктерін то­лық қамта­ма­сыз етеді. Жыл басынан бері экс­порт­тық тас­ымалдау 8,5%-ға артып, 70,7 млн тон­наға жет­ті. Транзиттік тасымалдар да бел­сенді қар­қынмен дамып келеді. 10 айдың қоры­тын­дысы бойынша транзиттік жүк тасымал­дау көлемі 19%-ға ұлғайып, 22,5 млн тоннаны құрады. Бұл ретте контейнерлік тасымалдар 15%-ға өскен. Есепті кезеңде жолаушылар тасымалының көлемі 2,5%-ға көбейіп, 16,6 мың жолаушыға дейін жетіп отыр.

Мемлекет басшысының тапсырма­ларын орындау шеңберінде қазіргі уақыт­та республиканың көлік-логисти­ка­лық әлеуетін одан әрі дамыту бойын­ша жұмыс­тар жүргізіліп жатыр. Бұл жаңа теміржол желілерін салуға және қолданыс­тағы­ларын жөндеуге, тораптық стансаларды жаңғыртуға, жылжымалы құрамды жаңар­туға, шекаралық бекеттердің өткізу қабілетін арттыруға қатысты. Мұндағы ең ірі жобалар – «Достық – Мойынты» (836 км), «Бақты – Аягөз» (272 км), «Дарбаза – Мақтаарал» (152 км) жаңа теміржол желілері және Алматы маңын айналып өтетін жол (73 км). Жалпы, 2029 жылға қарай Қазақстан арқылы транзиттік жүк тасымалдау көлемін 35 млн тоннаға дейін жеткізу, сондай-ақ жаңа жобаларды ескере отырып, отандық экономиканың қажет­тіліктерін толық қам­тамасыз ету жос­парланып отыр.

Премьер-министр теміржол көлік сала­сы­­ның және жалпы ел экономикасының кү­ре­та­­мыры екенін атап өтті. «Еліміз көпте­ген ха­лық­аралық бағыт тоғысатын, то­ғыз жол­дың торабында орналасқан. Азия мен Еу­ропа арасында еліміз арқылы өте­тін тран­зиттік тасымал көлемі жыл са­йын өсіп келеді. Қазақстан мен Қы­­­тай ара­­сындағы теміржолмен жүк тасы­мал­­­­дау өт­к­ен жылы 23 млн тоннадан асты. Биыл бұл көр­сеткіш тағы 22%-ға өсті», деді ол.

Оның айтуынша, жылдам өсіп келе жатқан жүк тасымалының әлеуетін ескере отырып, осы салада инфрақұрылымды дамы­ту және вагондар паркін жаңарту бағы­тында жоспарлы жұмыс жүргізу қажет. «Ол үшін алдағы 3 жылда жалпы ұзын­дығы 1 мың км-ден асатын жаңа темір­жол тармақтары салынатын болады. Бұл – «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Алма­ты айналма теміржол желісі». Осы ап­та­­да біз «Дарбаза – Мақтаарал» учаскесінің құры­­лысын бастаймыз» деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы жылжымалы құрамды жаңарту мақсатында 550-ден астам локомо­тив, сондай-ақ жолаушылар және жүк вагондары сатып алынатынын айтты. Соны­мен қатар жалпы ұзындығы шамамен 5 мың км құрайтын қолданыстағы магистрал­ды теміржол желілерін жаңғырту жүргі­зіліп жатыр. Сондай-ақ бүгінде жылжымалы құрам мен магистральдық желілердің тозу деңгейі шамамен 60%-ға жетіп отыр. Мұ­ның бәрі пойыздардың жүрісі мен темір­жолдың өткізу қабілетіне кедергі келті­реді. «Шекарада жүктердің рәсім­делуіне қатыс­ты проблемалар бар. Ол тран­зит, экс­порт және импорт көлеміне әсер етеді. Сон­дықтан бизнес үшін құжаттарды барынша жылдам қарап, дайындап беретін «бір терезе» жүйесін құру қажет. Барлық қыз­мет­тер жедел әрі бір мезетте, яғни синхрон­ды түрде жұмыс істеуге тиіс», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, тұрғындар тарапынан ҚТЖ қызметіне қатысты көп шағым бар. «Бұл – пойыздардың үнемі кешігіп келуі, сервистің нашарлығы, ескірген вагон­­дарға қатысты. Ал бизнес болса вагон­­дардың уақытында берілмеуін, ұзын­нан-ұзақ келісу рәсімдерін айтып, шағым­данады. Осының барлығы бүкіл эконо­ми­каның дамуына кері ықпал етеді», деп атап өткен ол, теміржол саласында маши­на жасау, рельс өнімдеріне және түрлі жаб­дықтарға деген сұраныс үнемі жоға­­ры екендігіне тоқталды. Өкініштісі, отан­­дық өндірушілер бұл сұранысты қанағат­­тандыра алмай келеді. Дегенмен респуб­ликада қызметі теміржолмен байланыс­ты көптеген маңызды кәсіпорын бар. «Отан­дық кәсіпорындар өндірісті кеңейтіп, қосым­ша жұмыс орындарын құруына, отан­дық экономиканың өсуін қамтамасыз етуіне болатын еді», деді Ә.Смайылов.

Сөйтіп, Көлік, Қаржы, Ауыл шаруашы­­лығы министрліктеріне, Шекара қызметі, «Қазақстан темір жолы» және «Самұрық-Қазына» қорына жыл соңына дейін жүктерді рәсімдеуді оңайлату мәселесін пысықтауды тапсырды. «Қарау мерзімі кем дегенде 2 есе қысқаруға тиіс»,  деді ол.

Сонымен қатар жылжымалы құрамды жаңарту және 2029 жылға қарай тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету жөнін­дегі жұмысты жандандыру, сондай-ақ темір­жол саласының қажеттіліктері негізін­де отандық өндірісті дамыту жоспарын әзірлеу қажеттігін қадап айтты. «Қазақ­стан темір жолын» трансформациялау кезін­­де сервистің сапасын арттыру мен қыз­мет­тердің уақытылы көрсетілуін компания жұмысының басымдықтары ретінде айқын­дауы қажет», деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ көлік саласының техникалық мамандықтары бойынша қосымша гранттар бөлу мүмкіндігін пысықтауды және Көлік және логистиканы дамыту институтын құру мәселесін қарауды тапсырды.

 

Құжаттарды алу мен беру жылдамдайды 

Үкімет отырысында мемлекеттік қыз­мет көрсету сапасын жақсарту жайы да қаралды. Онда Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Бағдат Мусин бүгінгі таңда мемле­кеттік қызметтердің шамамен 93%-ы электронды түрде көрсетілетінін айтты. Өткен жыл­мен салыстырғанда смартфон арқылы көр­сетілетін қызметтер саны 6 есеге өсіпті. Оған қоса азаматтардың мемлекеттік орган­дарға жүгінуін қажет етпейтін проак­тивті қызметтерді енгізу жалғасып келеді. Қазіргі уақытта олардың саны 40-қа жеткен. Барлығы 2 млн-нан астам қызмет көрсетіліпті. Бұл бағыттағы жұмыс азаматтардан жасақталған фокус-топтардың қатысуымен жалғасып жатыр екен.

Министр бұған дейін азаматтарға жыл сайын 50 млн-ға жуық қағаз анықтама ұсыну қажет болғанын айтты. Алайда заманауи технологиялар арқылы бұл үрдісті цифрлық форматқа ауыстыру мүмкін болды. Оған қоса жұмыс берушілер мен мек­теп­тердің бұрынғыша анықтамаларды талап ету фактілері бар. Бұл мәселені келер жылы толығымен шешу жоспарланған. Десе де, бүгінде азаматтар жаңа цифр­лық сервистерді жиі қолданатыны атап өтілді. Олардың қатарында электрондық сенімхаттар беру, автокөлікті онлайн сатып алу-сату, ипотеканы онлайн рәсімдеу және т.б. қызметтер тұр. Келесі жылы зейнетақы тағайындау үрдісі өзгереді. Ол мүлде жаңа форматта жүретін болады. Жұмысқа тұру, интернет қосу, декларация тапсыру, балабақша кезегі кезінде талап етілетін анықтамалардың 12 түрін жою бойынша жобалар әзірленіп жатыр.

Отырыс барысында жылжымайтын мүлік бойынша онлайн мәмілелер платформасы таныстырылды. Мәселен, жылжымайтын мүлік – үйді, пәтерді немесе кеңсені сатып алу немесе сату кезінде бұрынғыдай нотариусқа немесе ХҚКО-ға жүгінудің қажеті болмайды. Мұндай онлайн-сервис «Blockchain» технологияларын және биометриялық сәйкестендіруді пайдалана отырып ұсынылатын болады. Әр нысан бойынша жасалатын барлық іс-әрекеттер мен бейнематериалдар «электрондық үкіметте» сақталады. Осылайша, бірнеше күнге созылатын үдеріс 1 сағатқа дейін қысқарады. Тағы бір жоба – «I-Qala» таныс­тырылды. Жаңа пәтер алған азамат су, жылуды, т.б. қосуға келісімшарттар жасау үшін коммуналдық қызметтерге баруға мәжбүр. Мұндай ауыртпалыққа жыл сайын 700 мыңнан астам адам тап болады. Оны шешуге азаматтар 30 күнге дейін уақыт жұмсаған. Енді оған да лайықты жаңа формат енгізіліп жатыр. Пәтер иесіне тиісті SMS жіберіліп, коммуналдық шарт онлайн режімде жасалады. Нәтижесінде, тиісті компанияларға бару қажеттігі жойылды. Қазір елордада осылай 80 мыңнан астам шарт жасалды. Бұл сервис Алматыда да іске қосылып жатыр. Осындай жұмыс басқа өңірлерде де жүргізіледі.

Бүгінде мемлекеттік қызметтердің көбі электрондық форматта қолжетімді. Оларды смартфондағы қосымшалардың көмегімен алуға болады. «Электрондық мемлекеттік қызмет көрсету – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудың маңызды факторы. Үдерістерді цифрландыру мемлекеттік органдарға өтініш беру, анықтамалар алу сияқты қағазбастылықты барынша азайту­ға мүмкіндік берді. Бұл – дебюрократизация ғана емес, сондай-ақ азаматтардың уақы­тын үнемдеу», деді Ә.Смайылов.

Премьердің пікірінше, қабылданған шаралар онлайн қызметтер көрсету бойынша БҰҰ рейтингінде еліміздің 8-орынға көтері­луіне себепші болды. Бұл – үлкен жетіс­тік. Көрсетілетін қызметтер сервисінің дең­гейін үнемі арттыру, әсіресе Халыққа қыз­мет көрсету орталықтарына қатысты. Үкі­мет басшысы көрсетілетін қызметтерді авто­мат­тандыру тұрғысынан «Азаматтарға арнал­ған үкімет» мемлекеттік корпорациясы офлайн-сервистің толыққанды драй­веріне айналуға тиіс екенін айтты. «Мем­лекет басшысы атап өткендей, адамның бүкіл өмірін қамти отырып, проактивті қызмет көрсету қажет. Ол үшін бизнес-үдерістердің реинжинирингі жүргізіліп жатыр. Қажетті ақпараттар деректер базасында болған кезде өтініштер мен растайтын құжаттарды жинау тәжірибесінен алшақтауымыз қажет», деді Ә.Смайылов.

Мемлекеттік орган қызметтері «әдепкі қалпы бойынша» көрсетілетін тәсілдерді енгізуге тиіс. «Smart Data Ukimet» платфор­масында іске асырылған «Отбасының цифр­лық картасы» жобасын осындай мысал­дардың бірі ретінде атап өтуге болады. Әйтсе де, «Электрондық үкімет» порталында білім туралы құжаттарды тану, тұрғын үй көмегін тағайындау, жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту сияқты қызметтердің 22 түрін алуға әлі мүмкіндік жоқ. «Адамдар мәліметтер дұрыс емес деп шағымданады. Биылғы 10 айда мәлімет түзетуге 56 мыңнан астам өтінім түскен. Бұл түрлі дерекқорларды біріктіріп, ақпаратты цифрландырған кезде жұмыстың сапасыз болғанын көрсетеді», деді Үкімет басшысы.

ХҚКО-ға келушілер ұзын-сонар кезекке және ғимараттарда қолайлы жағдай­лардың болмауына наразы. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар арнайы пандустар мен көтер­гіш­тер­дің жоқтығынан кейбір ХҚКО-ға кіре алм­айды. «Бірыңғай байланыс орталығына қоңы­рау шалу өте қиын. Лицензиялар мен рұқ­­саттар алуға өтініш беру күрделі. Аза­мат­­тар консалтингтік компаниялар мен жеке тұл­ғаларға жүгінуге мәжбүр. Атал­ған жайт­тар атқарылып жатқан жұмыс­тың тиім­­ділі­гін төмендетіп жібереді. Сондық­тан шағым­дар мен ұсыныстарды бірден назар­ға алып, шұғыл шаралар қабылдау қажет», де­ген Үкімет басшысы, 2024 жыл­ғы наурыз айы­ның соңына дейін электрон­дық түрде болады деп мәлімделген мемлекет­тік қыз­мет­тердің қалған түрлерін автоматтандыру­ды, жүйелі түрде проактивті көрсетілетін қыз­­мет­тер тізбесін кеңейтіп тұруды тапсырды.

«Әрбір мемлекеттік қызметтің нақты жай-күйін тұрақты тексеріп тұру қажет. Оның оңай алынуына, деректердің дұрыс­тығы­на және олардың қауіпсіз сақта­луы­на ерекше назар аудару керек. Жалпы, халық­­тан сұралатын құжаттардың тізбесін оңтай­ландыру қажет», деді Ә.Смайылов.

Премьер-министр бизнес пен азамат­тарға, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға сапалы және уақытылы қызмет көрсетуге басымдық берілуге тиіс екенін тағы бір мәрте шегелеп тұрып айтты.