Қостанай облысына жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Рудный қаласына барып, бірнеше кәсіпорынды аралады. Одан кейін өңірдің өндірістік кәсіпорындарының жұмысшыларымен кездесті. «Горняк» мәдениет үйінде өткен жиынға «Сарыбай-Соколов» кен байыту бірлестігі, «Краснооктябрск боксит кені басқармасы», «Қостанай минералдары», «Агромашхолдинг», «Варваринское», «Өркен» «СарыарқаАвтоПром», «Комаров тау-кен кәсіпорны» секілді ірі өндіріс орындарының жұмысшылары мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ ұзақ жыл бойы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жүрген азаматтарға жаңа әлеуметтік төлем енгізудің жолдары туралы сөз болды. Министрдің айтуынша, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды жұмыс орындарында еңбек етіп жүрген азаматтарға 55 жастан зейнет жасына толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем енгізілетін болады.
«Президенттің тікелей тапсырмасымен министрлік бірнеше заңға түзету енгізу туралы жоба әзірледі. Бұл түзетулер зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру мақсатында енгізіледі. Аталған заң жобасы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мақұлданып, Сенат қарауына жіберілді. Аталған әлеуметтік төлем төрт қаражат көзінен жүргізіледі. Республикалық бюджеттен екі ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде – 86 814 теңге төленеді. Жұмыс беруші 43 407 теңге төлейді. Оған қоса өмірді сақтандыру қоры мен міндетті зейнет жарналары есебінен 43 407 теңгеден төленеді. Жалпы, төлемнің көлемі 200 мың теңгеден асады. Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді», деді Светлана Жақыпова.
«Кездесуге қатысушылар жаңа әлеуметтік төлем кімдерге, қандай жағдайда тағайындалады? Бұл басқа әлеуметтік төлемдерге әсер етпей ме? Жұмыс берушілердің жарнасы зейнетақы қорына не өзгеріс әкеледі?» деген сияқты сұрақтар қойды. Әр сауалға жан-жақты, тиянақты жауап берілді. Кездесуден кейін министр жеке басындағы мәселелер бойынша жолыққысы келген бірнеше азаматты қабылдады.
Қостанай облысы