Ертіс-Баян өңірінің автокөлік жолдары уақыт санап сапа тұрғысынан жақсарып келе жатқанымен, бұл салада қордаланған проблема баршылық. Әсіресе жаңадан төселген асфальт жабынын күтіп ұстау мен бақылау мәселелері кемшін.
Жол жобаларында белгілі бір учаскені жөндеу барысында келесі бөлікке түсетін көлік жүктемесі есепке енбейді. Осының салдарынан бүгінде жөндегенімізден бүлдіріп жатқанымыз көп.
Өзге өңірлерден келген жолаушылар Павлодар облысының жолдарын көбіне мақтап жатады. Себебі мұндағы республикалық маңызы бар жолдардың 97 пайызы нормативтік жағдайда болса, жергілікті желі бойынша бұл көрсеткіш 91 пайызға жетеді. Ал жол сапасы бойынша Павлодар облысы республикада алғашқы үштікке енеді. «Астана – Павлодар» бағытындағы автобан мен Семейге апаратын үлкен тасжолдардың игілігін жұртшылық молынан пайдаланып отыр.
Дейтұрғанмен, қордаланған мәселелер облыс орталығынан қашықта салынған немесе жөндеу жүргізіліп жатқан жолдарға қатысты. Мысал ретінде «Қалқаман – Майқайың – Баянауыл – Ботақара» бағытындағы республикалық тасжолдың 101-105 шақырымын алайық. Бұл жолдың бөлігі қазынадан ақша қарпудың тірлігіне айналғаны көпшіліктің ашу-ызасын тудырып тұр. Құрылысы сағызша созылып, жұртты ығыр етті. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші, әуелден-ақ конкурста ұтып, ақшаның астында қалуды ғана ойлаған мердігер фирма – «Ақмола құрылыс материалдары» ЖШС-ында ұят түгіл, ынсап жоқ екен.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағанын кеш ұғынған кәсіпорын осыдан екі жыл бұрын бел ортаға жете бергенде жұмысты тастай қашты. Сөйтіп, мердігердің жауапсыздығы жергілікті халықтың сорына айналды. Көктемде Ащысу өзені тасығанда республикалық жолдың Бірлік пен Ақмектеп ауылдары тұсындағы учаскелерін су шайып, көлік қатынасында қиындық туындайды. Бұл мәселе сонау 90-жылдардан бері жалғасып келе жатқаны да мәлім. Абырой болғанда бұған дейін Бірлік ауылы маңындағы үлкен көпір жаңартылып, ағып келген судың жолын бөгейтін арнайы құрылыстар салынды. Одан соң жол саласына жауаптылар ендігі басты мәселеміз жоғарыда айтқан 101-105 шақырым учаскесі болсын деп ант-су ішкен. Бұл аумақ жер жағдайы бойынша төмен орналасқан. Зор екпінмен келетін қызыл су бұрынғы жылдары асфальт жолдың астына салынған құбырлармен ағып үлгермей, жолды жырып кететін. Ол жерді «ҚазАвтоЖол» жылдар бойы жамап-жасқағаннан басқа түк бітірмеді. Жергілікті жұрт айтып жүргендей, проблемалы учаске жемқорлар үшін қазынадан ақша ұрлаудың тірлігіне айналды. Айтыла-айтыла жауыр болған мәселе бойынша кейіннен тиісті шешім шығарылып, әлгі жерге биіктетілген көпір салына бастаған еді. Алайда жаңа көпірдің құрылысын әлдекімдер әдейі бөгеп келгендей әсер қалдырады. Оның құрылысы да биылғы қараша айында толық тапсырылуы керек-тін. Алайда ол жайында әзірше ресми хабар жоқ. «ҚазАвтоЖол» АҚ былтыр қыркүйекте «ҚазГерСервис» ЖШС-мен құрылысты жалғастыру бойынша шарт жасасқан еді. Құны 2 млрд 400 млн теңгеге бағаланған көпір жобасы шындап келгенде республикалық жолдың сорына айналды. Себебі кейінгі екі жылда әлгі жолдың Шөптікөл ауылы тұсынан көпірге дейінгі аралығын қиыршық тас пен өзге де құрылыс материалдарын тиеген жүк көліктері быт-шыт қылып бұзды. Яғни небәрі 4 шақырымдық жолды жөндеу үшін бақандай 25 шақырымға жуық асфальт жабыны тас-талқан болды. Осыдан 4-5 жыл бұрын ғана күрделі жөндеуден өткен жол деуге ауыз бармайды. Ал бұл бағыттағы күре жол туристік Баянауылға апаратын жалғыз бағыт екенін ескерсек, өңірдің туристік әлеуетіне үлкен нұқсан келіп отырғанын шамалай беруге болар.
«Әділдік жолы» РҚБ Павлодар облыстық филиалының жетекшісі Нұргүл Қайырденова жол саласының жобаларын әзірлейтін мемлекеттік компаниялар арнайы сметада қолданыстағы көлік жолына түсетін ауырлықты есептемейтінін айтады. Яғни жолдың белгілі бір бөлігін жөндегенде келесі бөлігі ауыр жүк көліктерінің «құрбаны» болады. Екіншіден, құрылыс компанияларының әлгіндей материал таситын көліктерін бақылап, жүкті шамадан тыс тиеуге рұқсат бермейтін құзырлы органдар да осалдық танытып отырғандай.
– Баянауылға апаратын тасжолдың мәселесі жылдар бойы сағызша созылып келе жатқаны көңілімізден шықпайтыны рас. Мердігерлер бір жағын жөндеп жатса, келесі жағы әп сәтте бүлініп қалады. Ол аумақта көмір кеніштері, қиыршық тас зауыттары орналасқанын, көлік қарқыны жоғары екенін ұмытпауға тиіспіз. Бұл мәселені реттейтін заң нормативтері жоқ көрінеді. Екіншіден, мемлекеттік сатып алу тендерлерін өткізгенде оның уақытына назар аударылмайды. Логикалық тұрғыға салсақ, біздің облыстағы климаттық жағдайларға байланысты жол жөндеу жұмыстары әрі кетсе қыркүйек айының соңында аяқталуы керек. Әрі қарай суық түседі, ал ол құрылыстың сапасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан жөндеу жұмыстарын жаздың ортасында емес, көктемде бастап кеткен абзал. Бұл үшін қаңтар айында тендер ойнатып, ақпанда мердігер барлық қажеттіліктерін әзірлеп, дайын отыруы керек. Үшіншіден, жолдардың кепілдік мерзімі ұзаруға тиіс деп ойлаймын, – дейді Н.Қайырденова.
Жергілікті көлік бақылау инспекциясының материалдық ресурсы өте әлсіз. Инспекцияның бөлім басшысы Далам Щегловтың ақпарынша, қазіргі уақытта мекемеде жүк көліктерін бақылауға арналған небәрі 3 арнайы көлік бар. Штатта 26 адам болса, олар тек автокөлік жолдарын емес, теміржол, су жолдарын бақылайтынын естен шығармаған жөн. Сондықтан техникамен қатар адам күші де жетіспейді деп қынжылды ол. Әлгіндей жүк көліктері жиі жүретін учаскелерге инспекция мамандары айына бір-екі мәрте рейд жасап қана қайтатын көрінеді. Одан өзгеге шама-шарқымыз жетпейді деп мойындады.
Өңірлік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшының міндетін атқарушы Инна Бейм биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу мен жаңартуға 26,8 млрд теңге бөлінгенін, жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 722 км жол жөнделуге тиіс екенін жеткізді. Жалпы саны 143 жобаның дені аудандық маңызы бар жолдарды жамап-жасқау мен елді мекендердің көшелерін асфальттауға бағытталыпты. Бұл тұрғыда биыл Екібастұзға қарайтын Ақкөл ауылына, Баянауылдың Аймауытов, Ұзынбұлақ, Жұмат Шанин ауылдарына апаратын жолдарға алғаш рет асфальт төселгенін айтып өтейік. Жиырмадан аса ауылдың кірме жолдары, көптеген кенттің ішкі жолдары талапқа сай етілді. Алайда кейбір тұста мердігерлердің жауапсыздықтары тағы да бой көрсетіп қалды. Жергілікті қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтардың араласуымен бірқатар кемшілік уақтылы жойылғанына куә болдық. Соның ішінде Жұмат Шанин ауылындағы тасжолдың былтыр салынған асфальты жол төсеуші компанияға тиесілі жүк көліктерінің салмағынан бұзыла бастады. Абырой болғанда мердігер асфальт жабындарын қалпына келтірді. Елді мекеннің жолын жөндеу жобасы тек келер жылы аяқталатынын ескерсек, биылғы жағдай қайталанбас үшін құзырлы органдар алда оның сапасын қадағалауға алуға тиіс деп ойлаймыз. Тағы бір кемшілік, Павлодар ауданының Маралды ауылынан анықталды. Асфальтты дұрыс төсемеген мердігер жол сапасы ұлттық орталығының нұсқауымен оны өз қаржысына қайта салып шықты.
Жалпы, жол құрылысының сапасын бақылайтын бірден-бір мемлекеттік мекеме – «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» кейінгі жылдары өңірдегі жол сапасының артуына елеулі үлес қосып отыр деп айтуға болады. Орталықтың өңірлік филиалы аттестатталған, стационарлық сынақ зертханасы бірнеше бөлімнен тұрады. Мұндағы мамандар жол-құрылыс материалдарының барлығына сынақ жүргізе алады. Сапаны 150 түрлі көрсеткішпен шамалайды. Биыл облыс аумағында жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайтын жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеу және қайта жаңарту бойынша 140 жоба жүзеге асырылған. Мекеме мамандары жыл басынан аталған жобалардың сапасын тексере келе 316 ақауды анықтапты. Оның ішінде 173-і тым өрескел деп танылған.
– Мамандарымыз республикалық жолдарға пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарынан 223 сынама алып, зертханада тексеріп көрді. Нәтижесінде, 92 сынаманың стандарттарға сай емес екені анықталды. 243 ақау анықталса, 107-сін әлі күнге жойылмаған деп есептейміз. Аудандық маңызы бар жолдарда 95 рет тексеріс жүргізілді, оның барысында 350 сынама іріктеліп, жол зертханасында сынақтан өтті. 32 үлгі нормаға келмей, одан 22 ақау анықталды. Біздің филиал анықтаған ақаулар мен кемшіліктер бойынша мердігерлер өз есебінен 60,1 млн теңгеден асатын жұмыстарды қайта атқарып шықты. Филиал қызметкерлері әрқашан жол төсемінің стандарттарға сәйкес келуін қатаң бақылайды. Жол құрылысындағы сапасыздыққа көбіне мамандардың біліксіздігі себеп болатынын айту керек. Жолдың жобалық сметасынан бастап соңғы нәтижесіне дейінгі процедуралар, атқарылатын шаруалар арнайы мамандардың жетекшілігімен жүзеге асуы керек. Алайда кейбір құрылыс компанияларында кадр жетіспеушілігі қалыптасып отыр. Сосын жол құрамындағы материалдардың сапасы дұрыс болуы керек. Қыста мүлде жол құрылысын жүргізуге болмайды. Асфальт 5 градустан төмен температурада төселмейді. Жол қауіпсіздігіне әсер ететін кемшіліктердің барлығы жолаушылар үшін қауіпті екенін ұмытпайық. Асфальтбетон жабынының бұзылуы, ойықтар, жол белгілерінің болмауы сияқты жиі кездесетін олқылықтар қауіпсіздіктің негізгі факторлары ғой. Сондықтан осының барлығын мердігерлер өз жауапкершілігіне алуы керек. Мысал үшін қыста «Павлодар – Астана» автобаны ең қауіпті жолға айналатынын көріп жүрміз. Оның жабыны цемент-бетонды. Кедір-бұдыры аз мұндай жолда мұз тез қатып, көлік дөңгелегінің ілінісу коэффициентін тым төмендетіп жібереді. Салдарынан қаншама жол-көлік апаттары орын алады. Автобанды күтіп ұстауға жауапты компаниялар көктайғаққа қарсы материалдарды уақтылы әрі сапалы түрде сепсе дейміз, – дейді орталықтың өңірлік филиалының директоры Ерлан Қалымов.
Атап өтерлігі, бұл ұйым мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуге бағытталған «2000 мектеп» акциясын ұйымдастырды. Кейінгі төрт жыл ішінде 15 мыңнан аса оқушыны қамтыған үгіт-насихаттық дәрістер өткізген. Ал кәсіпорынның зертханасында 16 студент өндірістік тәжірибеден өтіп, оның үшеуі дипломдарын алғаннан кейін орталыққа жұмысқа орналасқан. Еңбек нарығы тез өзгеретінін ескерсек, жол құрылысы саласына да жаһандық трендке ие жаңа мамандық иелері қажет. 10 жыл бұрын өзекті болған кейбір мамандықтар бүгінде сұраныстан шығып қалған.
Жол саласы мамандарының сөзіне сүйенсек, көлік жолының жағдайы тек жүріс жолағының жай-күйімен емес, оған қатысты барлық инфрақұрылымның сапасымен бағаланады. Жол – кез келген көліктің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететін күрделі жүйе. Жолдарымыз қауіпсіз әрі сапалы болуы үшін заманға сай стандарттардың барлығы енгізілуі керек. Ал бұл тарапта тек мердігерлердің жауапкершілігін ғана емес, жол саласын бақылайтын құзырлы органдардың пәрменін де күшейту қажет.
Павлодар облысы