Өскеменде Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада ұлттық ойындар заман талабына сай цифрлық әдіспен түсіндіріліп, насихатталып жатыр.
Ұлттық ойындар челленджіне орай ұйымдастырылған шарада оқушылар VR-көзілдіріктің көмегімен асық атып, 3D принтер арқылы сақа жасады.
Оқу-ағарту министрлігінің 17 қарашада еліміздің барлық мектебінде бір мезгілде ұлттық ойындардан жарыс өткізу туралы хабарландыруына байланысты кітапхана ұжымы аталған күнді заман талабына сай ұйымдастыруды жөн көрген.
– Қазақтың ұлттық ойындарынан аларымыз көп. Асық атудан бастап бестас сынды ойындарымыз бүгінгі қоғамға өте керек деп ойлаймын. Себебі қазіргі балаларға бұл ойындардың берері мол. Көшпелі халқымыз ойын арқылы баланың дамуына, ой өрісінің кеңеюіне ықпал ете білген. Мысалға, бестасты алып қарасақ, ол баланы ептілікке, ұшқырлыққа баулиды. Жылдам шешім қабылдап, ұтқыр болуға үйретеді. Тіпті бала тілінің жетілуі де осы ойынға байланысты, – дейді кітапхана қызметкері Айдариға Әшірап.
Іс-шара барысында оқушыларға ұлттық құндылықтарымыз бен ұлттық ойындарымыз дәріптеліп, бестас, тоғызқұмалақ, асық атудан ойын өтті. Заманауи технологиямен жабдықталған киіз үйде балдырғандар VR көзілдірік көмегімен көшпенділер өміріне саяхаттап, ұлттық ойынымыз асық атуды онлайн режімде де ойнап көрді. Ұлттық ойынға Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмаз Болатұлы да қатысып, бестастан бағын сынап көрді. Асыр сала ойнап жүрген балаларға сәттілік тіледі.
Өскемен