Биыл Қазақстан экономикасының өсімі айтарлықтай орнықты қалыптасты. Жыл қорытындысы бойынша өсім көрсеткіші – 4,8 пайыз. Бұл – Халықаралық валюта қорының Қазақстандағы миссиясының басшысы Николя Бланшенің берген бағасы және өсімге қатысты ХВҚ болжамы. Ол Украинадағы соғыстың қайталама салдары ел экономикасына шектеулі әсерін тигізді деп санайтынын да айтты.
ХВҚ болжамы бойынша, келесі жылы Қазақстан экономикасының өсімі әлдеқайда қалыпты, яғни 3-3,5 пайыз деңгейінде болады. Мұнайды шетке ысырып қойғанда, өзге секторлардың жалпы өсімге қосар үлесі жоғарыда көрсетілген қалыпта болмақ. Оның айтуынша, белгілі бір деңгейде экономикалық өсім бойынша оптимистік жорамал жасауға да болады. Алайда бұл үшін мейлінше жылдамдатылған реформа қажет дейді.
«Цифрлар биылға қарағанда төмендеу қалыптасады. Мұның басты себебінің бірі – Теңіз кен орнын кеңейту жобасын жүзеге асыруға байланысты туындап отырған тежелу салдарынан мұнай өндірісі көлемінің төмендеп кетуі. Жалпы, ел экономикасы үшін басты тәуекелдер қатарында мұнай өндірісі көлемінің қысқаруы бар. Сонымен бірге жаһандық жағдайлар, сауда серіктестері, мұнайдың экспорттық жеткізілімі тарапынан туындайтын қиындықтар да бар. Бәрінен бұрын Украинадағы соғыстың қайталама салдары және санкция салқыны қатты әсер етуі мүмкін», деді Н.Бланше.
Сарапшы сөзінше, ақпан айында 21 пайызға дейін шарықтап кеткен инфляция деңгейі төмендейді.
«Қазір ол 11 пайыздан төмен болып тұр. Жыл соңындағы ресми болжанған деңгейден сәл-пәл ғана жоғары тұруы мүмкін. Қалай болғанда да инфляция 5 пайыздық мақсатты көрсеткіштен жоғары сақталады. Бұл бірінші кезекте тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бойынша тарифтердің өсуіне және энергетикалық ресурстардың қымбаттауына байланысты. Бұл факторлар инфляцияның әлі де жоғары күйде сақталуына әсер етуі ықтимал» дейді.
ХВҚ өкілдері банк секторының тәуекелдері туралы да сөз етті. Ақша-несие саясаты жүйесі және капитал нарығы департаментінің аға экономисті Пьерпаоло Гриппаның айтуынша, климаттық тәуекелдерді талдау көрсетіп отырғандай, Қазақстанның банк жүйесі ішкі және сыртқы тәуекелдерге ұшыраған.
«Бұл, әсіресе жылдам декарбонизация (төмен көміртекті «жасыл» экономиканы қалыптастыру) сценарийі шеңберінде тиісті шараларды жеделдетуге қатысты. Біз банк жүйесі үшін шығындар 5-7 жылдық жоспарлау көкжиегінде 30 пайыздан жоғары болуы мүмкін деп есептейміз. Сондықтан қиын күндерге қазірден даярлық жасау керек. Әрине қандай да бір қиын ахуал міндетті түрде туындайды деп айта алмаймыз, дегенмен ондай жағдайдың болуын да жоққа шығармаймыз. Билік бұған дайын болуға тиіс. Әйткенмен жалпы банк жүйесін орнықты деп бағалауға негіз бар. Көптеген банкте капитал және өтімділік бойынша буферлік қор адекватты деңгейде. Біз тестілеп отырған төтенше дағдарыс сценарийінде орнықтылықтың қанағаттанарлық деңгейіне жету үшін мүмкін кейбір банктерге қосымша резервтер қалыптастыру керек шығар», дейді аға экономист.
Халықаралық валюта қоры Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қаражатын пайдалану бастамасын да бағалады.
«Зейнетақы қоры қаражатын инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция етіп беру туралы шешімді білеміз. Біздіңше, инфрақұрылымға бюджет қаражатын жұмсаған тиімдірек болмақ. Зейнетақы қоры есебінен қаржыландыру – жақсы тәсіл емес», дейді миссия басшысы Н.Бланше.
Қор еліміздегі жоғары салық мөлшерлемесіне де қолдау білдіретіндерін жеткізді. Н.Бланше мырза 2025 жылдан бастап енгізілгелі отырған, жаңа салық кодексін әзірлеу барысында көтерілгелі жатқан салық мөлшерлемесі жоспарын қолдаймыз дейді.
«Біз елде жүргізіліп жатқан реформаларды қолдаймыз және оған техникалық көмек ұсынуға дайынбыз. Қосымша құн салығы мөлшерлемесінің 16 пайызға дейін жоғарылауы басқа елдермен салыстыратын болсақ, онша жоғары емес және мұндай жағдайда салықтық кірістер, әсіресе мұнайлық емес салық табысы көбеюі мүмкін», дейді ол.
Олар жеке табыс салығының қос сатылы жүйесіне қатысты да осындай ұстанымда екен. Қазіргі тәртіп бойынша жылдық табысы 40 млн теңгеден аз азаматтар үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесі 10 пайыз деңгейінде сақталады, ал кірісі 40 млн теңгеден асатын азаматтар 15 пайыз салық төлейді.
«Салық кодексінің жаңаруына қатысты басқа да элементтерді қолдаймыз, негізінен жеке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу бойынша корпорация кірісіне салық салу бойынша үкіметке бірыңғай мөлшерлеме ұсынамыз. Сонымен қатар ХВҚ салық жеңілдіктерін алып тастау ұсынысын да қолдайды. Өйткені олар экономикада бұрмаланушылық тудырады. Біз әр кез салық жеңілдігінің қарапайым болуына қолдау білдіреміз», деді.
ХВҚ 2022 жылдың соңынан бері жүргізіліп жатқан зерделі ақша-кредит саясаты мен оған тұспа-тұс келген әлемдік азық-түлік бағасының төмендеуі баға қысымын едәуір жеңілдетті деп санайды. Қысқамерзімді перспективадағы белгісіздік, жанар-жағармай мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтерінің бағасы өсіп, инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде сақталып келгенін ескере келе, ХВҚ ақша-кредит саясатын іске асыруда байыптылық ұстанымын сақтауды ұсынып, мерзімінен бұрын босаңсытудың тәуекелдер туғызатынын баса айтты.