• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қараша, 2023

Ақсу қант зауыты қайта ашылды

240 рет
көрсетілді

«Ақсу қант» ЖШС ұзақ уақыт кідірістен кейін қай­та жұмысын бастады. Өңір­дегі ірі өндіріс орны маңай­дағы шаруалардың өні­мін қабылдап, қант шыға­рудың қамына кірісті. Енді тәттіні қамыстан ғана емес, қызылшадан да өңдейді. Қазір зауыттың кем-кеті­гі қалпына келтіріліп, байыр­ғыдай қауырт жұмыстың қамына кіріскен. Биыл Көксу қант зауытынан кем нәтиже көрсетпейміз деп отыр.

Былтыр Мемлекет басшысы осы тәтті түбір алқабын кеңейтуді тапсырған еді. Сондай-ақ қант қызылшасын қайта өңдейтін кәсіп­орындарды толыққанды іске қосу туралы тапсырма да берген болатын. Ақсу зауытының жұмысы әртүрлі тех­никалық кедергі кесірінен өнбеді. Жақын маңдағы шаруалар тонналаған шикізатын алыстағы Көксуға тасуға мәжбүр болған. Бұдан бұлай бұл бейнет қайталанбайды. Зауыт басшысы Самат Нәдірбаев кәсіпорынның қайта іске қосылуына қолдау біл­дірген облыс басшысы Бейбіт Иса­баевқа алғысын жеткізді.

«Цехтың барлығы толыққанды істеп тұр. Маусымда 120 мың тонна тәтті түбір келеді деп күтіп отырмыз. Одан басқа 3 мың тонна қант құрағы бар. Соның нәтижесінде жылына 13-14 мың тонна қант шығарамыз деген үміт бар. Қазір шаруалар қызу жұмыста. Өңірдің абыройы үшін жанын салып еңбек етіп жатыр», дейді зауыт басшысы.

180 ірілі-ұсақты шаруашылықпен келісімшарт жасасқан зауытқа жиын-­терім науқанында ауа райы­ның жайлы болып тұруына байланыс­ты өнім уақытында жеткізіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, бірқалып­ты ауа райында тәтті түбір қамбада жақсы сақталады. Егер күн бірде ысып, бірде суыса, түбір солып кетеді. Сондықтан диқандар үшін күзгі ауа райы жайлылық тудырады.

Бүгінде аталған кәсіпорын 85 мың тонна қант қызылшасын өңдеді. Жыл соңына дейін 125 мың тонна тәтті түбір өңделеді деген жоспарлары бар. «Ақсу қант» зауытына Алакөл, Сарқан, Көксу аудандарынан тәтті түбір тасымалданады. Тәтті түбірді шалғайдан тасы­малдаушыларға жолақы төлене­ді. Жалпы, зауыт 450 мың тонна қызылша өңдеуге есептелген. Зауыт­ты қайта қалпына келтіруге биыл бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлініп, қажетті материалдар сатып алынды.

Биыл қант қызылшасының бір тоннасының бағасы 40 мың теңгені құрайды. Оның 25 мың теңгесі субсидиялау болса, 15 мың теңгесі зауыт тарапынан беріледі. Бұған қоса тасымал шығынына орташа есеппен шақырымына 2 мың теңгеден төленеді. Осының нәтижесінде тәт­ті түбір өсіруге құлшыныс білді­­ру­шілер қатары өсіп отыр. «Ақсу қант» зауытына сарқандық Балташ Абыл­қасымов биыл 11500 тонна тәтті түбір өткізген. Шаруашылық басшысы қызылша алқабын алдағы жылы бұдан да кеңейте түсуді ой­лас­­тырып отыр.

Зауыт шаруашылықтарға өні­мінің ақшасын 10 күн сайын төлеп отыр. Аудан басшыларының айтуынша, Ақсу, Сарқан өңіріндегі шаруашылықтар бүгіннің өзінде 2500 гектар жерді қопсыту шараларын жасаған. Яғни жер еміп өскен шаруа ылғал сақталу үшін жерді жыртып, дайындалуда. Қант қызылшасын себудің ерекшелігі – жерді күзде жыртып тастаса, топырақ жұмсақ, ылғалды болады. Бұл – мол өнім алудың кепілі.

Ақсу әкімі Берік Тынышбаевтың айтуынша, биыл ауданда 40 шаруа­шылық тәтті түбір ексе, келесі жылы 80-нен астам шаруашылық төл дақылды егуге құлшыныс білдіріп, алдағы жылы 2200 гектарға қант қызылшасын себу жоспарланып отыр. Бұған шаруашылықтардың құл­шынысы дәлел. Әрине, ол үшін тұқым, жағармай, минералды ты­ң­айт­­қыш, техника жағынан көмек көрсе­тілуге тиіс. Облыс басшы­сының тап­сыр­масына орай, келесі жылы облыстағы қос қант зауыты арқылы шаруашылықтарға жан-жақты көмек көрсетіледі.

«Қант қызылшасы биыл 1200 гектарға себілді, алайда бұршақ және үсікке шалдығу салдарынан 967 гектарға ғана тәтті түбір шықты. Бірақ жиын-терім науқаны дұрыс ұйымдастырылуына байланысты өнімді ысырапсыз жинап алып жатырмыз. Әр гектардан 350-400 центнерден өнім алдық», дейді аудандағы шаруашылықтар жайын түсіндірген аудан әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов.

Ең ғажабы, зауыт пен Ақсу агро­­­тех­никалық колледжі арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Дуальд­ы оқыту әдісі бойынша оқу орнында зауытқа мамандар даярланады. Бүгінге дейін колледждің 50 түлегі зауытқа жұмысқа орналас­тырылған.

«Ақсу қант» зауытында шеші­мін таба алмай келе жатқан екі мәселе бар. Біріншісі, өнім тасымал­дауға арналған теміржол желісінің жоқтығы. Шикізат тасымалдау үшін теміржолдың ұтымды жағы көп. Алдағы уақытта қант құрағын көп­теп жеткізу үшін тасымал мәсе­лесі қиындық тудыратын болып тұр. Екінші мәселе – газдың жеткі­­з­іл­меуі. Зауыт әлі күнге мазутпен іске қосылады. Бұл – қымбат отын. Сон­дықтан кәсіпорын көгілдір отын­ның келуін күтуде. Осындай қол­байлауларға қарамастан, зауыт қант­тың бағасын бірқалыпты ұстап тұр.

Кәсіпорындағы ілкімді істің бірі – қалдықсыз өнім өндіру. Тәтті түбірдің қантқа жарамсыз бөлігінен мал азығын дайындайтын зауыт қызылша қалдығынан сығылған жомды полиэтиленмен қаптап, сату­ға шығарады. Бір орамасы 6-7 мың теңге көлемінде тұратын жом – ірі қараны бордақылауға таптырмас азық.

Зауыт қант қамысын өңдеуге де бейімделіп жасалуда. Бүгінде біраз шикізат дайын. Кәсіпорын басшысының айтуынша, қант қамысын өңдеуді толыққанды қолға алғанда, зауыт жыл бойы жұ­мыс істей­тін болады. Қайта өңдеу кәсіп­орнында 500 адам жұмыспен қам­тылған. Зауыт басшысы маман­дардан айырылып қалмас үшін жұ­мыс тоқтап тұрғанда да еңбекақы төлейтінін айтады.

Тәтті түбір өсіру үшін міндетті түрде су керек. Сондықтан ауданда каналдар тарту, су жүйелерін қалпы­на келтіру шаралары жүргізіледі. Ирригациялық желілер мен құ­ры­лыстарды салу бағытында аудан­­да 2 ірі жоба іске асырылуда, бұл нысандарға жауапты мем­ле­­кет­тік орган – республикалық «Қаз­су­шар» мекемесі. Ауданның суа­ру желілерін қайта жаңарту жо­басының құрылысы Ислам Даму Банкі қаражаты есебінен 2019 жылы басталып, 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған. Алайда межеленген жұмыстардың бүгінге 60%-ы ғана орындалыпты. Мердігер «Тамас» ЖШС нысанды аяқтау мерзімін жыл сайын ауыстырып, жұмысты дұрыс жүргізбеген. Осын­дай жауапсыз мердігерлердің ша­лағай әрекеті өнім өндіруге қол­байлау. Қызылағаш суа­ру массивінің құрылысына биыл республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінді. Жобаға сәй­кес ұзындығы 100 шақырымды құрай­тын жаңа суару желілерін салу көзделген. Нәтижесінде, 5,3 мың гектар жаңа суармалы жер ауданда айналымға енгізіледі.

Осы ретте қант қызылшасын егуде өңірдегі басты ауданның бірі – Қаратал ауданы. Қызу жұмыстан қолдары қалт етіп көрген жоқ. Қараталдықтар биыл 1106,7 гектар жерден қант қызылшасын алуды жоспарлаған болатын. Бүгінде аудан­дағы 58 шаруа қожалығы 851,7 гектардың өнімін жинап, Көксу қант зауытына 29976,36 тонна қызылша өткізді.

Аудан орталығы маңындағы Бастөбе ауылдық округінде де қант қызылшасын жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Биыл 203 гектар суар­малы жер теліміне 10 шаруа қожалығы қант қызылшасын еккен. Бүгінде 98 гектар жерден қант қызылшасы жиналып, зауытқа 2812 тонна өнім өткізді.

Өкінішке қарай, 55 гектар қант қызылшасы жерасты сулары­ның көтеріліп кетуіне байланыс­ты шіріп кетіпті. Қазір егін алқап­тарында 6 комбайн және 12 КамАЗ авто­көліктері жұмыс істейді. Болжам бойын­ша шаруа қожа­лықтары жұ­мыстарын 10 күн ішінде толығымен бітіреді.

 

Жетісу облысы