• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Үкімет 23 Қараша, 2023

Зейнетақы қорындағы ақша инвестициялық жобаларға пайдаланыла ма?

180 рет
көрсетілді

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Сенаттың жалпы отырысынан кейін ірі өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражат бөлу мүмкіндігі туралы пікірін айтты, деп жазады Egemen.kz.

Әлихан Смайылов бұл сұрақ бұрын Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияда талқыланып, қолдау тапқанын айтты. Ол қордан қаржы пайдалану қайтару шартымен жүретінін мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта біз Ұлттық банкпен бірлесіп, қаражат тарту шарттары бойынша мәселелерді пысықтап жатырмыз. Үкіметтің борыштық міндеттемелерін орындау аясында қаржы қайтарылатын болады», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы БЖЗҚ-ның негізгі міндеті – қазақстандықтардың зейнетақы активтерінің сақталуын және арттыра түсуін қамтамасыз ету деп, қаржыны еселеу үшін тиісті инвестициялық стратегия қабылданғанын жеткізді.

«Салымшылардың активтерін кіріс әкелетін қандай да бір құралдарға қаражат салу арқылы көбейтуге болады. Бұл ретте процесті нарықтық мөлшерлемелер бойынша және қайтарымды негізде орындауға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта Үкімет қаржыландыруды қажет ететін индустрияландыру, көлік, инфрақұрылым салаларындағы ірі жобаларды қарастыруда. Біз әртүрлі көздерді, соның ішінде БЖЗҚ қаражатын да қарастырып отырмыз», деді Әлихан Смайылов.

Айта кетейік, бүгінгі таңда БЖЗҚ -да қазақстандықтар жинақтаған - 1,5 трлн теңге бар.