• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Мирас 23 Қараша, 2023

Асық ойнаған озар

383 рет
көрсетілді

Қостанайда «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағарту жобасы аясында «Алтын сақа» олимпиадасы өтті. Мергендер сайысына өңірдің сегіз ауданынан балабақшаға барып жүрген 50 шақты бүлдіршін қатысты.

«Аталған байқаудың мақсаты – жас ұрпақты қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын құрметтеуге үй­рету, балаларды батыл­дыққа, төзімділікке тәр­бие­­­леу. Аталған жоба шең­берінде жыл бойы түрлі челлендждер, жарыстар, бай­қаулар өткізіліп жатыр. Бүгінгі олимпиада – осы кешенді іс-шаралардың жал­ғасы десек болады», дейді Білім басқармасына қа­расты Өңірлік денешы­нықтыру және балалар мен жасөспірімдер туризмі ор­талығы директорының орынбасары Наталья Рябченко.

Сақасын иіріп, шиырып асық атып, ойын қызығына түскен балалардың ішінде түрлі ұлт өкілдері де бар­шылық. Іс-шараны ұй­ым­дас­тырған қалалық білім бөлімі мамандарының айтуына қарағанда, бүгінде Қостанайда бірнеше асық ату үйірмесі жұмыс істейді екен. Соның бірі – №3 бала­бақшада. Мұнда 25 бала ұлттық ойын үйірмесіне ба­рып жүр. «Біздегі үйірме ата-аналар мен балалардың қалауы бойынша ашылған. Қазір жақсы жұмыс істеп жатыр. Ұлттық ойындарды үйрететін жалғыз үйірме – осы. Мұндай үйірмелер батыл болуға, мергендікке, ширақ­тыққа үйретеді, бала­ның ойлау қабілетін дамытады», дейді мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесінің өкілдері.

Жарыс қорытындысы бойынша, 54 ұпай жинаған №3 балабақшаның мерген­дері бірінші орынды жеңіп алып, жеңіс тұғырынан кө­­­рінді. Жабылып жүріп 48 ұпай жинаған №44 ба­лабақ­шаның бөбектері екін­ші орынға табан тіресе, олар­дан небәрі екі-ақ ұпай айыр­машылығымен артта қалған №8 балабақшаның батырларына үшінші орынды қанағат тұтуға тура келді.

 

Қостанай облысы