Тұрғындардың ақылды камераларды жаппай орнатуының арқасында, кейінгі бірер жылда пәтер ұрлығы едәуір азайған. Дей тұрғанмен, өзгенің несібесіне қол сұққан қаскүнемдер әлі де болса мегаполис тұрғындарының мазасын қашырып тұр. Күні кеше алматылық полицейлер пәтер тонаумен айналысқан Тәжікстан азаматтарын қолға түсірді.
Жымысқы әрекетін жүзеге асырып жүргендер «Шаңырақ» шағын ауданындағы Тұрысов көшесіндегі үйлердің бірін тонағаннан кейін көп ұзамай ұсталған. Таңғы 5-тер шамасында полиция қолына түскен көрші елдің қос азаматынан пәтер ұрлығына қатысты айғақзат тәркіленген. Полициядағылар күдіктілердің бірнеше күн бұрын Әуезов ауданында болған пәтер ұрлығына да қатысы бар болуы мүмкін екенін айтады.
«Тонаушыларды «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы аясында қалалық криминалдық полиция басқармасының Алатау аудандық ПБ және полицияның арнайы жасағының қызметкерлері ұстады. Қаскөйлер қалада өздері жалға алған «Kia» маркалы көлігімен жүргендігі белгілі болды. Олар Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі бойынша тергеліп жатқан қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы жан-жақты тексеріліп жатыр», дейді Алатау аудандық полиция басқармасы басшысының орынбасары Данияр Омаров.
Үй тонау қылмысы қала іргесіндегі жаңадан қалыптасып жатқан жер үйлерде жиі тіркелетін көрінеді. Жыл басында танысымыздың үйін тонаған баукеспелер нақ сол күні, сол көшеде тұратын тағы бір үйдің дүние-мүлкін қолды еткен. Арызданушылар мұны ұрылардың бір үйден алған бағалы затты келесі бір үйге тастап кеткенінен білген. Аңғарғанымыздай, бөгденің қасықтап жинаған несібесіне қол сұғып, оңай олжаға кенелеміз деген қылмыскерлер тал түсте біреудің пәтеріне бас сұғып кіруге еш қымсынбайтын болған.
Алматы қалалық Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, шаһардағы тұрғын үй аулалары мен қоғамдық нысандар аумағына орнатылған бейнекамералардың арқасында бөтеннің мүлкін ұрлау фактілері азайған. Мамандар қылмыстың алдын алу мақсатында IT технологиялардың мүмкіндігін белсенді пайдаланып жүр. Бүгінде қалада 130 мыңға жуық бейнебақылау камерасы бар десек, олардың 90 пайызы бюджеттен тыс қаржыға орнатылған. Бейнетаспаға жазылған материалдарды қолдану нәтижесінде кейінгі үш жылда пәтер ұрлығы төмендепті.
Қала аумағындағы пәтер ұрлығының азаюына тұрғындардың өз дүние-мүлкіне ықтиятпен қарап, күзет мекемелерінің қызметіне жүгінуі сеп болып отыр.
АЛМАТЫ