Нарықтың талабымен шағын және орта кәсіпкерлікке бет бұрғандар аз емес. Өйткені мемлекет тарапынан бұл саланың кең қанат жаюына барынша қолдау көрсетіліп келеді. Алайда жергілікті атқарушы органдар әлі де кәсіпкерлерге кедергі келтіруін доғармай отыр.
Мәселен, Атырау облысында кәсіпкерлер кезігетін, олардың жұмысын тежейтін кедергінің сан алуан түрі бар. Тіпті кәсіпкерлердің түрлі кедергіден көз ашпауы көкейкесті мәселеге айналып барады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжановтың пікірінше, шағын және орта бизнес иелеріне қарсы жасалған кедергінің ең көбі жер қатынастары мен инфрақұрылым саласында анықталып отыр.
«Мәселен, Атырау қаласында әкімдік кәсіпкерге бизнесін кеңейту үшін ұзақ уақыт жер алуға құқық бермей келген. Бірақ бұған заңды негіз болмаған. Сол себептен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің араласуынан кейін ғана бұл мәселе оң шешімін тапты. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды. Кәсіпкер қажетті жер учаскесін алды», дейді Саян Ахметжанов.
Оның айтуынша, жалға алуды ұзарту тәртібін регламенттеудің болмауына байланысты жүйелік кедергі жойылған. Қазір Антикордың ұсынысымен бұл тәжірибе тоқтатылды.
«Кедергілердің бір бөлігі мемлекеттік сатып алулар мен салықтарға байланысты туындайды. Мемлекеттік сатып алу желісі бойынша негізгі проблема орындалған шарттарға сәйкес қаржыны уақтылы төлемеуге қатысты болып отыр. Атырау облысының 150-ден аса кәсіпкері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысынан кейін ғана тапқан ақшаларын алуға қол жеткізді. Жүйелі түрде кездесетін мұндай жайтты жоюға ықпал етеміз. Қаржы министрлігі төлемнің кешігуін автоматты түрде анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу порталының функционалын пысықтайды. Кәсіпкерлерді кез келген проблемалық мәселемен Атырау облысының кәсіпкерлер палатасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне жүгінуі қажет», деп мәлім етті Саян Ахметжанов.
Өңірлік департаменттің басшысы Ерұлан Серікқалиевтің айтуынша, жыл басынан бері «Бизнеске жол» жобасы аясында 853 кәсіпкердің құқығы қорғалған. Аталған жоба шеңберінде департаментке кәсіпкерлік субъектілерден 66 өтініш түсіпті.
«Кәсіпкерлерден түскен өтініштің 34 пайызы оң шешімін тауып отыр. Облыстық департаменттің ұсынысымен кәсіпкерлердің құқықтарын бұзғаны үшін 5 адам тәртіптік жауапкершілікке, мемлекеттік органның 2 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік сатып алу, кедендік және салықтық әкімшілендіру саласында квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік органдар 155 кәсіпкерлік субъектісіне 1 млрд теңге көлемінде берешекті төледі», дейді Ерұлан Серікқалиев.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжановтың айтуынша, Антикордың басты міндеті – бюджет қаражатын жымқыруға жол бермеу.
«Атырау облысында жемқорлық тәуекелі картасына 8 нысан енгізіліп отыр. Бұл – Қызылқоға, Махамбет аудандарындағы мәдениет үйлері, Исатай, Мақат аудандарындағы 60 пәтерлік тұрғын үйлер, Индер ауданындағы 80 пәтерлі тұрғын үй, Талқайраң ауылындағы 9 қабатты 90 пәтерлі тұрғын үй, кәріз және сумен жабдықтаудың инженерлік желілерін салу құрылысы. Исатай ауданының Аққыстау ауылындағы өрт сөндіру депосының құрылысы да аталған картаға енгізілді. Бюджет қаражатын жымқыруға жол бермеу үшін аталған нысандарға мониторинг жүргізіледі. Мониторингтік топқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер де, жұртшылық та қосылды», дейді С.Ахметжанов.
Ал облыстық прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 18 инвестордың жобаларына 4,6 трлн теңге инвестиция салынған. Алайда инвесторлардың жобасын іске асыруына жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетілмей келген.
«Прокуратураның негізгі міндеті – проблемаларды тиімді шешу, инвесторлардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүддесін қалпына келтіру. Қадағалау органы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Прокурорлар уәкілетті органдар тарапынан инвесторлармен жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын, өзара іс-қимылдың жоқтығын, инвесторлардың заңды құқықтарының бұзылғанын анықтады», деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.
Мәселен, 2020 жылы «Олимпик-Атырау» ЖШС туристік база мен атқыштар клубын салу жобасы мақұлданған. Сол кезде жергілікті атқарушы орган жаңа нысанды инженерлік коммуникациялармен қамтуды міндетіне алған.
«Алайда жергілікті атқарушы органдар үш жыл бойы өз міндеттемесін орындау жөнінде мүлдем шаралар қабылдамаған. Осылайша, Үкіметтің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» қаулысының 32-тармағы бұзылған. Жергілікті атқарушы орган жобаны іске асыру үшін үш жұмыс күні ішінде шара қабылдауы қажет еді. Қолдау көрсетілмеген соң инвестор 50 млн теңге инвестиция салынған жоба құрылысын жүзеге асыруды мәжбүрлі түрде тоқтатты. Прокуратураның қадағалау актісімен инженерлік желілерді салуға бюджеттен 49 млн теңге бөлініп, инвестордың құқығы қорғалды», деп мәлім етті облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Атырау облысы