• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өндіріс 24 Қараша, 2023

Жаңа кен орындары қашан ашылады?

179 рет
көрсетілді

Тау-кен саласы – ұлттық эко­но­­микадағы жүйе құраушы сек­тор­лардың бірі. Кейінгі 5 жылда аталған бағытты дамытып, тиімді басқару үшін тиісті реформалар да жүр­гі­зілді. Алайда заң талаптары қаншалықты орындалып жат­қаны үлкен сұрақ... Әсіресе гео­логиялық барлау ісінің тың көз­қа­расқа зәру екенін уақыт көр­сетіп отыр.

Үкімет үмітті ақтаса игі

Қазақстанда минералды шикізат базасының толықтырылуы кенжелеп тұрғанын биылғы халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы да айтқан еді.

«Тау-кен саласын басқару жүйесін жуық арада жаңғырту қажет. Көптеген елде бұл саланы негізінен жеке компаниялар алға сүйрейді. Сондықтан ірі көлемде жеке инвестицияларды тарту осы саланың әлеуетін ашуға барынша көмектеседі.

Ол үшін салық және реттеу шарттары өзгеріске икемді болуы керек. Өз қаражатына геологиялық зерт­теу жүргізген инвестордың жер қой­науын пайдалану кезінде басым құ­қыққа ие болуын қамтамасыз еткен жөн. Жо­ба­лар­ды келісуге қажетті рәсімдер мен оның мерзімін кешенді мемлекеттік сараптама жасау мен толық цифрландыруды енгізу арқылы екі есе азайту керек. Қазір еліміздің 1,5 млн шаршы шақырым аумағына геологиялық және геофизикалық барлау жүргізілді. Үкіметтің міндеті – 2026 жылға қарай оның көлемін кемінде 2 млн 200 мыңға жеткізу», деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанның өндірістік геоло­гия­лық ұйымдар қауымдастығының пре­зиденті Арнұр Күшелековтің пікі­ріне сүйенсек, жер қойнауына мем­­­ле­кеттік геологиялық зерттеу жүр­гізуді тиімді жоспарлап, бұл жұ­мыс­ты жетілдіру қажет. Қауым­дас­тық­тың басшысы жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеп, бекіту тәсілдерін қайта қарау керек деп санайды. Неге десеңіз, кейінгі жылдардағы мемлекеттік сатып алу нәтижелері аталған құжатты әзірлеуге бөлінетін сома орта есеппен 3-4 млн теңгенің шамасында ғана екенін байқатып отыр. Ал ЖСҚ дайындау үшін зерттеу жүргізілетін аумаққа қатысты гео­логиялық ақпаратты сатып алу қа­жет. Көп жағдайда оның құны қыз­меттерді сатып алуға бөлінген соманың жартысынан асып жатады.

«Бұл орайда конкурстық құжат­тар­да ғылыми қызметкерлердің болуына қатысты, сондай-ақ жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жобалауға байланысты тәжірибенің қарастырылуы жөнінде қандай да бір талаптар қойылмаған. Мұның бәрі тиісті құжаттама мен атқарылатын жұмыстардың сапасыз орындалуына әкеледі», деді қауымдастық өкілі.

Сол себепті жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау үдерісін жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің ерекшеліктерін ескере келе қайта бағыттап, осы функцияларды Ұлттық геологиялық қызметке толығымен тапсыру ұсы­ныл­ды. Бұл арқылы бірыңғай опера­тор орындалатын жұмыстардың ғы­лы­ми негіз­де­ме­сіне баса назар аударып, авторлық қадағалауды жүзеге асырады.

 

Бұралаңы көп заң жарға жығады

Қауымдастық президентінің айтуын­ша, саладағы тағы бір өзекті мә­селе жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстарының мем­лекеттік сатып алу тетігін рет­тейтін заңға қа­тыс­ты. Өйткені қол­даныстағы норма кадрлық әлеуеті төмен ұйымдарға күр­делі геологиялық жұмыстарды орын­дауға жол ашып отыр. Айталық, қажетті тәжірибені растау мен шартты же­ңілдіктерді бағалау кезінде жұмыс тәжірибесін есепке алу өлшемі тым бұлыңғыр. Салдарынан нарықта тәжіри­бесі жоқ қызмет ұсынушылар жеңіп жатады. Сондықтан әлеуетті қызмет көр­се­ту­шілерді аккредиттеу тетігін енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсыныл­ды.

Бұдан басқа кен орындарын барлаумен айналысатын компаниялар салық жеңілдіктері берілсе деген ой-пі­кірлерін жеткізді. Мәселен, Тау-кен өндірушілері және тау-кен метал­­лургиялық кәсіпорындарының қауым­дас­­тығы барлау келісімшарты тоқ­та­тылған жағдайда барлау жұмыс­тарына арналған шығындарды (ке­лісім­шарт тоқтатылған салық ке­зе­ңінде) салық төлеушінің жылдық жиын­тық табысынан шегеретін тәр­тіп­ті енгізуді ұсын­ды.

Сондай-ақ Салық кодексінің 259-ба­бының қолданыстағы нормаларына сәйкес мұнай-газ сала­сы­ның жер қойнауын игеру­шілеріне қарас­ты­рылған артықшылықтар тау-кен секторының өкілдеріне де берілсе деген ұсыныс айтылды.

«Қатты пайдалы қазбаны өндірумен айна­лысатын компанияларға көмір­тек өндірушілерімен теңдей жағдай қарастырылмаса, саланың инвести­ция­лық тартымдылығын арттыру қиындай түседі», деді Тау-кен өндірушілері және тау-кен металлургиялық кәсіп­орын­дарының қауымдастығы атқару­шы дирек­торының орынбасары Максим Канонов.

Ұйым өкілдері айтқандай, кейінгі уақытта отандық тау-кен компаниялары фискалды органдардың тарапынан жүйелі қысым көріп келеді.

«Мысалы, биыл қаңтардан бастап пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық мөлшерлемелері биржалық металдарға байланысты 50%-ға және биржалық емес металдарға байланыс­ты 30%-ға дейін ұлғайды. Уәкілетті органдар тау-кен компанияларына онсыз да са­лық жүктемесі аз салынады дегенді алға тартып отыр. Қаржы министр­лі­гінің есептеулері бойынша ол 8-9%-дың шамасында», деді М.Канонов.

Шамадан тыс фискалды қысым­ның көрсетілуі әрі орнықты салық саяса­тының жолға қойылмауы инвести­циялық ахуалды айтарлықтай төмен­де­тіп, саланың даму қарқынын тежейді деп есептейді қауымдастық мүшелері. Жоғары салық мөлшерлемелерін ес­кер­сек, қазір еліміздің аумағындағы қатты пайдалы қазбалар кен орында­ры­ның белгілі бір бөлігін игеру мүл­дем тиімсіз болып отыр.

 

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,

журналист