• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 23 Қараша, 2023

Көлдің атауы – Шәңген емес, Бұқтырма

469 рет
көрсетілді

Кейінгі үш-төрт жылда Катонқарағай, Марқакөл, Ұлан өңірлеріне саяхаттаушылардың легі арта түскен. Арнайы лицензиясы бар-жоғын кім білсін, әйтеуір жол бастаушы туристік операторлардың да қарасы көбейді. Туризм дамып келеді дегенімізбен, таяқтың екінші бір ұшы бар: жер-су атауларын бұрмалау жиі көрініс беріп жүр.

Катонқарағайлық ақсақалдар бұрын-соңды естімеген жер-су атауларының қайдан пайда бол­ға­нына аң-таң. Пайда бол­ға­ны былай тұрсын, жергілікті тұрғындар мен туристердің санасына сіңісті етіп жіберген.

Шыңғыстай ауылының тұсы­нан Марқакөлге асатын асуды «Староавстрийская дорога» деп жүр қазір. Оны ауыл тұр­ғындары әлімсақтан Ирек дейтін. Бі­рін­ші дүниежүзілік соғыстан ке­йін аустрия-мажар тұтқындары сол жолды қайла-күрекпен қашап шық­қанын жоққа шығармаймыз. Ол рас. Бірақ тұтқындарға дейін де дәл сол жерде соқпақ болған. Ауыл малшылары жайлауға шық­қан, Марқакөл, одан әрі Қытай асқан. Тауды қабырғалай жат­қан тау жолы етектен ире­лең­деп көрініп тұрады. Сол үшін де Ирек аталған.

– Жер-су атауларына мұқият қарамасақ, сан соғып қалуымыз мүмкін. Бір жылдары Н.Блох деген маман «Катонқарағай» ұлт­тық табиғи паркінде қызмет істеп жүргенде Сарымсақты бағы­тын­да­ғы жол бағыт бойына кілең орысша ат қойып, карта жасаған. Ол маманмен мен сотқа дейін бара жаздап, аяғында қашып құтылып еді. Қазірде сондайлар қайта шыға бастады. Бұл жерде ұлт­тық парктің қызметкерлері тия­нақты жұмыс істеу керек. Менің білуімше, бұдан бірнеше жыл бұрын парктің министрлікке жі­бер­ген картасында Өрел ауылы Орел болып кеткен. Енді ондай немқұрайдылыққа жол беруге болмайды. Бұрынғы қателерімізді түзе­тетін уақыт келді, – дейді арда­гер журналист Жәнібек Қызыр. Алтайдың ең биік шыңы – Мұзтау. Айбарлы шың. Биіктігі теңіз деңгейінен 4 506 метр. Сол таудың бөктеріндегі үш шыңға туроператорлар болса керек, «Вера, Надежда, Любовь» деген айдар тағыпты. Ал Мұзтаудың ете­гіндегі Қаракөлді «Язевая» деп кет­тік. Бүйте берсек, Рерихтер мен Сапожниковтер қойып кеткен атауларды қайта тірілтіп, тари­хи атаулардан мүлдем айырылып қаламыз. Жазушы Әлібек Асқаров айтқандай, Рерихтер Өр Ал­тайдың қойын-қонышын зерттегенде қазақтың қойшы­сы­мен сөйлеспегені анық. Әйтпесе, түп­кі атаулардың қаймағы бұзыл­мас еді.

Сол секілді түу биіктен құлап ағып, Рахман көліне құйып жат­қан сарқыраманы «Коса Вер­ноики» деп жүр. Тіпті көлді кешіп өскен, радон суын ішіп өскен жергілікті жұрт та тілдерін бұрап, Верониканың бұрымына теңеген. Верониканың кім екеніне де бас қатырып жатқандары шамалы. Шынтуайтына келсек, гео­гра­фиялық атауы – Рахман сар­қырамасы. Оны бесенеден білеміз. Туристердің табаны тиген жердің атауы жаңарып салатыны несі? Биылғы туристік маусымда ғана Катонқарағайға 119 мың саяхатшы келіпті. Де­мек осыншама туристі жолдан адас­тырмасақ та, жер-су атауларынан адастырдық дей беріңіз. Ұлттық идеология қайда? Иә, айтамыз, жазамыз. Тығырықтан шығудың жолы қайсы? Жас туристер де бұл мә­се­ле шымбайға бататындығын айт­қан. Шешу жолын да ұсынған.

– Туризм саласында серпіліс бар. Дегенмен Катонқарағай, Марқакөл, Күршім өңірлерінде инфрақұрылым өте баяу дамып келеді. Жолдың жағдайын айтып, жазып жатыр. Оның бәрі уақыт өте түзелетін шығар. Бірақ біз тарихи атаулардан айыры­лып қалмауымыз керек. Сол үшін көлдің көпшілік баратын тұ­сы­на тайға таңба басқандай етіп, тақтайшаға негізгі атауын жазып қоюымыз керек. Егер нақты атауы болмаса, зерттейік. Туроператорлар мамандарды да курстан өткізу керек, – дейді жас саяхатшы Айдана Алтайбекқызы.

Ұсыныс орынды секілді. Мә­се­лен, «Коса Вероники» деп жүр­ген сарқыраманың көрікті тұ­сына, көпшілік суретке түсе­тін тұсқа тақтайша орнатып, «Рах­ман сарқырамасы» деп қой­сақ, ешкім басқа айдар таға алмас еді. Бұл ұсынысты туризм басқармасы мамандары да қолдаған. Сол секілді Қаракөлдің жарқ етіп көрінген тұсына да табиғатпен үндесетін дизайнда дұрыс атауын басып қойған жөн. Айтқандай, Қазақстанның ең Шығыс нүктесінде Шәңген көлі бар. Әп-әдемі қазақша атау секілді. Алайда негізгі атауы – Бұқтырма көлі. Бұқтырма өзені де сол маңайдан бастау алады. Шәңген сөзі қайдан шықты дейсіз ғой. Тоқетері 1745 жылы туған Ресейдің саяхатшысы Петр Иванович Шангиннің құрметіне орай «Шангин» аталып кеткен. Біз оны тілге икемдеп, Шәңген дедік. Интернеттегі деректерге қарасақ, ол кісі Алтайдың қойын-қонышын аралап шыққан дәрігер, географ, зоолог, биолог маман екен. Сондықтан да бұдан былай көлденең атаулардан арылып, түп-төркінін зерттеп алсақ жөн. Жалпы жер-су атауларына абай болмасақ, туристік операторлар табиғатпен таныстыруды ғана емес, үлкен идеологиялық жұмыс та жүргізіп жүр.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы