• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 24 Қараша, 2023

Суық тиюдің алдын алу үшін балаға қандай дәрумендер берген дұрыс? Дәрігер жауабы

835 рет
көрсетілді

Бала иммунитетінің мықты болуы үшін қандай дәрумендер беру керек? Бұл ата-аналарды жиі мазалайтын сұрақ. Бала ағзасын дәруменмен демеп, әл-дәрменін арттыру үшін оны тұрақты, уақтылы берудің маңызы зор. Бойында организмге қажетті элементтер құрамы толық балалардың қуаты мол, сергек әрі мығым болады. 

Дәрумендер – тағамдағы химиялық қосылыс. Олардың өсуге, дамуға, зат алмасуға және энергияның толығуына өмірлік маңызы зор. Олар өте аз мөлшерде қажет болғандықтан миллиграммен (мг) немесе микрограммен (мкг) өлшенеді.

Балалардың денсаулығы, әсіресе, қыс айларында әлсіреуі мүмкін. Ауа температурасының салқындауы салдарынан ата-аналар балаларды таза ауада серуендетуді сиретіп не тыйып тастайды. Бала ағзасына керек дәрумендер мен қыс мезгілінде баланы таза ауаға шығару, киіндіру тәртібін жалпы тәжірибелік дәрігер, педиатр-массажист, «Дәрігер - АНА» кітабының авторы Әзиза Әбдірасілқызынан сұрап білдік.

Суық «соққыдан» бала иммунитеті төмендеп, аурушаң болмас үшін дәрігер Әзиза Әбдірасілқызы жыл бойы жалғап ішу керек базалық дәрумендер тізімін бөлісті.

«Мезгіл таңдамай барлық бала күнделікті ішуі керек базалық витаминдер бар. Олар:

- Дз;

- омега 3;

- йод;

- лецитин;

- магний», деді дәрігер.

Қыста баланы таза ауаға шығаруды тыймау керек. Тек салқын ауа райында дұрыс киіндіру тәртібін білген абзал.

«Қыста үйлерде жылу қосылып тұрғаннан, ауа құрғап кетеді. Сондықтан бөлме ішін желдетіп, ауа алмастырып отыру шарт. Бұл қатарда баланы қыс мезгілінде де таза ауада серуендетудің маңызы зор. Тек мына киіндіру тәртібін есте сақтаңыз. Қыс мезгілінде балаңыз тоңып қалмауы үшін немесе керісінше терлеп кетпеуі үшін өзіңізден бір киімге артық киіндіріңіз. Сол кезде балаға қолайлы температура болмақ», деді дәрігер.

Дәрігерден екпеден есі кетіп қорқудың қаншалықты дұрыс екенін де сұрадық. Тұмауға қарсы екпе алу шарт па?

«Кез келген екпе профилактикалық мақсатта, яғни аурудың алдын алу үшін егіледі. Бірақ екпе алған бала мүлдем ауырмайды деген сөз емес. Екпе алған бала да ауырады бірақ екпе алмаған балаға қарағанда ауру процесі жеңіл өтуі мүмкін. Ең бастысы, екпені баланы жан-жақты тексерістен өткізіп, денсаулық жағдайының дұрыстығына 100 пайыз көз жеткізіп салған дұрыс», дейді ол.