Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазірдің өзінде еліміздегі 600 мың азамат таза ауыз суға зәру. Тұтас ғаламшар үшін ғаламдық мәселеге айналған су тапшылығы салдарының алдын алу үшін, әр азамат суды үнемдеуге салмақты қарау керек. Дамыған елдерде дәстүрлі үрдіске айналған суды үнемдеу ісіне халық та үн қосуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыз сусыз ауылдардың санын азайтып, ауыл шаруашылығы бағытында қолданылатын судың мөлшерін жіті зерттеп, өзен-көлдерді әр адам өз меншігіндей қорғауды жиі тілге тиек етеді. Маңызды мәселені Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасынан да тыс қалдырмады. Сайлауалды бағдарлама сараптап ұсынған су жайы 1 жылдан кейін қалай шешімін тапты? Саралап көрейік.
Қасым-Жомарт Тоқаев бір жыл бұрынғы «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында елдің ертеңгі бағыты мен жаңа тарихи кезеңінің бағдарын айқындап берді.
Президент алдыңғы кезекте «Су ресурстарын ұтымды пайдалануға, қорғауға және тазартуға бағытталған жаңа Су кодексін қабылдауды қамтамасыз етуді» тапсырды.
Бұл бағыттағы шараларды жүзеге асыру 2023 жылдың 1 қыркүйегінде «Су ресурстары және ирригация» министрлігін құрудан басталды. Су саласында жұмыс істеуге ынталы мамандарды тарту үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын орта есеппен 25 пайызға өсіру көзделіп отыр.
Сондай-ақ жауапты министрлік су ресурстары саласына серпін беріп, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін және Жолдауда берген тапсырмаларын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледі.
Құжатқа сәйкес, 2027 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында 1,7 текше шақырым жинақтау көлемі бар 9 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр. Осылайша, алдағы төрт жылда ауыз сумен қамтамасыз ету және су экожүйелерін тұрақты ұстау үшін, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалануға болатын қосымша 1,7 текше шақырым суды жинақтау жоспарланған.
Екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 11 су қоймасын салу жоспарланған. Бұдан бөлек, тұжырымдамаға бөгеттердің қауіпсіздігі декларациясын әзірлеуді ескере отырып, су шаруашылығы объектілеріне көп факторлы зерттеу жүргізу, суды пайдалану лимиттерін белгілеу тетігін әзірлеу, магистральдық және шаруашылықаралық суару арналарында суды есепке алуды цифрландыру, гидрологиялық бекеттер салу, суарудың су үнемдейтін технологияларын енгізу жөніндегі іс-шаралар енгізілген.
Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында суды ұтымды пайдалану мәселелерін, бірінші кезекте суды ең көп шығындайтын (40%-ға дейін) ауыл шаруашылығы саласында шешу көзделген. Атап айтқанда, суармалы ауыл шаруашылық жерлерінің жалпы ауданын 2,5 млн гектарға дейін жеткізе отырып, екі есеге арттыру, қосымша 4 текше шақырым мөлшерінде су жинақтау үшін 20 жаңа су қоймасын салу және жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасын реконструкциялау, 3,5 мың шақырым суару желілерін қайта жаңарту, 212 каналдағы суды есепке алуды цифрландыру арқылы суару кезінде тіршілік нәрін үнемдеу жоспарланып отыр.
Су тапшылығын ала жаздай тер төккен шаруалар сезінбеуі тиіс. Елдің оңтүстік аймағындағы ағайындардың «бас ауруына» айналған жайтты шешу үшін құзырлы орган көршілес Өзбекстан, Қырғызстан тарапымен келісім жасасты. Нәтижесінде қазақ-қырғыз бірлесіп ШУ-2 айналма каналын салуға уағдаласса, Өзбекстанмен «Достық» каналы арқылы тұрақты су жіберіп тұру келісіміне қол жеткізілді.
Президент сайлауалды бағдарламасында «Әр үйде, әрбір отбасында ауыз су болу шарт» қағидасы негізінде алдағы 5 жылда елді мекендердің 100 пайызын сумен жабдықтау қызметтерін қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
Тапсырманы орындау үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл Ақмола, Алматы, Атырау, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында 34 жобаны іске асырып жатыр. Аталған іс-шара аясында 158 елді мекенде сумен қамтамасыз ету және су жүйесін жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде 450 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Жобалардың аяқталу мерзімі 2024-2025 жылдарға жоспарланған.
Жауапты орган топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 8 жобаны іске асырмақ. Жоба шеңберінде 22 мыңнан астам адам тұратын 41 елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген.
Қазақстанда 15,5 текше шақырым мөлшерінде су қоры бар. 3 692 ауыз су орны барланды. Бұл шаруашылықты және тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қажет. Бұл ретте, елімізде жылына шаруашылық – ауыз су қажеттіліктері үшін 1 текше шақырымнан артық су алынады.
Орта Азия мен ел территориясында су тапшылығын тудырмау үшін Ұлттық гидрогеология қызметін қайта құру ісінің қолға алынуы да сайлауалды тапсырманың септігі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында «Экологиялық ойлау» тақырыбында «Су ресурстарын ұтымды пайдалануға, қорғауға және тазартуға бағытталған жаңа Су кодексін қабылдауды қамтамасыз ету» межесі қойылды.
Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа Су кодексін әзірледі. Құжатта су ресурстарын басқаруды қайта қарау, оны қорғау және үнемдеуге басымдық беріліп отыр. Су кодексінің бұған дейінгі редакциядан 6 басты айырмашылығын назарларыңызға ұсынамыз.
Қорғау басымдығы: Жаңа Су кодексінде су ресурстарын қорғауға үлкен назар аударылып отыр. Су ресурстары және ирригация министрлігі тіршілік нәрі көздерін сарқылудан, ластанудан және бітелуден қорғайтын болады және осы бағытта кешенді жұмыс жүргізеді. Су қоры аумақтарында жер қойнауын игеруге тыйым салу: Су қоры аумақтарында Каспий теңізінде мұнай өндіруді, алтын, тұз және емдік балшық жинаудан бөлек, жер қойнауын игеруге тыйым салынады. Себебі пайдалы қазбаларды кең ауқымда игеру шағын өзендер мен олардың салаларының тартылуына әкелді. Мәселе, әсіресе, Алматы, Жетісу, Түркістан және Жамбыл облыстарында өте өзекті. Өзен арналары мен тау бөктеріндегі аймақтарда кен игеру шағын өзендердің жойылуына әкеліп соғады, сондай-ақ жер асты және жер үсті суларының қалыптасуына кері әсер етеді. Су үнемдеу принципі: Министрлік климаттың өзгеруіне бейімделу жағдайында суды үнемдеу бойынша арнайы бағдарламаны әзірлеу мәселесін қарастыратын болады. Суармалы егіншілікке жаңа көзқарас: Қазақстандағы су ресурстарының ең ірі пайдаланушысы - ауылшаруашылық саласы. Министрлік суармалы алқаптардың көлемін арттыра отырып, тұрақты түрде сумен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Ол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе бірнеше дәнді-дақыл түрін кезектесіп немесе қатар өсіру тәжірибесін насихаттауға ниетті. Себебі бір алқапта бірдей дақылдарды өсіру бір мезетте суармалы суға сұраныстың артуына әкеледі. Сондай-ақ суармалы жерлерді жоспарлы түрде сумен қамтамасыз ету үшін су құбырларын бірлесіп пайдалану үшін шаруаларды ирригациялық кондоминиумдарға немесе бірлестікке біріктіруді көздейді. Сумен қамтамасыз етудің жаңа нормалары: жаңа кодекстің маңызды бөлімінде ауыз судың сапасын жақсарту, судың есебін нақтылау және судың сапасын өндірістік бақылау, ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін су жеткізуші мекемелердің жауапкершілігін арттыру қарастырылған. Бассейндік су инспекцияларының құзыретін арттыру: жаңа кодексте бассейндік су инспекцияларына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырумен қатар, су қорын қорғау және қадағалау функцияларын беру қарастырылған. Бұл суды өз бетінше пайдалану, белгіленген лимиттен артық су алу, су қорын қорғау және пайдалану саласындағы заң бұзушылықтарды азайтуға және құқық бұзушылыққа қарсы жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.«Судың да сұрауы бар». Су айдындары мен өзен-көлдердегі сақтық шаралары сайлауалды бағдарламада қозғалды. «Еліміздің су объектілерінің экожүйесін сақтауға, оларды нақты өнеркәсіп орындарының ластауынан қорғауға бағытталған су саласын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу».
Салаға жауапты мекеме Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында су объектілерінің экожүйесін сақтау және оларды ластанудан қорғау мәселелерін қарастырған. Табиғи су объектілерін сақтау және қалпына келтіру келесі іс-шаралар нәтижесінде қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр:
су объектілерінде су жіберу, дренаж және су бұру мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу; кәріз-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау арқылы қоршаған ортаны ластаушы қалдықтардың көлемін азайту; ағынды суларды тазарту мен пайдаланудың ұтымды схемаларын, сондай-ақ айналымды сумен жабдықтау жүйелерін әзірлеу және енгізу; шағын өзендерді оңалту бағдарламаларын әзірлеу; өзендер мен көлдерді тазарту; Солтүстік Арал теңізі мен Сырдария өзенінің салаларын қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар кешені; Қазақстанда Каспий теңізін ғылыми-зерттеу институтын құру; табиғатты қорғау іс-шараларын жүргізу; тозығы жеткен суару жүйелерін қалпына келтіру; иесіз, өздігінен ағып жатқан гидрогеологиялық ұңғымаларды кранизациялау (ұңғымаларға бекіту, арматурасын орнату).Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасындағы су саласына қатысты тапсырмалардың 1 жыл көлемінде жүзеге асқандары. Алдағы алты жылда сайлауалды бағдарламадағы тапсырмалардың толық орындалуы әрдайым Мемлекет басшысының назарында болмақ.