• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Қараша, 2023

Халық дағдарса, долбарға ереді

174 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында («Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы») геосаяси ахуал ушығып, әлем экономикасының буыны қалтырап, тұрақсыздық өршіп тұрған шақта елімізде «ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резервтер мен амал-тәсілдердің бәрі бар» екенін айтқан болатын. Үкіметке дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шараларды көпке ұзатпай қабылдауды тапсырған еді. Халықтың әлеуетін арттыратын шаралар жүйесімен жүзеге асырылып келеді.

Былтыр желтоқсан айында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға қол қойды. Соның нәтижесінде  6 мыңнан астам адам банкрот деп танылып, банктер алдындағы берешегі жойылды.

Биылғы жылы азаматтарды жұмысқа орналастыру  жоспары да қарқынды жүзеге асырылды. 847 мың адам, оның ішінде 420 мың жас жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік теңсіздікті  төмендетіп, қажетті тамақпен қамтамасыз ету мақсатында 97 мыңнан астам бала мектепке дейінгі ұйымдарда тегін тамақтанады. Мүгедектігі бар азаматтар үшін қолдау жүйелі жолға қойылып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы медициналық қызметке һәм  техникалық оңалту құралдарына қолжетімді болды. Халықтың осы санаты үшін 50 мыңнан астам қызмет түрі мен техникалық құрал ұсынылды. «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» жобасының негізінде келешекте 3,3 миллион азаматты оның ішінде 2,3 миллион жасты жұмыспен қамту жоспары түзілді. Ұлттық жобалар мен жеке бастамалардың  негізінде 450 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатыны белгілі. «Екі қолға бір күрек» тауып беру ісінде 200 мыңнан астам жұмыс орны жастарға берілмек. Осы жылдың шілде айынан бастап Әлеуметтік кодекс күшіне еніп, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды күтіміне алған қамқоршының күтім жасау уақыты  зейнетақыны есептеуде еңбек өтіліне саналатын болды. Халықтың осал тобынан шыққан балалар үшін қала сырты және мектеп жанындағы лагерьлер  қолжетімді болады. 2023 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында жұмысынан айырылған 172,3 мың адамға әлеуметтік төлем үшін 37,8 миллиард теңге бөлінді. Бала күтімі бойынша төлем берзімі 1,5 жылға ұзартылды. Мұның барлығы да халық дағдарса, долбарға еретінін түйсінгендіктен қолға алынды. 

Биылғы жылы елімізде төтенше оқиға, бір емес, бірнеше адамның ғұмырын қиған қасіретті жағдай орын алды.  Мемлекет басшысының ұйғарымымен қайта құрылған Абай облысында алапат өрт орманды қызыл жалынға орады. Өкініштісі Успен орман шаруашылығындағы алапат өртті сөндіру кезінде  «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи  резерваты» РММ-нің 14 қызметкері мен трактор жүргізушісінің ғұмыры қиылды.

Вьетнамға ресми сапармен ұшатын күні Президент Қ.Тоқаев аса маңызды, мемлекеттің мүддесі талқыға түсетін шаруаны халқының басына төтеннен төнген оқиғадан жоғары қойған жоқ. 11-13 маусымға жоспарланған ресми сапар кейінге шегеріліп, Мемлекет басшысы Абай облысына барды. Қайғыдан қан жұтқан, бейбіт күнде үйінен қызметтік парызын өтеуге аттанып, сүйегі табытпен оралған марқұмдардың туыстарына көңіл айтып, қайғысына ортақтасты. «Мен қашанда сіздер үшін жауаптымын. Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Өте ауыр жағдай екенін түсінемін. Асыраушыларыңызды, отағасын, ең жақын туыстарыңызды жоғалттыңыздар. Өкінішке қарай, өмірде мұндай қайғылы жайттар болады. Мұны ақтайтын ешқандай себеп болмайды», деген Мемлекет басшысы қаза тапқан азаматтардың отбасына қаржылай қолдау, моралдық көмек те көрсетілетінін айтты. Тілсіз жау жалмаған азаматтардың арасында зейнет жасына жеткен, 20-ға енді іліккен көкөрім жастар, орда бұзар 30 жасты орталаған, 40 пен 50-ді енді еңсерген  жандар кетті. Опат болған ер азаматтардың арасындағы жалғыз әйел адам, орман шаруашылығының басшысы Мейрамгүл Жиенбаева  да қызметтік міндетін атқару үшін ажалға қарсы аттанып, қызыл жалын арасынан аман шыққан жоқ.

Президент қара  жамылған отбасының туыстарымен кездескенде мемлекет әрқашан қамқор болатынын айтты. Қайтыс болған азаматтардың балаларын балабақшаға және жоғары оқу орнында тегін оқыту, зардап шеккен әр отбасыға жеке жәрдемақы тағайындалатынын да ескертті. Президент жанынан арнайы қор құру арқылы көмек көрсетілетінін жеткізді.

Абай  облысының әкімдігі Успен орман шаруашылығындағы өртті сөндіруге аттанып, аман қайтпаған азаматтардың отбасы мүшелерінің санына қарай Семей қаласынан 2-3 бөлмелі пәтер берді. 2023 жылдың 15 маусымындағы дерек бойынша қаза тапқан азаматтардың банк алдындағы берешек несие сомасы 36,2 миллион теңге де толықтай өтеледі. «Қазақстан халқына» қорындағы қаражат есебінен әр отбасыға 7 миллион теңгеден және кәмелеттік жасқа толмаған әр бала үшін 2 миллион теңге материалдық көмек  көрсетіледі. Осы мақсатта «Қазақстан халқына» қорынан 127 миллион теңге бөлінді. Асыраушысынан айырылған отбасы мүшелеріне мемлекеттік бюджеттен ай сайын жәрдемақы төленіп келеді. Мемлекеттік сақтандыру қоры 18 жасқа  дейінгі балаларға, жоғары оқу орнында күндізгі бөлімде оқитын студенттердің оқуы аяқталғанша, 23 жасқа дейінгі жастарға ай сайын әлеуметтік төлем төледі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан  бір жолғы жәрдемақы, жалпы білім беру қорынан мектеп жасындағы балаларға 500 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіліп, жазғы лагерьге жолдама берілді. Ұжымдық шартқа сәйкес  жұмыс берушінің есебінен  біржолғы көмек  көрсетіліп,  жалақы мөлшеріне сай ай сайынғы төлем көрсетіледі. «Қазақстан Халық банкі» АҚ әр отбасыға 3 миллион теңге материалдық жәрдем берді. Облыс әкімдігі «Ақ Ертіс» ҚҚ-мен  бірлесіп қаза тапқан азаматтардың отбасы мүшелеріне көмек көрсету мақсатында қайырымдылыққа демеушілер қаражатын жинау үшін арнайы есепшот ашты.

Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданынан өрт кезінде қаза тапқан 15 азаматтың отбасына пәтер берілді. Әрине қазаның орнын, келте қиылған адамның ғұмырын ештеңе алмастыра да, толтыра да алмайды.  

Қазан айының соңында елімізде тағы да аза тұту күні жарияланды. Қарағанды облысына қарайтын Костенко шахтасында жарылыс болып жер астын үңгіген кеншілердің өміріне қауіп төнді. Өмір мен өлім арбасқан сын сәтінде жанын шүберекке түйіп еңбек еткен 252 кенші қызметіне кіріскен түнгі ауысымда алапат жарылыс орын алды. 206 адам жер үстіне шыққанымен 45 кенші  жарылыс кезінде опат болды. Мемлекет басшысы Қарағанды облысындағы шахтада орын алған қайғылы оқиғада қаза тапқан азаматтардың отбасына көңіл айтып, апаттың  мән жайын  біліп, арнайы шешім қабылдау үшін келді.

«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне апат себептерін  анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды,  қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың отбасына тиісті көмек көрсетуді тапсырдым», деді Мемлекет басшысы. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құруға пәрмен берді. Қаза тапқан азаматтардың жақындарына қайғыра көңіл айтып, зардап шеккендердің  сауығып кетуіне тілеулестік білдірді. «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен  инвестициялық ынтымақтастықты шұғыл тоқтатуды Үкіметке  тапсырды. Шахтадан шыққан өрт фактісімен Қылмыстық Кодекстің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Президенттің тапсырмасымен құрылған Үкіметтік комиссия  апаттың  себептерін тергеп, оның салдарын жоюға міндеттелді.  

Конституцияның 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай жазылған. Демек, әрбір азаматтың ғұмырынан қымбат, құнды ештеңе жоқ.