• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 25 Қараша, 2023

Өңдеу секторын жедел дамытуға басымдық беріледі – Премьер-министр

207 рет
көрсетілді

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді. Онда Қазақстандағы инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша шаралар мен ұсыныстар талқыланды. Премьер-министр Қазақстан Үкіметінің алдында 2029 жылға қарай экономика көлемін $450 млрд-қа, яғни, екі есеге арттыру бойынша ауқымды міндет тұрғанын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Біз ESG принциптерін ескере отырып, бұл уақытта кемінде $150 млрд шетелдік инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсаттарға жету үшін еліміздің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту бағытында жүйелі шаралар қабылдануда», деді ол.

Әлихан Смайылов атап өткендей, Шетелдік инвесторлар кеңесінің келесі пленарлық отырысы «Қазақстанды жаңа индустрияландыру» тақырыбына арналады.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елдің өнеркәсіптік негізін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Үкімет жұмысы инвестициялар көлемін ұлғайтуға, озық технологияларды трансферттеуге, өндірістерді локализациялауға және жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құруға бағытталған. Өңдеу секторын жедел дамытуға басымдық берілетін болады», деді ол.

Оның айтуынша, бұл үшін қажетті заңнамалық база мен институционалдық орта қалыптастырылды. «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданып, жаңадан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылды.

«Үкімет экономиканың өсу серпінін сақтау және елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдайды. Біз шетелдік әріптестерімізді Қазақстандағы жобаларға инвестиция салуға шақырамыз», деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Кеңес барысында Ernst & Young, TotalEnergies, Knauf, KPMG компанияларының өкілдері және ҚР орталық мемлекеттік органдарының басшылары сөз сөйледі.

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр айтылған барлық ұсыныстар мен пікірлердің пысықталатынын атап өтті.