Мексиканың Гвадалахара қаласында ауыр атлетикадан жастар арасындағы әлем біріншілігі аяқталды. Бұл жарыста өнер көрсеткен бес жерлесіміздің екеуі жеңіс тұғырына көтерілді. Алғашқы медаль Едіге Ембердінің мойнында жарқырады. 81 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан қандасымыз қоссайыстың қорытындысы бойынша 336 кг (145+191) зілтемірді еңсерді. Сөйтіп, ер мінезді Едіге ежелгі Ацтек елінде Қазақстанның әнұранын шырқатты.
Жарыстың соңғы күні +87 кг салмақта сынға түскен Айсамал Сансызбаева өз жанкүйерлерін қуантты. Ол 250 кг (107+143) көрсеткішпен күміс медальді иеленді. Қазақ зілтеміршісі тек Ван Лин Ченнен қалып қойды. Тайпейлік спортшы Айсамалдан небәрі 2 кг артық салмақты көтерді. Үшінші орында – бразилиялық Тайане Жустино де Лима.
Бұған дейін де А.Сансызбаеваның жасөспірімдер мен жастар арасындағы байрақты бәсекелерде толағай табысқа қол жеткізгені белгілі. Атап айтсақ, ол 2020-2023 жылдар аралығында Лимада online форматы бойынша ұйымдастырылған әлем кубогінде, Ташкентте жалауы желбіреген әлем және Азия біріншіліктерінде алтыннан алқа тақты.
Өкінішке қарай, өзге ауыр атлеттеріміз сенім үдесінен шыға алмады. Аталған жарыста Егор Шерер (89 кг) жетінші орынды қанағат тұтса, Юлия Трошкина (49 кг) мен Петр Хребтов
(67 кг) оныншы сатыға жайғасты. Былтыр Грекияның Ираклион қаласында ұйымдастырылған дүниежүзілік додаға Қазақстанның жеті зілтеміршісі қатысып, қос жүлдені қоржынға салған еді. Ол кезде Алексей Чуркин (73 кг) күміс алса, Айсамал Сансызбаев (+78 кг) қолаға қол созды.
Гвадалахарада ерлер арасындағы – бәсекеде Иранға тең келер команда табылмады. Парсы елінің апайтөстері 2 алтын мен 3 күмісті олжалап, жалпы командалық есепте көш бастады. Екінші орынды АҚШ-тың толғайлары иеленді. Америкалықтар 2 алтын мен 1 күмісті еншіледі. Үшінші сатыға Армения жайғасты. Қап тауының қырандыры бас жүлденің екеуін иемденді. Үздік бестікті Украина мен Венесуэла (1+0+1) түйіндеді. Одан кейінгі сатыларға Қазақстан мен Мексика (1+0+0) тұрақтады. Ал әйелдер сайысында сенсациялық нәтиже тіркелді. Мексика құрамасы өз тарихында тұңғыш рет үздіктер көшін бастады. Жарыс қожайындары 2 алтын мен 1 қоланы олжалады. Өзге мықты командалардың нәтижелерін мынадай: Тайпей (2+0+0), АҚШ (1+2+0), Эквадор (1+1+0), Түркия мен Украина (1+0+1) және Армения мен Грузия (1+0+0).