Көгалдағы хоккейден жастар және ересектер арасында КСРО-ның 10 дүркін чемпионы, КСРО спартакиадасы мен кубогі және Еуропа чемпиондар кубогінің иегері, аталған спорт түрінен 1977 жылдан бастап, өзі спорттан қол үзген 1982 жылға дейін бес жыл КСРО құрамасының капитаны болған марқұм Саян Шаймерденов (1953-2002) тірі болса, мерейлі 70 жасқа толар еді.Бұл тұлғаны қазақ спортының жарық жұлдызы десек жарасады. Әттең, өмірден ерте озды. Абай атамыз айтқандай, «жарқ етті де, жоқ болды». Бірақ артына құйрықты жұлдыздай өшпес із тастап кетті. Оның ойын өрнегі мен шеберлігі жайлы атақты бапкер Эдуард Айрих 70-жылдардың аяғында «Ленинская смена» газетінің тілшісіне берген сұхбатында: «Саян дара туған талант, ғажайып хоккейші, ол алаңда болмаса, команданың ойыны қиыспайды. Шабуылдың бәрі сүреңсіз көрінеді. Ал Саян алаңға шықса, жұдырықтай допты өзіне магнитше тартады. Команданың орталық шабуылы осы жігітке сеніп тапсырылған...» депті.
Сәбеңнің қамшысы
Көгалдағы хоккейде арғымақ аттай арындап шапқан Саян Шаймерденовті бұл спортқа жетелеп алып барған адам – оның әкесі, үлкен жазушы, қазақ зиялылары көшбасшыларының бірі Сафуан аға екен. Бұл алпысыншы жылдардың ортасы болатын. Допты хоккейдің енді-енді қанат жайып келе жатқан заманы. Бала Саян кішкентай күнінде тыным таппай тыпыршып далаға жүгіретін. Қарашада қырбақ қар түсіп, желтоқсанда майда қоңыр таудың самалына бауырын жібітіп, қаңтар түссе қататын ауладағы көктайғақта Саян көппен бірге коньки тебетін.
Ол заманда қазіргідей бәтіңкенің табанына қапсыра шегелеп, тобық тұсы сірі терімен айнала көмкерілген заманауи конькилер жоқ. Жоқ емес-ау, өте аз. Екінің бірінің қолына түсе бермейді. Бірақ оған қарап жатқан Саян жоқ. Қолына түскен кендір жіппен темір конькиді пимасына шандып байлап алып, ауланы айнала шабады. Одан калды көрші ауланың балаларымен жарысады.
Бірде мынадай қызық болыпты. Атақты Сәбең, яғни заңғар жазушы Сәбит Мұқанов ауылдас інісі Сафуанға қазақтың бүлдіргелі, жіңішкелеп тілінген сегіз өрім таспалы, тобылғы сапты қамшысын сыйлапты. Оны Сафекең тәбәрік ретінде қақ төрге іліп қояды. Аяғына байлаған кендір жібі үзіліп, мазасы кеткен Саян үйге кіріп келіп, қақ төрде тербеліп тұрған қамшыға көзі түседі. Күлімдеп барып қолына алады. Қамшының тұйық ұшын тарқатып көрсе, шашырайтын түрі бар. Жіңішке қайыс таспа коньки байлағанға табылмайтын құрал сияқты. Көктен іздегені жерден табылғанын қарамайсыз ба? Содан бала Саян отыра қалып тәбәрік қамшыны тарқатады. Жұмсақ иленіп, шебер тілінген жіңішке қайыспен темір конькиді қара пимаға байлап алып, арындап аулаға шығады. Аттай тулап, коньки тебеді. Қолды-аяққа тұрмай сырғанайды.
Үйдің кіреберіс есік көзінде жатқан өрімі жоқ, тобылғы сапты қамшының жұрнағын көрген Сафуан әке бір сәт тосылып қалды да, аулада сүтке тойған құлындай шапқылап жүрген ұлын көріп, кең қабағын бір қайшылаған да қойған. «Қуаты бойына сыймай жүрген бұл ұлды коньки тебетін хоккейге бермесе болмайтын түрі бар...». Оның бер жағында ауланың тайғақ мұзы наурыздың ортасында буға айналып, көкке ұшып жоқ болады. Конькиге талапты бала ала жаздай қара жерде сырғанай ма? «Қой, бұл баланы одан да жыл он екі ай мұзы ерімейтін спорттық айдынға алып барайын!»
Осылай көреген әке 12 жасар бала Саянды Алматыдағы «Динамо» стадионына жетелеп әкеліп, мұз үстіндегі допты хоккейдің жас бапкері Владимир Алешиннің қолына тапсырды.
Көгалдағы хоккейден КСРО чемпионы атанған тұңғыш қазақ
«Іздегенге – сұраған» дегендей, Саян Сафуанұлы басқалардай емес, тез шиырықты. Айналасы төрт жылда кәдімгідей «сен тұр, мен атайын» дейтін дәрежеге жетті. Тіпті допты хоккейдің екі түрімен (мұз үстіндегі және көгалдағы) қатар айналысты. Қысқасы, қысы-жазы дамыл таппады. Оның сыртында мектеп қабырғасында оқып жүрген баланың сабағы деген тағы бар.
Сонымен Саян бала 1971 жылы орта мектепті бітіріп, Қазақ мемлекеттік денешынықтыру институтының студенті атанды. Дәл осы жылы атақты «Динамоның» жастар құрамына мүшелікке қабылданды. Құдай оңдап тағы да осы жылы тарихта тұңғыш рет көгалдағы хоккейден жастар арасында КСРО біріншілігі өте қалмасы бар ма. Оған тұлпардай тулаған Алматының «Динамосының» сапында Саян да барды. Апыр-топыр ойын басталды. Динамолықтар іріктеу сынында өз тобында көш бастады.
Соңғы турға төрт команда аяқ басты. Олар: Свердловскінің «СКА»-сы, Горькийдің «Старты», Сызраньның «Торпедосы», Алматының «Динамосы». Біздің жігіттер осы сында қарсыластарынан басым түсіп, тұңғыш рет жастар арасында КСРО чемпионы атанды. Ал «Динамоның» ересектері шешуші сында Ульяновскінің «Волгасына» жол беріп, екінші орынға тұрақтап қалды.
Атақты бапкер Эдуард Айрихтің қырағы жанары Саянды жіті қадағалап жүретін. Нәтижесінде, Эдуард Фердинандович 1973 жылы Саянды ересектер құрамасының қатарына қосып жіберді. Шіркін, Саянның бала күнгі арманы осы еді ғой. Имек таяғын иіріп, көк жүзінде жебедей жүйткіген сұқсыр үйректей жарқылдады. Міндеті – құраманың жартылай қорғаушысы. Осы жылдың жазында көгалдағы хоккейден ересектер арасында КСРО біріншілігі жалауын көтерді. Сынға түскен 16 команданың ішінен алматылықтар топ жарды. Саян Сафуанұлы осылай көгалдағы хоккейден қазақ ұландары ішінен КСРО чемпионы атанған тұңғыш қазақ ретінде тарихта қалды.
1976 жылы Қазақстан спортындағы үлкен оқиға көгалдағы хоккей мен мұз айдынындағы хоккей ресми түрде бөлінді. Бұрын ойыншылар екеуіне бірдей қатыса беретін. Саян көгалдағы хоккей командасының құрамына барды әрі команда капитаны атанды. Тағы бір есте жүрерлік дүние, 1977 жылы Саян Шаймерденов көгалдағы хоккейден КСРО-ның үздік 22 ойыншысының қатарын толықтырды, алып держава КСРО құрамасының капитаны тізгінін қолына алды.
Дара туған талант
Кезекті бір Одақ біріншілігінде алматылықтар кәнігі қарсыласы Свердловскінің СКА-сымен жан беріп, жан алысып айқасып жатқан. Біздің командаға чемпион атану үшін жалғаз ұпай керек. Динамоның сайыпқыран ойыншылары Александр Гончаров, Михаил Ничепуренколар армияшылардың осал тұсын таппай қан сорпасы шықты. Соққысы жайдың оғындай Александр Ионкиннің атқан добы далаға кетіп команданың ойыны қожырай бастайды. Бар-жоғы жалғыз доп қарсыластардың торында тулап жатса бітіп-ақ тұр. Қолсозым жердегі чемпиондық атаққа жете алмай, динамолықтар тарыға бастады. Ойынның аяқталуына 15 минут...
Мұндайда не істеу керек? Бас бапкер Эдуард Фердинандович жан берерде ататын соңғы оғы сияқты қапталда отырған Саянды ойынға қосады. Дәл осы сәтте төреші динамолықтардың пайдасына айып добын белгіледі. Оны Ионкин шірене тұрып тартып жіберді. Зымырай ұшқан доп оқтай зулап барып, қақпашының таяғынан табылып, қайтадан кері серпілді. Манадан бері «шіркін, жеңіс, тарыға шапқан тауықтай келгенің бе?» деп іштей қуанып тұрған алматылықтардың үміт оты су құйып жібергендей сөне берді, сөне берді... Қақпаға кірмей қайтқан доп, қалықтап алаңның ортасына қарай ұшып келеді, ұшып келеді...
Осы сәтте алаңның жиегіне жетіп үлгерген Саян қалықтаған допқа қарай құстай ұшты. Бастапқыда оны ешкім аңдаған жоқ. Тіпті армияшылар жеңіс тойын тойлауға қамдана бастаған сыңайлы. Бірақ дүние күрт өзгерді. Әуелеген допты жерге түсірмей, имек таяқпен қарқып үлгерген Саян қарсылас қақпасына қарай қайтадан зымыратты. Жаудың бетін қайтарып масаттанып тұрған қақпашы ес жиып үлгерген жоқ, артындағы қақпада тулап жатқан допты бір-ақ көрді. Осылай алматылықтар Саян Сафуанұлының арқасында төртінші дүркін КСРО чемпионы атанды.
Бұйырмаған бақ
1979 жыл туғанда Саян Шаймерденов көгалдағы хоккейден кеңес одағын толық мойындатты. Жалпы дерек үшін айта кеткен дұрыс болар, ересектер арасында «Динамо» сапында КСРО чемпионы атағын жеті мәрте жеңіп алған үш ойыншы бар. Олар: Саян Шаймерденов, Фарид Зигангиров, қақпашы Минеула Азизов.
1980 жылы динамолықтардың сапынан тоғыз ойыншы КСРО құрамасы қатарында өнер көрсетіп жүрді. Бұл Мәскеу Олимпиадасына Қазақстаннан тоғыз спортшы қатысады деген сөз. Олар: шабуылшылар – Саян Шаймерденов, Михаил Ничепуренко, Александр Гончаров, қорғаушылар – Игорь Рыжков, Фарид Зигангиров, жартылай қорғаушылар – Олег Загородиев, Александр Мясников, Александр Ионкин, қақпашы – Минеула Азизовтар болатын.
Содан олимпиаданың басталуына тура бір ай қалғанда КСРО құрама мүшелері дәрігерлік бақылаудан өтетін болды. Қызық болғанда медициналық тексеру Саянды ауру деп тапты. «Бауырында ісік бар, спорттық жарыстарға қатысуға болмайды» деген шешім қабылдады. Саян аң-таң. Өмірде мұндай ауру барын білмейді, алғаш рет дәрігерлерден естіп тұр. Басқасы басқа, дүниенің дүбірлі додасы Олимпиадаға қатыспайтыны жанын жегідей жеді.
Ол кезде Эдуард Фердинандович сырқаттанып ауруханада жатқан. Жүгіріп ұлттық құраманың бас бапкері Михаил Осинцевке барды. «Ағатай-ау, менде сырқат жоқ, бұл не сұмдық!». Бас бапкер: «Дәрігерлер қателеспейді, шырағым, бар да емдел!» деп қысқа қайырды.
Бұйырмаған баққа шара бар ма, айтулы жарысты Саян көрермендер ортасында отырып тамашалады. Кеңес құрамасы жүлделі үшінші орын, қола медальға қол жеткізді. Мүмкін команда капитаны сайыпқыран Саян ойнағанда кеңес одағы құрамасы күміс, мүмкін алтын алар ма еді...
Бір қызығы, олимпиададан кейін «көреген» дәрігерлер Саянға алаңға шығуына рұқсат берді. Жоғарыдағы оқиғадан кейін ой түйген Саян өз қатарына қазақ азаматтары Серік Қалымбаевты, Марат Маңғыбаевты, Сұлтан Қобыландинді тартты. Осы інілеріне қамқор бола жүріп, 1982 жылдың жүзін де көрді.
Бапкерлікке бет бұру
Саянның спорттық өміріндегі елеулі жетістік 1982 жылы КСРО-ның азулы алты командасы қатысқан турнирде топ жарып, Еуропа чемпиондарының кубогі жарысына аттануы еді. Франция елінің астанасы Париж қаласында өткен жарыста Саянның командасы алтын медалін жарқыратып жеңіспен оралды. Осы жылы динамошылар тоғызыншы дүркін КСРО чемпионы атанды.
Осы жылдың соңында көгалдағы хоккейден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Саян Сафуанұлы үлкен спортпен қош айтысты. Алғашында Алматы қаласындағы РШВСМ-ның командасына бапкер болып барады. Бірақ көп жыл бірге жүріп, біте қайнасқан ортасын бір сәтте тастап кету оңай болмаған сыңайлы. Командалас досы Фарид Нұрғалиұлы айтады: «Саян алғашқы айларда РШВСМ-дағы жұмысы аяқтала салысымен бізге жетіп келетін. Біз жеңіске жетсек қуанып, сәтсіздік көрсетсек ренжіп жүрді. Спортқа жан-тәнімен берілген Саян сияқты адамды кездестіру қиын: біртуар тұлғаның қадірін дер кезінде біле алмадық», дейді.
Саян бапкерлік қызметін атқара жүріп елімізде көгалдағы хоккейдің дамуына барынша үлес қосты. Көгалдағы хоккейден Азия федерациясының президенті, Малай елінің королі Аслан Шахпен жақсы дос еді. Осы кісі Қазақстанға заманауи алаң салып берейік, қаржының 70 пайызын біз береміз, қалған 30 пайызын шығарыңдар депті. Біздің жақ аузын қу шөппен сүрткен.
Бүгін Саян Шаймерденовтің 70 жылдығында осы сала туралы жан-жақты ойлану мемлекеттік мәселе деп білеміз. Көгалдағы хоккейден Саян ізбасарлары шығуға тиіс.
«Саянға ұстаз болғанымды мақтан тұтамын»
– Менің төл шәкірттерім арасында Саянның орны бөлек. Ол өте сауатты ойнайтын әрі өте білімді жігіт еді. Біздер жақын достар сияқты жақын араластық. Сондай-ақ Саян үлкен спорттан қол үзген соң бапкерлікке ауысты. Алматының «Связист» қыздар командасын жаттықтырған жылдары республикалық жарыстарда ешкімге дес бермей, одақ деңгейіндегі турнирлерден жүлде әкеліп жүрді.
Мен қақпада тұр едім, Саян доп қуалап жүйткіп келіп қалған екен, мен тәртіпті бұзып қақпаға көлденең жата кеттім. Бұндайда тәртіп бұзғаным үшін Саян маған ренжуі керек болатын. Бірақ ол үндемей кете берді. Ойын соңында жаныма келіп: «Владимир Антонович, ұстаз бен шәкірттің бір-біріне қарсы келуі қай жақсылық дейсіз, күнәден аулақ болайық...» деп кішіпейілдік танытты. Мен осындай азаматтың ұстазы болғанымды мақтан тұтамын.
Владимир АЛЕШИН,
С.Шаймерденовтің алғашқы бапкері
«Ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын»
– Саян екеуміздің жастық шақтағы жақсы күндеріміз хоккей алаңында өтті. Жылында кемінде бес рет шетелге шығып жүрдік. Бұл деген – барымызды сығып береміз деген сөз. Саян одаққа танымал Александр Гончаров, Михаил Ничепуренко, Олег Загородневтерден бір мысқал кем ойнамайтын. Тіпті олардан асып кететін кездер де болып тұрды.
Сыртқа жарысқа барғанда міндетті түрде қонақүйде бірге жатамыз. Саян өте аз ұйықтайтын. Әңгіме айтқанда шебер еді, қиялы ұшқыр болатын. Әсіресе оның есте сақтау қабілеті ерекше. Білім жағынан ешкім онымен шендесе алмайтын. Ол орташа ойнау дегенді білмеді, тек жоғары деңгейде ғана ойнайтын.
Көгалдағы хоккейден КСРО құрамасына капитан болу тек Саянға бұйырды. Капитан сайлау жабық дауыспен өтетін. Ойыншылар оған Саянды лайық көретін. Капитан деген – бас бапкердің көмекшісі. Оған менің досым білімі мен еңбекқорлығының арқасында жетті. Бір өкінетін жағдай, Саян спорттан ерте кетті. Жеке бас мүддесін ел мүддесінен жоғары қоятын азамат еді.
Фарид ЗИГАНГИРОВ,
көгалдағы хоккейден Олимпиаданың қола жүлдегері
«Жұбымыз жазылмайтын еді»
– 1953 жылы жазушы Сафуан Шаймерденовтің шаңырағында екі қыздан кейін дүниеге келген ұлға Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды қазақтың марғасқалары «тау тұлғалы азамат болып өссін» деген ізгі ниетпен, ырымдап Саян деп ат қойыпты. 1961 жыл мен туыппын. Үлкен әкем Сафуан: «Қазақтың сахарасында дүниеге келген бұл бала маған – ұл, Саянға – іні, өзі даладай кең болсын, атын Сайын қоямын» деп ат қойыпты. Сөйтіп, Саян – қалада, мен 15 жасыма дейін атамның бауырында, далада өстім. Өкінішке қарай, өз әкемнен тым ерте айырылып қалдым. 1976 жылы Алматыға келіп, содан 1996 жылы қызмет бабымен еліміздің жаңа орталығы Астанаға қоныс аударғанға дейін 20 жыл Саян екеуміздің жұбымыз жазылған жоқ.
Саян білімді, зиялы, тәрбиелі әрі өте қарапайым еді. Атақ-даңқтың буына ешқашан басы айналып көрген жан емес. Адамгершілігі мен адалдығын, отандық спорт алдындағы ерен еңбегін бағалаған болар, сол кездегі Спорт агенттігінің басшылары оны әлденеше рет Астанаға үлкен лауазымды қызметтерге де шақырды.
Алайда бір жағынан Алматыдағы егде тартқан әке-шешемізді, өзі жанындай жақсы көретін хоккейін қимағандықтан, «спортта менсіз де бастық жетеді ғой, қинамаңдар» деп ат-тонын ала қашатын. Қолы босай қалған сәтінде кітап оқитын. Қай елдегі турнирге баратын болса, сол мемлекет туралы мәліметтер жинап, конспекті жазып отырғанын талай көрдім. Ағылшын тілін жетік білетін. «Осының не қажеті бар» десем, «Шетелдерде Қазақстан туралы білетіндер некен-саяқ. Тіпті көпшілігі бізді әлі күнге мал соңында жүрген көшпелі, қараңғы халық деп ойлайды. Сондықтан оларға білімділігімізді көрсетіп, мәдениетті, өркениетті ел екенімізді танытуымыз керек», дейтін.
Өз басым 2012 жылдан бастап «Сафуан және Саян Шаймерденов» атты қоғамдық қор құрып, екі тұлғаны насихаттау ісіне атсалыстым. Нәтижесінде, қор бірқатар келелі жұмыс атқарды. Атап айтқанда, 2012 жылы Сафуан әкеміздің 90 жылдығына байланысты мәдени іс-шаралардың өткізілуіне, 2013 жылы Саян Сафуанұлының 60 жылдығы қарсаңында Алматы қаласында көгалдағы хоккейден үлкен турнир ұйымдастыруға мұрындық болған едік. Өткен жылы Сафуан әкемнің 100 жылдық мерейтойы осы қордың аясында Қызылжар өңірінде жоғары деңгейде атап өтілді. Бұл – менің әулет тірегі Шаймерденовтерге деген құрметім.
Сайын ЕСМАҒИ,
інісі