«Iqostanay» смарт-орталығында дарынды шәкірттердің қарым-қабілетін ұштауға, баланың жаны қалаған ғылым саласына ден қойып, өнер үйренуіне қажеттің көбі табылады. Құны 11,3 млрд теңге болатын қосымша білім беру орталығының іргетасы былтыр қаланған. Содан бергі бір жылдан аса уақыт ішінде құрылысы толық аяқталып, балалардың игілігіне беріліп отыр.
Заманауи сәулет үлгісімен салынған, ауданы 12 мың шаршы метр болатын үш қабатты ғимаратта соңғы буынды компьютерлермен жабдықталған киберспорт залы, инженерия, гидропоника, аквапоника кабинеттері, виртуалды шындық бөлмесі, 3D модельдеу кабинеті, роботтехника және күн батареясы мен жел генераторлары бар жаңартылатын қуат көздері үйірмесі, 300 орындық мәжіліс залы, LED экраны бар коворкинг залы, медиа құрылғылармен жабдықталған оқу залы, режиссерлік және актерлік шеберлік шыңдайтын кабинеті бар. Оқушылар сарайында 1 300 дарынды балаға арналған ғылыми техника, экология және биология, эстетика бағыттарындағы 48 үйірме жұмыс істейді. Смарт-орталық ашылған күні облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы бас сұғып, кабинеттерді аралап көрді.
– Енді балаларға мектептен тыс уақытта ғылыми ізденістермен айналысып, білімін арттыруға, бойдағы қабілетті жетілдіруге мүмкіндік бар. Жаңа орталық оқушылардың білім деңгейін дамытып, республикалық, халықаралық білім жарыстарына жиі қатысуына жол ашады. Баланың жан-жақты дамуына жақсы жағдай жасалған мұндай орталықтар ауыл балалары үшін де ауадай қажет. Бұл мәселені біз алдағы уақытта аудан әкімдерімен бірге талқылайтын боламыз. Ол үшін жақсы ғимарат іздеу керек, облыс қазынасынан қаражат бөлінуге тиіс, – деді әкім.
«Iqostanay» смарт-орталығында оқушыларды ғылыми техникаға үйрететін 26 топ, экология мен биология бойынша 8 топ, эстетикалық бағыт бойынша 14 топ ашылады деп жоспарланған. Әзірше 850 ата-анадан өтініш түсіпті. Жаңа білім мекемесіне 84 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
– Бізде еңбек өтілі жоғары білікті мұғалімдер де, жаңа келген жас мамандар да бар. Сонымен қатар С.Мәуленов атындағы гимназия, физика-математика лицейі сияқты инновациялық мектептердің мұғалімдері де қосымша жұмыс істейді, – дейді «Iqostanay» оқушылар сарайы директорының міндетін атқарушы Мұрат Нұржанов.
Қостанай облысы