• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Қараша, 2023

ЕЭК кеңесі: Электрмобильді бажсыз әкелу қарастырылды

153 рет
көрсетілді

Мәскеуде өткен ЕЭК кеңесінің кезекті отырысында одақ елдері­нің интегра­циясындағы кедергілерді жоятын және сауда-экономикалық қатынастарын жеңілдететін бірқатар шешім қабылданды.

Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекет­тердің мемлекеттік сатып алулары аясында алынатын тауарлардың тізбесін кезең-кезеңмен кеңейтіп жатыр. Тізім тағы бір позицияға кеңейді, бұл – киім-кешек пен керек-жарақтар, оның ішінде қолғаптар, резеңке қолғаптар бар. Еске сала кетейік, биыл отандық кәсіпкерлердің ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің 63 тауар түрі бойынша мемлекеттік сатып алуларына қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Бұдан басқа өндірістік және технологиялық операциялардың бірыңғай шарттары көзделмеген 276 тауар позициясы бойынша СТ-1 сертификатын пайдалану мүмкіндігі 1 жылға ұзартылды.

ЕАЭО-ға мүше мемлекет­тердің кеден­дік шекарасы мен аумақ­тарында ветери­на­­рия­лық бақы­лауды жүзеге асыру­дың бірың­ғай тәртібіне өзге­ріс­­­тер ен­гі­зіл­ді. Атап айт­қан­да, бір­қатар термин түзе­тілді, ветеринариялық, дәрілік, диаг­нос­тика­лық, дезин­фекция­лық және басқа да құрал­­дар­­ды, сондай-ақ жемшөп қоспа­ларын әкелу және ауыстыру шарт­тары, ветери­на­риялық серти­фи­каттардың нысандары анық­­талды. Ветеринариялық бақы­лау кезінде зерт­ханалық сынақ­тар жүрг­ізуді ұйымдастыру бөлі­гін­дегі нормалар да толықтырылды.

ЕЭК кеңесі 2024 жылға ар­нал­ған ЕАЭО елдеріне сиыр етін бажсыз өткізу квоталарын бекіт­ті. Қазақстанда еттің осы түрі­н­ің өндірісі ішкі қажеттілікті іс жүзінде то­лығымен жабатынын ескере отырып, елі­міз үшін квота мөлшері ең төменгі 5 мың тонна көлемінде айқындалды (Ресей – 100 мың тоннаға дейін, Армения – 8,5 мың тоннаға дейін, Беларусь – 7,5 мың тоннаға де­йін, Қырғызстан – 3,5 мың тон­наға дейін). Импортталған сиыр етінің қосымша көлемі өңдеу­ге бағытталады. Бұл шара еліміз­дегі шұжықтар мен басқа да ет өнім­дерінің құнын арзандатуға мүм­кіндік береді деп күтіліп отыр.

Екі жылға (2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге Элек­тр­мобильдерді бажсыз өткізу ұзар­тылды. Бұл Электрмобильдер нарығын одан әрі дамытуға, заря­дтау инфрақұрылымын дамыту­ға және ірі қалалар­дағы экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.

Жоғары Еуразиялық экономи­калық кеңестің келесі жылы «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясын іске асыру жөніндегі жол картасын дайындау туралы өкімінің жобасы келісілді, оны Жоғары кеңес биылғы желтоқсан айының соңында бекітуді жоспарлап отыр. Жобаны биылғы қазан айында Бішкекте ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары мақұлдады. Бұл құжат қауіп­сіз және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ұмтылуға ба­ғыт­талған ЕАЭО құқығы аясында техникалық реттеу және стан­дарттау саласын одан әрі дамытуды декларациялайды. Тұжырымдама стандарттарды біріздендіруді не үйлестіруді және сапа мәселелерін ұлттық деңгейден жоғары деңгейге беруді көздемейді.

Сонымен қатар қарашада өткен ЕЭК кеңесінде үшінші ел­дер­мен сауда жасау кезінде тариф­­тік емес реттеу шаралары қол­данылатын тауарлардың экс­пор­ты мен импортына ли­цензия­лар мен рұқсат­тар беру қағид­аларының жаңа ре­дак­циясы бекітілді. Өзгерістер авто­мат­тандырылған режімде электрондық құжат айналымына көшуге да­йын елдерге лицензияларды автоматты түрде беруге мүмкіндік береді.

ЕЭК Кеңесінің келесі отырысы 12 жел­тоқсанда онлайн режімде өтеді.