Астанада өткен республикалық «Worldskills Kazakhstan 2023» кәсіби шеберлігінің VIIІ чемпионатына 545 колледж студенті мен 520 сарапшы қатысты. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова кәсіби мамандықтары бойынша бақ сынап жатқан жастармен кездесті.
Сайысқа қатысып жатқан жастар – еліміздің әр аймағынан үздік шыққан студенттер. Вице-премьерге «кірпіш қалау», «шаштараз», «мейрамхана сервисі» секілді бағыттар бойынша жарыс өтіп жатқан алаңдар көрсетілді.
«Қазір елімізде «Баршаға қолжетімді сапалы білім» атты ұлттық баяндама жобасы талқыланып жатыр. Онда колледжде берілетін білім мен біліктілікке көп көңіл бөлінген. Цифрлық технологиялар қанша дамып жатса да, дәнекерлеуші, сантехник, тұрмыстық техниканы жөндеушілер, көлік механиктері, т.б. кәсіби мамандарға сұраныс азаймақ емес. Бұл чемпионаттың жастар арасында осы мамандықтарды дәріптеуде маңызы зор. Жарыста сіздерге сәттілік тілеймін!», деді Т.Дүйсенова.
Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырып жатқан жарыс «ЭКСПО» халықаралық көрме орталығында өтіп жатыр. Чемпионатта автокөлік жөндеу, сантехник, жылу желілері, электроника, мобильді роботтехника сынды 30 түрлі біліктілік бойынша үздіктер анықталады.
Жарыс қорытындысы бойынша оза шапқан студенттер келер жылы Францияда өтетін әлемдік сайыста ел намысын қорғамақ.