• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Инвестиция 27 Қараша, 2023

Инвестиция тартудың жауапты кезеңі

154 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайылов Шетел инвесторлары кеңесінің ара­лық отырысын өткізді. Онда Қазақ­стандағы инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша шаралар мен ұсыныстар талқыланды.

Премьер-министр Қазақстан Үкіметінің алдында 2029 жылға қарай экономика көлемін 450 млрд долларға, яғни екі есеге арттыру бойынша ауқымды міндет тұрғанын атап өтті.

«Біз ESG принциптерін ескере отырып, бұл уақытта кемінде 150 млрд доллар шетел инвестициясын тартуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсаттарға жету үшін еліміздің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр», деді ол.

Ә.Смайылов атап өткендей, Шетел ин­вес­­торлары кеңесінің келесі пленарлық отырысы «Қазақстанды жаңа индустрияландыру» тақырыбына арналады.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елдің өнеркәсіптік негізін қалыптастырудың маңызын атап өтті. Үкімет жұмысы инвестициялар көлемін ұлғайтуға, озық технологияларды трансферттеуге, өндіріс­терді локализациялауға және жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құруға бағытталған. Өңдеу секторын жедел дамытуға басымдық беріледі», деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, бұл үшін қажетті заңнамалық база мен институционалдық орта қалыптастырылды. «Өнеркәсіптік сая­сат туралы» заң қабылданып, жаңадан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылды.

«Үкімет экономиканың өсу серпінін сақтау және елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту жөнінде барлық қажетті шараны қабылдайды. Біз шетелдік әріптестерімізді Қазақстандағы жобаларға инвестиция салуға шақырамыз», деп атап өтті Ә.Смайылов.

Кеңес барысында Ernst&Young, TotalEnergies, Knauf, KPMG компания­лары­ның өкілдері және еліміз орталық мемлекеттік органдарының басшылары сөз сөйледі.

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр айтылған барлық ұсы­ныс пен пікірдің пысықталатынын атап өтті. Сондай-ақ іс-шара аясында Ә.Смайылов Шетел инвесторлары кеңесін және жалпы республиканың инвестициялық ахуалын дамытуға қосқан үлесі үшін алғысхаттар табыс етті. Атап айтқанда, Coca Cola Içecek Kazakhstan, Microsoft, Baker&McKenzie, Cameco Kazakhstan, Chevron Corporation, Deloitte, Exxon Mobil, Glencore, Marubeni компанияларына берілді.

«Осы жылдары бірлескен күш-жігер арқылы жаңа өндіріс орындары іске қосылды, ірі жобалар жүзеге асырылды, ең бастысы, мыңдаған жұмыс орны ашылды. Ынты­мақ­тастығымыз өзара тиімді болып, үлкен перспективаларға жол ашып, тұрақ­ты түрде дами беретініне сенімдімін. Қазақ­стан Үкіметі инвестициялық байланыстарды тереңдетіп, жаңа бірлескен жобаларды жү­зеге асыруға дайын», деді Премьер-министр.

Осы орайда Шетел инвесторлары ке­ңесі Қазақстан Президентінің жанындағы консуль­тативтік-кеңесші орган екенін айта кету керек.