• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 27 Қараша, 2023

Аграрлық ғылымды дамытудың алғышарты

208 рет
көрсетілді

Сенатта «Аграрлық ғылымды дамытудағы және агро­өнеркәсіптік кешен үшін мамандарды даярлаудағы өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбындағы Үкімет сағаты өтті.

Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміз­дегі аграрлық саланың өзек­ті мәсе­лелеріне ерекше назар аудар­ғанын атап өтті.

«Қазақстандағы аграрлық сала қуатты болуы керек, ғылым­ға және жоғары білікті мамандарды даярлауға ерекше назар аударылуға тиіс. Өкінішке орай, шаруаларға керектінің көбісін шетелден аламыз. Бидай тұқымын, минералды тыңайтқыштарды, техниканы сырттан тасимыз. Жердің құнар­лығын жақсарта­тын ғылы­ми негіздерді де енгізе алмай жүрміз. Кейбір техника мен технологияны басқа елден алып келуге біз қарсы емеспіз. Мүмкін, ол тиімді болар. Бірақ жердің құнарлы­ғын арттыру, себетін тұқым мен органика­лық тыңайтқыш­тар­ды өндіру, өз жағдайымызға бейімдел­ген шаруашылықты дамыту, оның өнімділігін көбейту, әлемге ұлт­тық өнімдерді шығару – тек өзіміздің міндетіміз, ғылымның міндеті», деді Ж.Асанов.

Аграрлық мәселелер, таби­ғатты пайдалану және ауыл­дық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев отырыс барысында еліміздегі аграрлық сала әлі де зор шығындарды талап ететінін жеткізді.

«Еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде – өндірісті ғылыммен ұштастыру, ғылымды жаңа деңгейге көтеру арқылы жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ осы салада еңбек ететін білікті мамандарды даярлау маңызды рөл атқаратыны бәрімізге белгілі. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда қазір­гі ауыл шаруашылығы жоғары технологиялы сала болуға тиіс, оны жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді деген болатын», деді Ә.Бектаев.

Үкімет сағаты отырысына Сенат депутаттары, ауыл шаруа­шылығы министрі Айдарбек Сапаров, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, аграрлық саладағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерт­теу институттарының басшылары, тәуелсіз сарапшылар және басқалар қатысты.

Сенатор Ә.Бектаев Үкімет сағатының жұмысын қоры­тын­дылай келіп, басқосуда талқы­ланған мәселелер мен олар­дың шешімдері және ұсыныс­тар пысықталатынын, одан ке­йін Үкі­мет атына жіберілетін ұсыным­дарға енгізілетінін атап өтті.