Кейінгі 365 күнде не өзгерді? Бір қарағанда қас-қағым сәт сияқты. Бірақ жасалып жатқан саяси-экономикалық реформалар бір жылда да біраз жұмысты атқаруға болатынын дәлелдеді. Бастысы, Қазақстанның демократиялық даму бағдары айқындалды.
Президент сайлауы елдегі саяси өзгерістерге түрткі болды. Нәтижесінде, Парламенттің қос палатасы да, мәслихаттар да қайта сайланып, жаңартылды, 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалада алғаш рет әкімдер сайлауы өтті. Әрине, сайлаушылардың өз дауыстарының маңыздылығын толық сезінуі үшін бұл өте аз уақыт. Бірақ сайлау мәдениетінің негізі қаланды. Ауыл әкімі, мәслихат, Парламент депутаттығына сайлауға көзқарас өзгерді. «Халық – билік, билік – халық» деген формуланы дәл осы сайлаулар айқындай түсті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары орындала бастағаны белгілі. Бағдарламаның түп қазығы экономикада адал және нақты ереже белгілеу болатын. Жылдар бойы талан-таражға түскен мемлекет байлығы қайтарыла бастады. Шамамен 1 трлн теңге сомасындағы заңсыз сатып алынған активтер елге қайтарылды. Экономиканы монополиясыздандыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасып келеді. Монополиясыздандыру жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелері бойынша республикалық меншікке өтті.
Мемлекет салықтық, бюджет, ақша-кредит және тарифтік саясатты теңгерімді және ашық жүргізіп, ішкі өндірісті және шикізаттық емес экспортты ынталандыратын болады.
Қ.Тоқаев Президент болған бірінші жылда сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөнінде іргелі дайындық жұмыстары жүргізілді. Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері мемлекеттік органдардың ағымдағы жоспарларымен үйлестірілді, оны іске асыру үшін заңнамалық негіз жасалды.
Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында елді дамытудың жаңа экономикалық үлгісіне көшуді белгілеп берген еді. Нәтижесінде, 2022-2023 жылдары 41,3 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Өнеркәсіп салаларының орта және жоғары қайта бөлу өнімдерін өндіруге қажетті базалық материалдың қажеттілігіне талдау жүргізілді. Отандық өндірушілер мен өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері арасында шикізат жеткізу бойынша міндеттемелерді енгізуге бағытталған «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңға түзетулер әзірленді. Бұл өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының қолжетімді бағадағы шикізатпен толық қуатында қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін тауарларды өткізудің ашықтығын қамтамасыз ететін тұтас кешен – Ұлттық қадағалау жүйесі енгізілді.
Мұның өзі бірінші жылы оң өзгерістер бойынша жақсы қарқынға қол жеткізілді деп айтуға негіз болады. Мемлекет осы қарқынды сақтап қалуға тиіс, әрине, қоғам мемлекетке бұл істе көмектесуі керек.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Сенат депутаты