Түркістан облысында ұзындығы 152 км болатын Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды, деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов телекөпір режиміне қатысып, құрылыс жұмысын ресми бастап берді. Инфрақұрылымдық жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынып отыр. Еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталған жобаның аясында қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасында жаңа өткізу бекеті бой көтереді. Ұзындығы 152 шақырымға созылатын Дарбаза – Мақтаарал темір жолы іске қосылса, Өзбекстан бағытындағы экспорттық тасымал көлемі ұлғаяды.
«Теміржол – мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік өмірінің дамуын қамтамасыз ететін болат артериялар. Өткен жылы теміржолдармен Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы ең жоғары жүк көлемі тасымалданып, ол 245 млрд тонна-километрді құрады. Мұндай қарқындар геосаяси жағдайларға және инфрақұрылымдық шектеулерге қарамастан биыл да сақталып отыр», деді Ә.Смайылов.
Екі кезең бойынша жүзеге асатын жобада алдымен «Сырдария» станциясына шығатын Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы арқылы Ердаут – Мақтаарал желісі салынады. Екінші кезеңде Жетісай – Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы тармағын пайдалануға беру көзделіп отыр. Жаңа темір жол құрылысын жүргізу кезінде 3 400 жұмыс орны ашылмақ.