Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов дауылды желдің салдарын жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыс аумағында 18-19 қарашада 37 м/с екпінмен тіркелген дауылды жел салдарынан 3 қала мен 6 ауданда - 83 әлеуметтік нысан, 63 көппәтерлі және 84 жеке тұрғын үй зардап шеккен болатын.
«Зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын биылғы 10-ыншы желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланған», деді облыс басшысы.
Айтуынша, электрмен жабдықтау желілеріндегі 246 авариялық ажыратулардан және 100-ден астам зақымданулардан 117 ауылдық елді-мекен жарықсыз қалған.
«Жарық алғашқы тәулікте 99 ауылға берілді. 22 қарашада электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді», деді А.Байханов.