• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2010

ҚЫЗЫЛЖАР ӨҢІРІНІҢ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯҒА АРҚАУ БОЛДЫ

2032 рет
көрсетілді

ҮШ ЖҮЗДІҢ ҚОЛЫН ЖИЫРМА БЕС ЖЫЛ БАСҚАРҒАН Қанша зерттелді десек те, қазақ тарихы­ның “ақтаңдақ” тұстары әлі де көп. Әсіресе, ел тұтастығын сақтай отырып дербес ұлттық мемлекет құруды мұрат тұтқан, жауымен арыстанша алысып, ұлтарақтай жеріне дейін сом білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған жаужүрек батырлар, алты Алаштың айбынына айналған ірі тарихи тұлғалар, орақ тілді, от ауызды шешен-билер жайлы де­рек­тердің жеткіліксіздігі өз алдына, түрлі бұр­малауларға ұшырағаны да жасырын емес. Со­лардың бір парасы Қазақ хандығының қа­лыптасуына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет қай­раткері Қожаберген жырау Толыбайұлына қа­тысты. Мәселен, “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” секілді ел басына орнаған қиын кезеңде, тұтас халық жойылып кететін­дей қауіп төнген нәубет тұста “бір ғасырлық тарихты саралап, ұлттың сан ғасырлық салт-санасын, мемлекет басқару жүйесін бағалап, жүздеген мемлекет, әскери, саяси қайраткер­лерін жеке-жеке даралап, дүбірлеген оқиғалар болған жерді аралап жазылған ұлы эпопеялық туынды” (М. Қозыбаев) жөнінде атүсті айты­лып, ал авторы туралы тіс жара бермейтін. Қазақ халқының тарихында алар орны өл­шеусіз әрі құнды дерек саналатын, жас буынды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, ба­уыр­малдылыққа, адалдыққа баулитын теңде­сі жоқ туындының шын иегерінің есімі тасада қа­лып, көбіне “халықтық шығарма” ретінде көр­сетілетін. “Мәдени мұра” мемлекеттік бағ­дарламасы қолға алынғалы жергілікті жерде бабамызға қатысты біраз шаруалар атқарылды. Жамбыл ауданындағы қорым қоршалып, құлпытас орнатылды. Облыс орталығында бір мектепке есімі берілді. Жыр-дастандары жинақ болып шықты. Был­тыр белгілі тіл жанашыры, меценат, Қазақ­станның еңбек сіңірген заңгері Бекет Тұрға­рае­в­тың жетек­ші­лігімен “Жеті жарғы және Қожаберген жы­рау” қайырымдылық қоры құрылып, игі істер одан әрі жалғаса түсті. Қордың Қожаберген ба­бамызды ұлықтау, жас ұрпаққа одан әрі тан­ыта түсу жөніндегі ұсынысын Білім және ғы­лым министрлігі, Солтүстік Қазақстан обл­ыс­тық әкімдігі, Қазақстан тарихшылар қа­уымдасты­ғы, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабыл алып, “Солтүстік Қазақстан: өңір та­рихы, тұлғалар тағдыры” атты халықаралық ғылы­ми-тәжірибелік конференцияға жал­ғасты. Осынау айтулы шара Қызылжар өңі­рін­дегі белесті оқиғаға айналды. Олай дей­тініміз, осыдан он жыл бұрын ака­демик М.Қозыбаевтың бастауымен Ұлттық ғылым академиясының көшпелі мәжілісі Петро­­п­авлда өтіп, Қожаберген жыраудың қазақ тарихындағы орны мен рөлін тұңғыш рет анықтап берген болатын. Алайда, сол бір жақсы үрдіс кейін қолдау таппай қалған еді. Енді, міне, кештеу болса да, еліміз бойынша танымдық басқосудың өтуі өте құптарлық. Ал­маты, Астана, Көкшетау, Қостанай, Шор­танды қалаларынан, Ресейдің көрші облыс­тарынан келген ғалымдар, зерттеуші-тарих­шы­лар, өлкетанушылар, белгілі ақындар, зия­лы­ қауым өкілдері мен қоғам қайраткер­лері тобын білгір академик, қадірменді ақсақал Салық Зиманов бастап келді. Конференция алдында мәртебелі мей­мандар Жамбыл ауданының орталығы Пресновка кентіне сапар шекті. Ондағы орта­лық алаңға жиналған жұртшылық қонақтарды үлкен құрметпен қарсы алды. Салтанатты шараны облыс әкімі Серік Біләлов кіріспе сөзбен ашып, елордада Керей мен Жәнібек хан­дардың құрметіне қойылған еңселі мону­ментті-мүсіндік композицияның Президент Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен ашылғанын, осынау тарихи сабақтастықтың Қызылжар өңірінде жалғас табуы тәуелсіз­діктің арқасы, ба­баларымызға деген ерекше құрмет екенін атап өтті. – Үш ғасыр бойы Қожаберген Толыбай­ұлының есімі ұрпақтан ұрпаққа ауызша тарап келсе, енді халық жадында мәңгі сақталуының куәсі болып отырмыз, – деді Серік Сұлтан­ғазы­ұлы. Әсем безендірілген, гүлдермен көм­керілген орталық алаңға көрнекті тұлғаның аты берілетінін жариялауы мұң екен, ду қол шапалақ айналаны көміп жіберді. Мінбеге көтерілген ақын, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов жиналған­дардың қуаны­шын бөлісті. Жаңадан жазылған арнау өлеңін оқыды. “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” қоғамдық қорының жетекшісі Бекет Тұр­ғараев көрнекті мемлекет қайраткері ретін­де құрметтелетін даңқты қолбасшы, батыр, баһадүр, дауылпаз жыраудың ғибратты өмірін, ерлік істерін, ақындық алымын баяндап берді. Ол – қалмаққа қарсы шапқан көп батырдың бірі емес, әділ билігімен, хас батырлығымен алты алаштың айбыны, қорғаны болған ірі тарихи тұлға. “Ту ұстайтын болмасам, Ұран­дап жауға тимейін. Майданда жауды жеңбе­сем, Қызық дәурен сүрмейін” деуінің өзі оның ел үшін жанын пида ететін батырлық сипатын айғақтайды. Ол – дүлдүл тарихшы да. Оның “Елім-ай” дастаны – сол тұстағы тұтас дәуірді, саяси ахуалды асқан шыншыл­дықпен суреттейтін эпопеялық туынды. Қай­ран қазаққа дәл Қожабергендей бағдарлама жасаған ел данасы сол кезде кемде-кем. “Ер емес жаудың туын құлатпаған” деп, халық намысын жанып, жауға қарсы Отан соғысын жариялаған. Ол – 1688-1710 жылдары қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған сардар, үш жүз қолын ширек ғасыр басқарған ордабасы. Оны Бұқар жырау ұстаз санаған. Атақты Абылайханның өзі бата алған, ақылгөй, дана тұтқан. Бауыржан Момышұлы “Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің “Елім-ай” жыры – әскери дастан” десе, белгілі тарихшы Ермахан Бек­ма­ханов: “Елім-ай” дастаны – тарихи эпо­пея­лық жыр. 1723 жылы “Ақтабан шұ­бы­рын­ды, Алқакөл сұлама” атанған ірі апаттың су­ретін ел көзіне елестеткен бірден-бір тарихи құжат” деп бағалаған. Академик Манаш Қозыбаев: “Оны тек дастан деу аз сияқты. Оның арнасы кең – жырға ұлттың болу-бол­мауы, Отан тағдыры арқау болған. “Елім-ай” шын мәнінде ұлттық сананың биік шыңы, ұлттың сергелдеңге душар болғандағы мұңы, болашаққа құлаш сілтеп, қайсар, намысшыл қазақтың ұлт болмысын жаңғыр­туға ұмты­лы­сы­ның шаншыла атқан қайнар жыры, сыры” дей келіп, “Илиада”, “Одиссей” секілді ми­фологиялық шығармалар­мен қатар қояды. Пе­тропавл қалалық “Қазақ тілі” қоғамының тө­рағасы Дәстен Баймұқанов баба мұрасын зерт­теуге сүбелі үлес қосқан Қаратай Би­ғожин, Шаймұрат Смағұлов, Социал Жұ­мабаев ағаларын еске алса, ұлы жыраудың ті­келей ұрпағы Бектас Тырқаев Елбасыға деген ризашылық сезімін білдірді. Алаңның қақ төріне орнатылған тарихи тұлғаның мүсіні салтанатты түрде ашылғанда қол соқпаған жан қалмады. Бәрі де тастан қашалған тірі бейнеге сүйсіне көз салып, гүл шоқтарымен көмкеріп тастады. Мүсіннің ав­торы – жергілікті мүсінші Бақытжан Ра­ма­занов бар өнерін салып, шабытпен еңбек еткені көрініп-ақ тұр. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма теа­тры ұжымы қойған Абы­лай­хан­ның Сабалақ деген атпен жа­сы­рынып жүргенде Қожаберген жы­раудан бата алу көрінісі өте сәтті шықты. Бұдан кейін қонақтар №2 Прес­нов­ка қазақ мектебінде орналасқан мұ­ра­жайды аралап, құнды жә­дігер­­лер­мен танысты. Мұнда жергілікті баспаларда жарық көрген “Елім-ай”, “Баба тілі”, “Қожа­бер­ген жы­рау” жинақтары, баба­мыз бей­не­лен­ген төсбелгілер таратылды. Білім ұясына жыраудың есімін беру ту­ра­лы шешім респу­бли­калық құз­ыр­лы орындарға жіберілгенін естіп, көпшілік тағы бір сүйсініп қалысты. Сонымен қатар Петро­павл қа­ла­сының бір топ тұр­ғын­дары атынан Қожа­бер­ген жырау­дың ескерткішін Астана қаласында тұрғызуға орай “Егемен Қазақстан” газетінде жария­ланған мақаладағы ұсы­ныс­тар да қолдау тауып, жұрт­шылық қаржылық де­меуге дайын екен­діктерін білдірісіп жатты. Азаттық идеясынан – тәуелсіздікке Облыстық мәслихаттың акт залында өткен халықаралық ғы­лыми-тәжірибелік конфе­рен­ция­ның “Сол­түстік Қазақстан: өңір тарихы, тұл­ғалар тағ­дыры” деп аталуы тектен-тек емес. Оның мән-мақсатын жиынды жүргізіп отырған ай­мақ басшысы С.Біләлов те атап өтті. Ша­раның басты құндылығы үш ғасырдан астам уақыттан бері ұлт-азаттық қозға­лыс­тарда құр­бан болған жерлестерімізді ұрпақ есінде қалдыру, ел мүддесі үшін жасаған ерен ерлік­тері мен еңбектерін жас буынға жеткізу, осы­лар арқылы тәрбиелеу дей келіп, кон­ференцияға қатысушыларға табыс тіледі. Заң ғылымы корифейлерінің бірі, абызы Салық Зиманов өз ойын Елбасының халыққа арнаған Жолдауынан өрбітіп, жаңа он­жыл­дықта құқықтық реформа маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Заңдарды ізгілендіріп, олардың сапасын арттыру қажеттігіне тоқталды. Ең бастысы, деді ол, құқық қорғау жүйесінде әділеттіліктің, адалдықтың салтанат құруына қол жеткізуіміз керек. Біздің баба­ларымыз “Шындықтан өзге құдай жоқ” деген сөзге құлай берілген. “Таста тамыр, биде туған жоқ” деген сөзге имандай ұйыған. Ары таза адам әділдік жолынан еш ауытқымайды. Қа­зақта қаншама өткір тілді, шешен билер болған. Бізде олардан небір үлгілі дәстүрлер қал­ған. Соларды қайта жаңғыртып, заманға оңтайлысын қабылдап ала білуіміз керек. Біз түбінде судьяны өзіміз таңдайтын заманға да жететін боламыз. Республикалық тарихшылар қауымдас­тығының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдінің “Азаттық идеясы – Қызылжар өңірінде” деп аталған баяндамасы әсерлі де мазмұнды шықты. Оның сөздері жаңашыл тың ойлармен, фактілердің молдығымен ерекшеленді. Сөз арасында танымал ғалымның Петропавл мұ­ра­ғаттарында бірнеше рет болып, тақырыпты егжей-тегжейлі зерттегенін айта кеткен жөн. Ол бұлтартпас айғақтар келтіре отырып, 20 ғасырдың алғашқы ширегінде Алаш идеясы Қазақстанның кей өңірлерін ғана қамтыды. Есіл бойында азаттық қозғалысы болған емес деген пікірлерді жоққа шығарады. Бүгінге дейін есімдері ескерусіз қалғаны болмаса, арагідік қана аталатын қызылжарлық тұлға­лар­дың өмірдеректерін алға тарта отырып, 1917 жылы империядағы революциялық аласапыран тұсында жедел жүргізілген өзгерістерге ілесе алмай абдыраған Қазақ елінің көңілінде үміт отын жаққан екі басты жаңалықты атап өтті. Біріншісі, сол жылдары облыстық, уездік, қалалық, тіпті болыстық деңгейлерде құрылып, қазақ өмірінің басты ұйытқысына айналып, оның “соты да, милисасы да, өкіметі де бір өзі болған” Қазақ ко­митеттерінің құрылуы болса, екіншісі, жал­пықазақ съезі сайлаған Алашорда үкіметінің өмірге келуі. Уақытша үкіметтің билік орындарына ұлттық балама билік ретінде қалыптасқан Қазақ комитеттері жалпықазақ съезі қабылдаған шешімдерден соң бірден Алашорда үкіметінің жергілікті билік жүргізуші орындарына айналды. М.Қойгелді бұл үрдісті Қазақ комитеттері Қазақ елінің табиғи өз ұлттық мемлекет­тігіне ұмтылысының, яғни оның өсу және ке­мел­дену жолында тұрған тарихи көрініс ретінде бағалайтынын айта келіп, былай деді: Елдің жеке аймақтарында осы үдерісті тура түсініп, оған атсалысқан адамдар аз болған жоқ. Со­ны­мен бірге бұл мәселенің күр­де­лі­лігі сонда, оған тартылған кісілердің басым бөлігі қо­ғамның орта және ауқатты бөлігінен шық­қан. Өйткені, қазақ қоғамын­дағы са­уа­т­ты адамдардың басым бөлігі осы әлеуметтік топтарға тән. Олар 1917-1918 жылдардағы ре­волюциялық өзгерістер тұсында Алаш қозғалысы ұстанымында болып Көкшетау уезі мен болыстарында Қазақ және Алаш ко­ми­теттерін ұйымдас­тыру ісінде бел­сенділік көрсеткен. Болыстық Алаш ко­ми­теті құрылып, Алаш жасағына алынатын 19 бен 40 жас арасындағы кісілер­дің тізімі жасалып, әскерге ат-көлік үшін жылқы жи­нау шараларымен айналысқан. Алашорда үкіметінің мақсат-мұратын кеңі­нен түсін­дір­ген. Кейін олардың көбі 1940-1941 жылдары НКВД тарапынан ұсталып, түрлі жазаларға тартылған. Саяси билік олармен осылайша есеп айырысқан. Ахмет Жанталин, Әбжан Темірбеков, Қафез Айбасов, Хайролла Мә­ке­нов, Ақұр Есенов, Есім Байғаскин жайлы тың деректер келтіріп, ХХ ғасырдың ба­сын­дағы қазақ азаттық қозғалысының белсенді қайраткер­лері екенін атап өтті. Олардың ішінен Ахмет Жанталин мен Жұмағали Тілеулинге айрықша тоқталды. Бұл екеуі Қазақстанға танымал азаматтар болған. Елге жасаған қызметтері де ұлан-ғайыр. Баяндамашы 1921 жылғы Батыс Сібір шаруалар көтерілісіне қазақ қоғамынан адамдардың қатысуы – тарих ғылымында арнайы қарастырылмаған тың тақырып болса да, зерттеуге кәсіби қызығушылықпен үңілген. Орыс шаруаларының кеңестік биліктің соғыс коммунизмі саясатына қарсы көтерілісіне белсене қатысқан қазақтар жөнінде мысалдар келтірді. “ЖАТ” (жаңа төңкерісшілер) атты контрреволюциялық ұйым болмағанын, оны айғақтайтын құжат­тық материалдар тіркелмегенін, ел арасында мұндай дақпырт туғызуға ОГПУ органдары, сондай-ақ жекелеген адамдар түрткі салуы ықтимал деген болжам жасады. Голощекин­ге оппозициялық тұлға ретінде танылған С.Сәдуақасов жөнінде жаңа мағлұматтарды алға тартты. Ол өз сөзін осындай тарихи тұлғаларды ардақтайтын кез жетті, есімдерін көшелерге, мектептерге берсе, еш артықтық етпейді деген өтінішпен аяқтады. Қазақ мемлекеттік заң университетінің профессоры, философия ғылымдарының док­то­ры Амангелді Айталы өз ойын әріден қозғап, көпшіліктің назарын тарихи сананы қалыптастырудың кей жайларына аударды. Қазақ қоғамында алатын орны мен мән-маңызын түгендеп берді. Ақиқатқа негіз­делген тарих қана қоғамдық сананы дұрыс қалыптастырады. Тіл, ел-жер атауы жайлы мәселені қозғап, тарихи атауларды қайтару кезек күттірмес мәселе екенін жеткізді. 1897 жылы Қызылжар өңірінде тұрғылықты халықтың 80 пайыз болғанын, бүгінде аз­шылықтың тауқыметін тартып жатқа­нымызды, мемлекеттік тілге деген табиғи үр­дістің қарама-қайшылықпен жүріп жатқанын, қазақ тілін білетіндерді билікке тар­ту арқылы мәселені орнықты шешуге болатынын жеткізді. Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов, Мемлекет тарихы инс­титутының директоры Бүркіт Аяған, “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев, Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Алексей Озе­ров, тағы басқалары өңір тарихы мен даңқ­ты тұлғалар хақында өз ойларын бөлісті. Түстен кейін академик М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде конференция тақырыбын талқылау секцияларда жалғасты. Оларда “Ұлт-азаттық күрес және деколонизация мәселелері”, “Заман және адамдар – Қа­зақ­стан бостандығы мен тәуелсіздігі үшін кү­ре­сушілердің тағдыры” деген тақырыптар қам­­тылып, 50-ге жуық баяндамалар тың­далды. Біз осында Ахмет Жанталиннің қызы, Қазақ ұлттық аграрлық универси­тетінің доценті Аида апайды кезіктіріп, аз-кем тілдестік. Сексеннің сеңгіріне шықса да өзін тың, ширақ сезінеді. – Арнайы шақыртуды құп алып, Ал­матыдан келіп отырмын. Былтыр әкемнің туғанына 140 жыл толып, облыстық “Сол­түстік Қазақстан” газетінде бірқатар мақа­лалар басылды. Мәмбет балам әр қырынан жазып жүр. Бәріне ризамын. Өзім де пленарлық секцияға қатысып, әкем жайлы айтып беруді жөн көріп отырмын. Ол кісінің ағартушылық жұмысы – өз алдына бір төбе. Ал қайраткерлігі әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Әкем Троицк және Орынбор қалаларында жарық көрген “Айқап” жур­на­лының, “Қазақ” газетінің белсенді автор­ла­рының бірі болған. Оған ОГПУ екі бірдей айып таққан. Бірі – 1921 жылғы Батыс Сібір шаруалар көтерілісіне қатысуға қазақ жі­гіттерін ұйымдастырды десе, екіншісі – Пе­тропавл округіне қарас­ты Октябрь ауда­нында контрреволюциялық “ЖАТ” деген байлар ұйымын құрды деп қаралаған. Содан 1932 жылы ұсталып, абақ­тыға қамалған. Көп азап көрген, қудаланған. Бар кінәсі – ау­қат­ты болғанында. Әкем жас­тайынан оқып, мол білім алған. Қызыл­жар құнарлы то­пы­ра­ғы көптеген тамаша адамдарды өсіріп шы­ғарды. Ел тәуелсіз­дігінің арайлы таңына жете алмаса да, ұрпақтары біз армансызбыз дей­ді кейуана. Университет қабырғасында белгілі жа­зушы-журналист, жерлесіміз Жақсыбай Самраттың “Абылайдың ақ үйі” кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Автор үш бөлімнен тұ­ратын туындысында нақты тарихи де­ректерге сүйене отырып, Абылайханның ел тарихындағы орнын, жергілікті тұрғын­дардың азшылыққа ұшырау жайын жан-жақты баяндап берген. Абылайхан резиден­циясы қайтадан қалпына келтірудегі қиындықтар жайлы әңгімелейді. Туынды оқырмандар тарапынан жақсы баға алды. Өмір ЕСҚАЛИ,  Солтүстік Қазақстан облысы. Кәкімбек САЛЫҚОВ. «ЖЕТІ ЖАРҒЫ» АШЫПСЫҢ ЖАРҚЫН МӘНІН Ерен тұлға бабамыз Қожаберген, Ер екенсің уақыттан оза желген. Ел жаңарды, ақталды ақ сенімің, Болашаққа қолыңды соза берген. Ойран салған жан едің ойраттарға, Ел шебінде тұрғанда ойлантты Алла. Ойлы сазға орадың жырларыңды, Зар заманда зобалаң толғантқанда. Сегіз қырлы, бір сырлы байқағаным, Үлгі болды ұрпаққа бай талабың. Әз-Тәукенің әйгілі заманында Тайдырыпсың сан рет жау табанын. Тарих сырын кең аштың, асыл бабам, Жау қалмапты қазақты басынбаған. “Елім-аймен” жеткіздің мұңға бөлеп, Қазағымның көл-көсір жасын маған. Бар қазаққа ерекше жақын адам, Ұстаздығың ешқашан басылмаған: Қаршадайдан жабыссам домбыраға, “Елім-айдан” бастатты ақын ағам. Ұстаз болып Бұқарға қарқындадың, “Жеті жарғы” ашыпсың жарқын мәнін. Бұрын өткен Шыңғысхан жорығынан, Алаша ханын қазақтың айқындадың. Кім сыйламас сендей зор ғұламаны, Терең жаздың “Алқакөл сұламаны”. Бүгін басқа күн туды: дербес елміз, Басқан ізің болардай жыр алаңы. Біз қуансақ ескерткіш қойып алып, Сені атадық тарихтан ойып алып. Шырт ұйқыдан, Қожеке, аунап түсші, Болып жатыр бір үлкен тойың анық.