• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 27 Қараша, 2023

Алтайдың аңыз адамы

240 рет
көрсетілді

Алтайдың абыз ақсақалы, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаевтың туғанына биыл 100 жыл толды. Мерейлі датаға орай жыл басынан бері облыс көлемінде дүркін-дүркін іс-шаралар ұйымдастырылды. Күні кеше Өскеменде Бошай ақсақал тұрған үйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатылды.

– Алтайдың аңыз адамына айналған Бошай Кітапбайұлы туралы көп айтуға болады. Ол кісімен көп әңгімелестім. Бірде «мен жылқыны ғана емес, адам да тани білемін» дегені бар. «Тоғыз таңбалы Найман» деген кітабына тілегін жазып, қолын қойып берген, – деген қала әкімі Жақсылық Омар қалың шежіре кітапты көпшілікке көрсетті.   

Иә, жазуы мөрдей Бошай ақсақалдың шежіре кітабы көпшіліктің сөресінде тұрғаны анық. Сонымен қатар, шаһар басшысы алдағы күндері қала ішіндегі Энтузиаст көшесіне Бошай Кітапбаевтың аты берілетіндігін айтты. Мемориалды тақтаның ашылу салтанатына қатысқан зия­лы қауым, туыс-туғандары да тілектерін білдіріп жатты.

– Еңбек ері, шежіреші Бошай Кітапбаевты ақтық сапарға мәдени ошақтан емес, осы үйінің ауласынан шығарып салған едік. Бүгінгі тақтаның ашылуы сол бір олқылықтың орнын толтырмаса да Бошай ағамыздың аруағының алдында өтелген парыз­дар­дың бірі болды деп ойлаймын. Ендігі кезекте мен Катонқарағай ауданындағы Жаңаүлгі ауылына Бошай Кітапбайұлының атын беруді ұсынар едім. Өйт­кені бұл ауыл ол кісінің кіндік қаны тамған жері, – деді Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиа­лының директоры Әлібек Қаңтарбаев.

Осылайша, жиналған жұрт Бошай Кітапбайұлы тұрған үйдің қабырғасындағы тақтадан дара тұлғаның бейнесі мен нақыл сөзін жадына тоқып қайтты. Ескі жыл­дардың естеліктерін айтып, айтулы азаматтың рухын шат етті.

 

ӨСКЕМЕН