Теннистен Қазақстанның ерлер құрамасы 2024 жылы шымылдығы түрілетін Дэвис кубогінің іріктеу сайысында Аргентинамен күш сынасады. Бұл кездесу 2-4 ақпан аралығында өтеді.
Аргентина – оңай қарсылас емес. Олар 1981, 2006, 2008 және 2011 жылдары Дэвис кубогінің ақтық сынына дейін алқынбай жетіп, шешуші тұста ғана ұтылды. 2016 жылы сыртта ойнағандарына қарамастан Польша, Италия, Ұлыбритания және Хорватия құрамаларын жолынан ығыстырып, бас жүлдені олжалады. Қазіргі кезде аргентиналық команданың сапында Франциско Черундоло (әлемнің №21 ракеткасы), Себастьян Баес (№28) және Томас Мартин Этчеверри (№30) сынды мықты ойыншылар бар. Сол секілді Педро Качин (№70), Федерико Кория (№80), Факундо Диас (№93) түрлі турнирлерде тәп-тәуір өнер көрсетіп жүр. Кезінде ТОП-10 теннисшінің қатарында болған 31 жастағы Диего Шварцман да өзінің «соңғы сөзін» әлі айтқан жоқ.
Қазіргі кезде Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте 13-орынды иеленіп тұр. Ал Аргентина отандастарымыздан алты саты төмен.