• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Мәдениет 27 Қараша, 2023

Бабалар үні қайта жаңғырды

204 рет
көрсетілді

Ұлттық және классикалық әуенді бір толқында тыңдап көріп пе едіңіз? Әрине, алғашында халыққа тосын боп көрінгенімен, Алматы жұрты жаңаша стильді сүйсіне қабыл алды. Жақында ғана Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында «Bridge of times» атты концерт өтті. Бұл кеш Turan этно-фольклорлық ансамблінің 15 жылдығы қарсаңында өнерсүйер қауымға арналған бірегей жоба сыңайлы.

Расында да, кеш мүлдем өзге­ше сипатта ұйымдастырылған. Қанша уақыт өтсе де, халық әуе­нін сүйетіндер азаймайды. Клас­сикалық музыканың да талғам­паз тыңдарман үшін өз орны бар.

Кеште Turan этнофольк­лор­лық ансамблі «Ортеке», «Қазақ елі» сынды көпшіліктің көңілі­нен орын алған шығармалармен қатар, Ақтоты Райымқұлова­ның «Шабыт», «Толғау» күйле­рін, «Ұлы Тұран – мәңгілік» (сөзі – Бақыт Беделхан), «Ер Тұран» (Исраил Сапарбай) сынды жанға рух сыйлайтын туындыларды орындап шықты. Халықара­лық байқаулардың жеңімпаздары – Расул Жармағамбетов пен Наз­ерке Абралы классикалық музы­камен кештің шырайын кел­тіре түсті. «Русалка», «Джу­дит­та», «Весела я вдова» секілді ха­лыққа танымал операдан үзін­ділер шырқалып, Ахмет Жұба­новтың «Ариясы» мен Абай Құ­нанбаевтың «Айттым сәлем, Қаламқасы» жүректі тербетті.

Концерттің шарықтау шегі – этнофольклорлық және клас­си­калық, заманауи әуеннің тоғы­суы. Венециядағы Базилика ди Сан-Марко кітапханасынан табыл­ған қыпшақ тіліндегі дұғалар, баба­лар ұраны жазылған көне қолжаз­ба – «Кодекс Куманикус» кіта­бы. Осы кітаптағы құпия ноталарды композитор Ақтоты Райымқұлова мен түркітанушы, ғалым Александр Гарковец бірлесе зерттеп, бағзы заманнан жеткен бабалар үнін қайта жаңғыртты. Қыпшақ ұраны алдымен Еуропа сахнасында орын­далғандықтан, композитор шы­ғармаға «Reminiscens beati sanguinis» («Қыпшақ ұраны») деген атау берген көрінеді. Туындыны Turan этнофольк­лорлық ансамблі, Эльдар Айт­беков (виолончель), Ақтоты Райым­құлова (фортепиано), Дина Мир­манова (фортепиано), солис­тер – Назерке Абралы, Рүстем Жармағамбетов сынды майталмандар бастаған шығармашылық ұжым жоғары деңгейде орындап шықты.

Концерттен кейін А.Райым­құ­лованы Халықаралық түр­кі мәдениеті мен мұрасы қоры­ның президенті болып тағайын­да­луы­мен құттықтап, Алматы кешінде алғаш рет орындалған туын­дыларына қатысты аз-кем сөзге тарт­тық.

– Әлемнің, жер шарының кіш­кентай екенін сезіп тұрмыз. Жал­пы, бүкіл адамзаттың ойы – бей­біт өмір сүруді, тыныштықты аңсау. Сондықтан да шығармамыздың атын «Crossroads» деп қойдық. Музыкалық тіліміз арқылы адам­заттың ортақ ойын, ғаламдағы түрлі қақтығыс-қиындықты, ха­лық зарын да қобыз бен виолон­чель үнімен тыңдарман жүре­гі­не жеткізуге тырыстық. Туынды алдымен Еуропа сахнала­рын­да орындалғандықтан, атын көп­шілікке түсінікті етіп қоюды жөн санадық, – дейді А.Райымқұлова.

Композитордың айтуынша, XII-XIII ғасырда ежелгі қып­шақ тілінде жазылған ұран кү­ні бүгінге дейін әртүрлі нұс­қа­да, симфониялық оркестрде де, фольклорлық ансамбльде де орындалған. Ал мұндай шығар­машылық эксперимент алғашқы жобалардың бірі саналады.

Ақтоты Райымқұлова 2014 жылы бұл шығарманы атақты пиа­нист Марта Аргерихтің халық­аралық музыка фестиваліне арнап жазған. Ол кезде еуро­палық аспаптарға басым көңіл бөлген екен. Дегенмен де халық күйін, қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп көрсеткендіктен, ше­тел­дік жұртшылық аса қызы­ғу­шылықпен, ыстық ықыласпен қабылдады. Бұл жолы композитор Turan этнофольклорлық ансамблін басты орынға шыға­рып, виолончель мен фортепиано аспабын ғана қосқан.

– Біз жаңа құраммен, жаңа бағытта өңдеп шығардық. Бір ерекшелігі, шығарма көне қып­шақ тілінде жазылғанымен, жеткі­зер ойы бүгінгінің аңсау-тілегі­мен астасып, үндесіп жатыр. Ел тілегі бейбітшілік пен ауызбірлік­ке шақыруымен құнды, мұндай шығарманы орындау парызы­мыз деп білемін. Ұлттық өнер­дің түбіне жете алмайсың, ал­да да түрлі шығармашылық тәжі­рибе жасамақ ниеттеміз, – дейді өнер иесі.

Виолончель мен қобыздың үні кезек-кезек естілген тұс­та екі көкжалдың тістесіп айқасқа­нындай, денеңді дір еткізетін, айтып жеткізе алмас сезімде бола­сың. Қыпшақ ұранын зер сала тыңдасаңыз, екі жыртқыштың емес, жақсылық пен жаман­дық атаулының күресі, мейірім мен жауыздықтың айқасы екенін аңға­расыз...

 

Айсұлу СЪЕЗХАН,

«Egemen Qazaqstan» газетінің штаттан

тыс тілшісі

 

АЛМАТЫ