Қазіргі күнде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, ерлі-зайыптылардың өзара кикілжіңінен туатын түрлі оқиғалар қоғамдық сипат алып, өзекті мәселеге айналып бара жатқаны ақиқат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та отбасылық құндылыққа кері әсерін тигізетін бұл келеңсіз жайтты айрықша назарға алғаны белгілі.
«Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды.
Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек», деді Президент халыққа Жолдауында.
Алайда кейінгі уақытта еліміздің әр түкпірінде болып жатқан көрер көз тұрмақ, естір құлаққа ауыр тиетін отбасындағы қылмыстық оқиғалар жиілеп бара жатқаны қынжылтады. Бәрін тізбелеп жатпай-ақ бір ғана экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелін асқан қатыгездікпен өлтіргенін айтсақ та жеткілікті. Қоғамда дүрбелең туғызған осынау аты шулы оқиға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа еш уақытта бейжай қарауға болмайтынын тағы бір рет дәлелдеп отыр.
Сол орайда жақында Абай облысы қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен, сондай-ақ «Жанұя орталығы» ҚҚ-ның ұйымдастыруымен 25 қараша-10 желтоқсан аралығындағы жыл сайынғы «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы аясында екі күндік семинар-тренинг өтті. Семей қаласындағы облыстық Абай атындағы кітапханада өткен маңызды басқосуға БҰҰ тұрмыстық зорлық-зомбылық және гендерлік сұрақтар бойынша ұлттық кеңесші Сағадат Сабитова, қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Арман Жемагулов, Абай облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Садақбаев, жергілікті полиция қызметкерлері, жергілікті қала, аудан әкімдіктерінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияларының хатшылары қатысты.
Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары А.Жемагулов тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ұйымдастырылатын әр іс-шара келешек ұрпақтың қауіпсіздігінің негізгі көзі болып саналатындығын атап өте келіп: «Бүгінгі семинар-тренингте қала, аудан аумағындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты түйткілді мәселелер көтеріліп, шешім табатынына сенімім мол. Осы мақсатта 40 жылдық тәжірибесі бар арнайы маман сіздерге танымдық тәжірибесімен бөлісетін болады. Адам тағдыры отбасылық өмірмен тығыз байланысты болғандықтан, гендерлік теңдікті қалыптастыру үшін отбасы мәселесіне басымдық беруіміз абзал», деді.
«Жанұя орталығы» қоғамдық қорының басшысы Жанна Жибраеваның айтуынша, жиын барысында балалармен және абьюзерлермен тікелей жұмыс істейтін қызметкерлер жаңа дағдыларға ие болатыны сөзсіз. Сондай-ақ орталық басшысы бұл бастамаға мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың қолдауы ерекше екеніне өз ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар мәселені шешу жұмыстары жалғасын таппақ.
«Отан отбасынан басталады», «Отбасы – шағын мемлекет» деген тамаша мәтелді күнделікті айтып жүрсек те, мағынасын әрдайым қаперімізде сақтай бермейміз. Егер салмағын сезініп, оған жауапкершілікпен қарап жүрген болсақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу түрлі саладағы мамандардың ой талқысына түспес еді. Өйткені шаңырақты шайқалтатын себептер бір отбасына ғана әсер етіп қоймай, жалпы қоғамның тұрақтылығына да көлеңке түсіріп, жұртшылықты алаңдата бастады.
Семей қаласы гарнизондық офицерлер үйінде өткен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметкерлерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметі ұйытқы болған жиындағы тақырып та біз талқылап отырған мәселеге арналды. Бұл шараға әскери бөлімдер мен мектеп психологтері, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторы мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы қатысты. Ал Өскемен, Аягөз, Павлодар, Үшарал гарнизондары онлайн жүйесі бойынша пікір алмасты.
Басқосуды ашқан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметкерлерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Ақмарал Ахметжанова Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауында отбасылық зорлық-зомбылық туралы баса айтылғанын, әскери қызметшілердің отбасыларында мұндай мәселе мүлде орын алмауға тиістігін атап өтті.
– Жиынның мақсаты – кәмелетке толмаған балалары бар әскери қызметшілерді бақылауға алу мәселелерін талқылау және оны жүзеге асыруға құқылы мемлекеттік органдармен келер жылға бірлесіп атқаратын іс-шаралар жоспарын құру. Тағы бір толғақты мәселе – отбасындағы, қоғамдағы және мектептегі зорлық-зомбылық ретінде бағаланатын іс-әрекеттердің түрлерін әскери қызметшілердің балалары оқитын мектептің психологтері, кәмелет жасқа толмаған балалар инспекторлары және учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесе талқылап, әрі қарай өзара іс-шаралар ұйымдастырамыз, – деді А.Ахметжанова.
Басқосуда сөз алған Әуезов полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Жанарбек Мандиев бала тәрбиесінде назардан ештеңені тыс қалдыруға болмайтынын, сондықтан ата-анамен бірлесе отырып бала мүддесі үшін қызмет ету керек екенін атап өтті. Оның сөзінше, баланың құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа жол бермеу, оның алдын алу, қатыгездікке жол бермеу жүйелі әрі тұрақты жүргізілуі керек.
– Зорлық-зомбылыққа душар болған бала қоғамда өзінің іс-әрекетімен, мінезімен ерекшеленеді. Тәрбие отбасынан басталуы керек. Отбасындағы ата-ананың зорлық-зомбылығын, ұрыс-керісті, төбелесті көріп психологиялық, физикалық қатыгездікке ұшырап өскен бала үнемі ашу-ыза мен агрессияда жүреді. Бірлесе жұмыс жасау арқылы осының барлығының алдын алуға болады, – дейді Ж.Мандиев.
Ал кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор, полиция аға лейтенанты Нұрғиса Бектасовтың айтуынша, отбасында ата-ананың сүйіспеншілігін аз көргендіктен, балалар өзіне деген сенімін жоғалтып, әлімжеттікке тап болып жатады. Бала ата-ана қамқорлығын, мейірімін, сүйіспеншілігін жақсы сезініп өссе, өзін кез келген ортада ұстай алады.
Семей қаласындағы №49 жалпы орта білім беретін мектептің психологі Айдана Рамазанованың ойынша, ата-аналарға балалардың мектеп психологіне қаралуынан қорқудың жөні жоқ. Керісінше, психолог мамандар арқылы оқушылардың мәселелерін шешуге жол ашылады, мектепте болатын оқушылар арасындағы әлімжеттіктің алдын алуға да оң әсерін тигізеді.
– Буллинг – қорқыту, біреуді кемсіту, намысына тиетін сөздер айту, бұл – жалпылама алғанда, бір адамның екінші адамға күш көрсетуі. Сенімсіз, әлсіз, әлжуаз, өз ойын айта алмаған жағдайда баланы басқалар басынып кетуі мүмкін. Сол себепті ата-ана балаға жақсы тәрбие беріп, жан-жақты қамқорлық аясында өсірсе, бала кез келген жағдайдан өзін алып шыға алады, – дейді білікті ұстаз А.Рамазанова.
Түйіндей айтқанда, тақырыбымызға себеп болған мәселені қоғамдық орталарда жиі, кеңінен талқылап, маңызды шараларды тұрақты өткізіп отырсақ, белең алып бара жатқан отбасындағы олқылықтардың алдын аларымыз сөзсіз.
Абай облысы