• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қараша, 2023

Өткені мен бүгіні үйлескен мекендер

195 рет
көрсетілді

Тайынша мен Айыртау аудандары Солтүстік Қазақстан облысы аумағына 1997 жылы таратылған Көкшетау облысынан енген. Соның ішінде Тайынша ауданы Келлер, Красноармейск, Чкалов аудандары бірігуінен қайта құрылды. Ал аудан орталығы Красноармейск қаласына бұрынғы Тайынша атауы қайтарылды. Ауданның жер көлемі шағын болғанымен, аумағында теміржол бекеті және жоғары дамыған шаруашылықтары болғандықтан, экономикасы жақсы дамыған. Тайынша қаласының өзі – облыс орталығынан 150 шақырым қашықтықта.

Аудан тарихына байланысты бір қызық факті айта кетейік. Осы ауданның аумағында соғыс жылдарында Америка одақтасымыз «Аляска-Сібір» әуетрассасы арқылы ленд-лизбен жіберген үш «Дуглас» ұшағы соғысқа дайындалу кезінде 1943 жылы апатқа ұшырап, үшеуінің экипажы да тегіс қаза тапқан. Аудандағы Многоцветное селосында оларға ескерткіш қойылған.

Ауданның тағы бір ерекшелігі сол, оның тұрғындары арасында түрлі этнос өкілдері көп. Қазақ халқының үлесі 30 па­йыздай болса, орыс этносының өкілі – 25, поляктар – 20, украиндар – 11, немістер – 10 пайыздай. Барлық халқы 40 мыңнан асады.

Айыртау ауданының да жер көлемі (9,6 мың шаршы шақырым) басқа аудандармен салыстырғанда шағын бол­ға­нымен, тарихы өте бай мекен. Бұл ау­дан да 1997 жылы Арықбалық ауданы­мен біріктіріліп, бұрынғы Көкшетау об­­лы­сынан Солтүстік Қазақстанға қосылған. Аудан аумағында қазір қал­пы­на келтіріліп, музейге айналған Ш.Уәли­ханов өскен Айғаным ханшаның қыс­тауы, Сырымбет ауылында Ш.Уәли­ха­нов мұра­жайы, Ағынтай мен Қарасай мемо­риал­дық кешені, адамзаттың жыл­қы­ны­ алғаш қолға үйреткен мекені Ботай, Кең­ащыда Ақан сері компози­ция­­сы, Үкілі Ыбырай ауылы бар. Әрқай­сысы бір ауданға мақтаныш болатын осынша ескерткіштердің бәрі ақын Кәкім­бек Салықов «Айыртау – асыл мекен Арқа­дағы» деп жырлаған осы ауданда орна­лас­қан. Бұл ауданның халқы да көпэтносты, қазақтың үлесі 40 па­йыз, ал орыс этносы – 47, украиндар мен немістердің әрқайсысы – 4, татар мен беларусь – 2 пайыз­дан.

Екі аудан да Көкшетау өңірінің жері құнар­лы аймағына орналасқан. Сон­ды­қ­тан да бұл жерлерге көшіп келушілер көп болды.

Экономикалық көрсеткіштерге тоқ­та­латын болсақ, инфрақұрылымы жақсы дамыған Тайынша ауданының экономикасына құйылған инвестиция көлемі де жоғары. Аудан әкімі Берік Әлжановтың айтуына қарағанда, осы жылдың 10 айын­да ауданға 32,1 млрд теңге тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 19 пайызға артық.

«Ауыл шаруашылығы аудан эконо­ми­касының негізгі бөлігі болып саналады. 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 95,3 млрд теңгені құрады. Ауа райының қолайсыздығына байланыс­ты биыл аудан диқандары үшін ауыр болды. Дәнді дақылдардың орташа шығымдылығы 8,2 ц/га құрады, майлы дақылдар бойынша 5,4 ц/га. Былтырмен салыстырғанда бұл көрсеткіштер көп төмен», дейді әкім.

Бірақ ауа райының қолайсыздығына қарамай, аудан көкөніс өнімдері бойынша­ жақ­сы нәтижелерге қол жеткізіпті. Мыса­лы, «Астық СТЕМ» ЖШС және «Таң ШҚ»­­ картоп алқаптарын тамшылатып суа­ру­ нәти­жесінде әр гектардың өнімділігі орта есеп­­пен 299 центнерді құраған. Жал­пы­­ аудан бойынша картоп­тың­ орташа өнім­­ді­лігі 174 ц/га, ал көкө­ніс­тер 343,6 ц/га­ болған.

Мал шаруашылығында қарқынды өзге­рі­стер байқалады. Жылдан-жылға асыл тұқымды мал саны көбейіп, өнді­рі­летін өнімнің саны мен сапасы да артып келеді. Соның ішінде биыл «Астық СТЕМ» ЖШС шетелден 400 бас қара мал әкеліп, тауарлы сүт фермасын ашқан. «Асар» ЖШС 600 басқа арналған сүт фермасын салуда, іске қосылуы келесі жылға жоспарланған.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10 айда 54,6 млрд теңгені құрады. Бұл облыс­тың орташа көрсеткішінен 20 пайызға жоғары. Өңдеу өнеркәсібі 46,6 млрд теңгенің өнімін шығарған. Соның ішінде 35,6 млрд теңге тамақ өнімдері өндірілген.

Аудандағы ШОБ өкілдерінің саны қазір 1 905, оның 1 055-і – жеке кәсіпкерлер, 567-сі – шаруа және фермерлер, қалғаны – заңды тұлғалар. Кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық бағдар­ла­маларына сәйкес 1,7 млрд теңгеге 12 жоба қаржыландырылған. «Жас­тар бас­­т­а­масын қаржыландыру» бағдар­ла­­масы бойынша 91,2 млн теңгеге 20 жо­ба­ қаржыландырылған. «Ауыл аманаты»­ бағ­дар­ламасы бойынша 139,5 млн теңге­ге­ 14 жоба қаражат бөлінген. Аудан тұр­ғын­да­ры­­ның өмір сапасын жақсарту мақсатында биыл басқа да жобалар іске асырылып жа­тыр.

Айыртау ауданында аталған кезеңде экономикаға 15,1 млрд теңге инвестиция тартылып, былтырғымен салыстырғанда 8 пайызға артқан. Соның ішінде жеке капиталдың үлесі өте жоғары. Аудан тұрғындарының орташа еңбекақысы былтырғымен салыстырғанда 22 пайызға артып, 249,5 мың теңгеге жеткен.

«Ауа райының қолайсыздығына қара­май, аудан биыл гектарынан 12 цент­нерден астық, 7,6 центнерден майлы дақыл алып, барлығы 375,1 мың тон­на дәнді және 24,3 мың тонна майлы дақыл жинады. Бұған 265 мың гек­тар егіс алабына 17 мың тонна мине­рал­ды­ тыңайтқыш себудің пайдасы ти­ге­­ні анық», дейді аудан әкімі Ерболат Бек­шенов.

Сонымен қатар ауданның шаруа­шы­лықтары биыл 5,8 млрд теңгеге 263 дана жаңа техника сатып алып, машина-трактор паркін 6,2%-ға жаңартқан. Құрғақ жыл­дар­ға қарсы тұру үшін суармалы егіс жұ­мыстары қазір қызу қолға алыныпты. Мы­салы, «Агро Елецкое» ЖШС 1 млрд теңгеге суару жүйесін салып жатыр. Кейінгі екі жылда аудандағы суар­малы жер­лер үлесін екі есе арттырып­, 1 093 гек­тар­ға жеткізу көзделіп отыр екен.

Айыртау ауданы биылғы 10 айда 4,6 млрд­ теңгенің өнеркәсіп тауарларын­ шы­ғарған, соның 80 пайызы ауыл шаруа­шы­­лығы өнімдерін өңдеудің үлесіне тие­сі­лі. Мысалы, «Теzis» ЖШС тәулігіне 2 тонна­ өнім шығара алатын құрал-жаб­дық­та­ры­мен ірімшіктің 40 түрін шығарады. «Сау­мал­көл SUT» ЖШС ха­­лық­тан шикі сүт са­тып алып, оны өң­деу арқылы сарымай, қай­мақ, айран, қатық, брынза сияқты 5 түр­­лі сүт өнім­ін шығарады. Қазір бұл кә­сіп­­­­орын жаңар­тыл­ған жаңа цехын іске қосу жолында.

Ауданда 1 699 ШОБ қатысушысы бар. Биыл олар 980 млн теңгенің 15 жо­ба­сын­ іске асырып, 39 жұмыс орн­ын ашты. «Ауыл аманаты» бағ­дар­ла­масы шең­бе­рін­де 243 млн теңгенің 33 жобасы қаржы­лан­ды­рылды.

Айыртау ауданында туризм сала­сы­ның әлеуеті зор. Кейінгі бес жылда осы салаға 3 млрд 750 млн теңгеден аса инвестиция салынды. Имантау-Шалқар курорттық аумағының инфрақұрылым жүйесін дамыту – қазір басты назарда. Биыл бұл аймаққа 95 мыңнан артық турист келді. Жалпы, аудан бойынша туризмнің 44 нысаны жұмыс істейді, олар тәулігіне 4 мыңға жуық туристі қабылдай алады. Солардың ішінде «Изумрудное», «Адель», «Дом у озера», «Адам», «Имантау», «Қазығұрт» және т.б. туристік нысандардың жұмысы біршама жақсы жолға қойылған.

Тайыншада аудандық маңызы бар 114 ша­қырым жолдарды орташа­ жөндеуге бюд­­­жеттен 2,9 млрд теңге қаражат бө­лінді. Бүгінгі таңда жоспарланған жұмыс­тар­­ аяқталуда, нәтижесінде 20 ауыл­ды елді мекендердің 8,8 мың тұрғынын сапалы жолмен қамтуға қол жет­кізілді. 7 ел­­ді мекеннің 26,6 шақырым ішкі жолда­ры­ орташа жөндеуден өткі­зі­ліп, оған бюд­­жет есебінен 911 млн теңге қара­жат жұм­­салды.

Әлеуметтік сала бойынша Тайынша ауданы басқалардан біршама алда бол­ғаны­мен, мұнда да өзіндік мәселелер бар. Ауданда барлығы 64 медициналық мекеме бар. Онда 52 дәрігер, 262 орта дең­гейдегі медициналық маман еңбек етеді. Алайда ауданға бір-бірден анес­тезиолог, травматолог, онколог, оториноларинголог, хирург, екі-екіден акушер-гинеколог, педиатр дәрігер жетіспейді.

Аудан аумағында 48 мектеп жұмыс істейді, оларда барлығы 5 722 оқушы білім алады. Соның 1 225-і қазақ тілінде білім алады, қалғаны орыс тілінде оқиды. «Оң­түс­тіктен – солтүстікке» бағдарламасы бо­­йынша аудан аумағына барлығы 175 адамы бар 52 отбасы қоныс аударған. Олар еліміздің 8 өңірінен келді. Соның ішін­де ең көбі Түркістан облысынан 10 отба­сы келген. Олардың арасынан 62 адам тұрақ­ты жұмыс орындарына орналасқан. Тиесілі көші-қон қаражаттары төленген. Аудан әкімі Берік Әлжанов: «Қазір біздің аудан­ның алдында зор міндет тұр. Кез келген мә­се­­лені ынтымақтастықпен, ақылдаса оты­рып, бірлесіп шешудің маңызы зор», дейді.

Облыстың туризм орталығы саналған Айыртау ауданында жолдарды жөндеуге 2023 жылы 3,1 млрд теңге бөлінді. Алай­да әлі де жөндеуді күтіп тұрған жолдар көп. Биылғы бөлінген қаражат аудандық маңызы бар 33,6 шақырымдық «Саумалкөл – Сырымбет – Қарақамыс – Светлое», «Лобаново – Зеренді», Ақан сері ауылының кіреберіс жолын және облыстық маңызы бар «Саумалкөл – Новоишимка» жолын және т.б. жолдарды жөндеуге жұмсалды.

Халықты әлеуметтік қорғау саласы­ бо­­йын­ша жыл бойы 1 990 адам жұмысқа орна­ластырылғанын атап өтуге болады. Оның ішінде 573 адам ауыл шаруашылығы са­ла­сына орналастырылып, 237 адам жеке кә­сіп­керлікке жұмылдырылған. Биыл ау­дан­ға 182 адамы бар 41 отбасы көшіп кел­ген, олардың бәріне тиесілі көмектер жа­сал­ған.

Ауданда барлығы 45 мектеп бар, онда 4 820 оқушы білім алады. «Ауыл – ел бе­сігі» бағдарламасы шеңберінде биыл Дәуқара, Ақан, және Новосветлов ауыл­дарының мектептеріне 387 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Аудан аумағында ауыл шаруа­шы­лығы мамандарын даярлайтын Айыр­тау агротехникалық және «Зейнеп» көп­салалы колледждері жұмыс істейді, олар­да 597 студент оқиды.

Ауданда бір аудандық аурухана, 10 амбулатория, 45 медициналық пункт және 3 фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. Оларда 55 дәрігер, 233 орта дәрежелі медициналық қыз­мет­кер­ бар. Алайда мұнда да травматолог, офтальмолог және т.б. дәрігерлер жетіс­пей­ді. Биыл аурухананың бас корпусына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Міне, облыс халқына танымал, тарихы терең аудан­дардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қысқаша айтқанда осындай.

 

Солтүстік Қазақстан облысы