• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 28 Қараша, 2023

Ертіс өңірінің экономикасы өркендей бермек

137 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Президент Жолдауын іске асыру аясындағы өңірдің басты жетістіктері мен әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Сөйтіп, БАҚ өкілдерін қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Дауылдың зияны

Аталған өңірде барлық не­гізгі әлеуметтік-эконо­ми­калық көр­сет­кіштер бойынша оң ди­на­микаға қол жеткізілген. Пав­лодар облысы еліміздегі бүкіл электр энергиясының 42,5%-ын және көмірдің 60%-ға жуығын өнді­ретіні мәлім. Индустриялды ай­мақ­тың қуат-қарымын осыдан-ақ көруге болады.

«Облыстың әлеуметтік-эко­но­микалық даму жоспарлары ұлттық және өңірлік стра­те­гияларға, Мемлекет басшы­сы­ның Жолдауына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Десек те, әуелі 18-19 қарашада облыс аума­ғында 37 м/с екпінмен тір­келген дауылды желдің зардабы жөнінде айтып өткенді жөн санадым. Өңірдің 3 қаласы мен 6 ауданында 83 әлеуметтік нысан, 63 көппәтерлі және 84 жеке тұрғын үй зардап шекті. Баянауыл, Павлодар, Шар­бақты, Май, Успен, Аққулы аудандарында 61 мектеп, 10 аурухана, 9 мәдениет үйі және 3 спорт кешені түрлі ахуалда бүлінді, бұзылды. Сондықтан табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы «Төтенше жағдай» жарияланды. Келтірілген зақым мен шеккен зиянды бағалау жүргізілді. Бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын жылдың 5 желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланған», деді А.Байханов.

Есте болса электрмен жаб­дық­тау желілерінде 246 авария­лық ажырату мен 100-ден аса за­қымдану салдарынан 117 ауыл­дық елді мекен жарықсыз қал­ған еді. Әйтсе де бірінші күні жарық 99 ауылға берілді, қал­ған тиісті жұмыстар жедел атқа­рылып болған соң 22 қара­шада электрмен жабдықтау толы­ғы­мен қал­пына келтірілді.

 

Инвестиция әкелген игілік

Тартылған инвестициялар көле­мі өткен жылдың осы кезе­ңімен салыстырғанда 28,2%-ға өсіп, 730,1 млрд теңгені құрады. Оның 85%-ы – жеке инвестициялар. Онда 32 жобаны іске асыруға және 1 500-ге жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Әлі жыл соңына дейін 800-ге жуық жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 291 млрд теңгеге 20 жобаны іске қосу жос­парда бар.

«Стратегиялық маңызды жо­ба­лардың қатарында келесі жыл­дың бірінші жартысында іске қосу жоспарланып отыр­ған Екібастұз маңындағы фер­ро­қорытпа зауытының құры­лы­сы тұр. Бұл зауыт Қазақ­станға Қытайдан кейін (240 мың тонна) ферроқорытпалардың ірі өндірушісі болуға мүмкіндік береді. Жалпы, өңірлік биліктің жұмысында 9,7 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 2,1 трлн теңге сомасына 127 инвестициялық жоба бар», деді облыс әкімі.

Аймақ елдегі 5 көшбасшы облыстың қатарында тұрғанмен, өкіндіретін тұстары да жоқ емес. Абайлап айтқанда, атмосфераны ластау бойынша да Кереку өңірі аймақтар арасында алдыңғы лекте екені жасырын емес. Осы орайда облыста кешенді экологиялық шешімдерге біртіндеп көшу жұмыстары нықтап жүргізіліп жатыр. Осы жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 2,6%-ға немесе 13,2 мың тоннаға азайыпты.

 

Шаруаның мәселесі шешілген

Өңірде ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Егістік алқабы 1,650 мың га құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 80 мың га артық. Облыс фер­мер­ле­рі үшін ағымдағы мау­сым оңай болған жоқ. Ауа райы­ның қолайсыздығы кері әсерін ти­гізді.

«Осыған байланысты фер­мер­­лерді қолдау және құр­ғақ­шы­лықтың салдарын азайту үшін барлық қажетті шара қабыл­данды. Бірінші – жергілікті бюд­жет­тен фермерлердің жем­шөп дайындауға жұмсаған шы­ғындарының құнын арзандату үшін 3 млрд теңге бөлінді. Бұл мемлекеттік көмекті 1,5 мың­нан аса фермер алды. Екінші – шөп шабу үшін арзандатылған дизель отынының көлемі 4-тен 10 мың тоннаға дейін көбейді. Арзан баға – 232 теңге, бұл дизельдің нарықтық құнынан 21%-ға төмен. Үшінші – шөп да­йындау үшін мемлекеттік орман қоры жерлерінен ауданы 25 мың гектардан асатын қосымша шабындық алқаптар бөлінді. Бұл шамамен 20 мың тонна шөп дайындауға мүмкіндік берді. Төртінші –  «Павлодар» ӘКК жанынан малды қолда ұстайтын кезеңде халыққа сату үшін 5 мың тонна көлемінде жемдік астықты тұрақтандыру қоры құрылды. Бесінші – Үкіметтің қолдауымен республикалық бюджеттен ин­вес­тициялық шығындарды, тұқымдарды, пестицидтерді, тыңайтқыштарды, мал шаруа­шылығы бойынша асыл тұ­қымды және селекциялық жұ­мыс­тарды субсидиялауға 6,8 млрд теңге бөлінді», деді өңір басшысы.

 

Әлеуметтің әл-ауқаты көтерілді

Облыста «Ауыл аманаты» жобасы аясында ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер 1,5 млрд теңгеге 192 шағын несие алып, 350 жаңа жұмыс орны ашыл­ған.

«Өңірдің аграрлық бизне­сін әртараптандыру бізге әлеу­меттік маңызы бар азық-тү­лік тауарларының бағасын ба­қы­лауға көмектеседі. Азық-түлік тауарларының 19 пози­ция­сындағы 14-інің бағасы республикалық бағадан төмен. Сондай-ақ жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндеттеріміздің бірі. Президент әр 10 мың тұрғынға жыл сайын 100 жұмыс орнын ашуды міндеттеді. Осы жылдың 10 айында 26 533 адам жұмыс орнын тапты. 63 кәсіпорын 57 мың қызметкерінің еңбекақысын көтерді», деді А.Байханов.

«Жайлы мектеп» жобасымен Павлодарда 1 200 және 600 орындық екі мектептің құрылысы басталған.

«Өңірдің ірі өнеркәсіптік компанияларының қаражаты есебінен апатты мектептердің мәселесі шешілді. Биыл Желе­зин ауданының Моисеевка және Баянауыл ауданының Қаражар ауылдарында 2 жаңа мектеп салынды. Үшінші жаңа мектеп осы жылдың соңына қарай Павлодар ауданының Сычевка ауылында ашылады. Өңірде барлығы 6,5 млрд теңгеге 54 мектеп жаңартылды. Шағын ауылдардың балаларын тасымалдау үшін 46 мектеп автобусы сатып алынды», деді өңір басшысы.

Биыл 20 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүр­гізіліп, 400 бірлік меди­ци­налық техникалар мен жабдықтар сатып алыныпты. Жаңартылған 37 бірлік санитарлық көлік осы жылғы жарақтандыру көр­сеткішін 51%-дан 68%-ға дейін ұлғайтқан. Спорттық инфрақұрылымды дамыту, оның барлық халық үшін қол­жетімділігін арттыру жұ­мыс­тары қарқын алған. 6 дене шынықтыру-сауықтыру ке­шені, жекпе-жек орталығы салынды, 198 спорт алаңы орнатылды. 14 нысанда ағым­да­ғы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс­тың 3 қаласында 22 млрд теңгеден аса қаражатқа 128 км жылу желілерінің құрылысы, қайта құру және ағымдағы жөн­­деу жұмыстары жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бо­йынша 35 мың адам тұратын 26 ауылдың инфрақұрылымы жаңартылды.

Облыс әкімі Екібастұз қала­сын жылу беру маусымына дайындау мәселесіне жеке тоқ­талды.

«Екібастұз ЖЭО-дағы 10 қазандық агрегаттың алтауына күрделі жөндеу және екеуіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. ЖЭО штаттық режімде жұмыс істеп тұр және жылудың қа­жетті параметрлерін беріп жатыр. Қалған екі қазандық бойынша жұмыстар аяқталды. Осы айдың соңына дейін іске қосу, баптау жұмыстары жүргізіледі. ЖЭО жөндеуге 17 млрд теңге бөлінді, оның ішінде бюджеттен 8,5 млрд және «ОАЭК» АҚ қаражаты есебінен 8,5 млрд. Биыл Екібастұз қаласында ЖАО мен «ОАЭК» АҚ қаражаты есебінен 70 шақырымнан аса жылу желілері жөнделді. Бүгінгі таңда барлық жұмыс аяқталды. Қаланың жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге барлығы 5,1 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 2,1 млрд теңге облыстық бюджет қаражаты, ал 3 млрд теңгені «ЭЖЭ» ЖШС меншік иелері бөлді», деді А.Байханов.

Өңірде сумен жабдықтау мәселелеріне көп көңіл бөлі­не­ді. 18,4 млрд теңгеге 60 жобаны іске асыру жүргізіліп жатыр. Облыс қалаларындағы көр­сеткішті биыл 97%-ға, ауыл­­дарда 98,8%-ға дейін жет­кізу жоспарланған. Ал тұрғын үйдің қолжетімділігі мен сапасы өзекті әрі басым бағыт­тар­дың бірі болып қала береді. Әлеуметтік тұрғын үйдің кезегін азайту үшін қалаларда 1,551 пәтерлі 14 көп қабатты тұрғын үй салынды. Бұған қоса Павлодар облысында жер­гілікті жолдар желісін дамыту жөніндегі мемлекеттің басым міндетін ескере отырып, 27 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 692 км болатын елді мекендердің автокөлік жолдары мен көшелерін қайта жаңарту және жөндеу бойынша 141 жоба іске асырылды.