• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Қараша, 2023

Жаппай су үнемдеудің маңызы

353 рет
көрсетілді

Сарапшылар дамушы елдерде урбанизация үдерісі жоғары болатынын айтады. Қала халқының саны өскен сайын, суға жауапты мекемелерге салмақ түседі. Мұны үйлестіруге келгенде ұзақмерзімді жобалар қажет-ақ. Судың жайына Үкімет, өңір басшыларымен қоса шаруалар да алаңдаулы. Кейбір өңірлер «кеңесіп пішкен тон келте болмас» деп суды аз қажет ететін өнімдерді өсіруге ыңғайлана бастады. Құптарлық іс, су аз келетін мезгілде жоқтан бар жасаймын деп босқа шығындалудың қажеті қанша?!

Елде су көздері азайып барады. Транс­шекаралық өзендерден келетін судың көлемі құбылып тұр. Мұндайда шаруалар мен басқа да өнеркәсіп иелеріне әр жылы келетін судың көлеміне қатысты сараптамалар қажет. Тосын жайттарға алдын ала қамданған әлдеқайда тиімдірек. Шығынды азайту үшін аз-маз қымбатқа түссе де, су үнемдейтін технологиялардың игілігіне иек артатын мезгіл келді. Бір­не­ше жыл бұрын алқапты суарудың жаңа жүйесін енгізуге бекінген шаруа­лар қазір тиімділігін көріп отыр. Иә, мол өнім алуды көздеген кәсіпкерлерге мем­лекет қажетінше жол көрсетіп, же­ңіл­­дік қарастырып, қолдап отыр. Кейбір өңірлерде ауыл шаруашылығындағы судың 40 пайызы босқа ағып жатыр екен. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайы­­зы тозған. Судың «көлеңкелі» нарығы деген де бар. Мемлекет басшысы осы мәселелерді Жолдауда айтты. Үкіметке еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасап, саланың материалдық жағдайын жақ­сар­тумен қатар кадр мәселесін шешуді тап­сыр­ғанын білеміз.

Ғалымдар су тапшылығы жаһандық мәсе­леге айналатынын бұрыннан-ақ ес­кертіп, дабыл қақты. Сол кезде шөбі­не суы жететін елдер ұзақмерзімді болжамдарға аса бас қатыра қоймады. Енді судың түбі көріне бастаған шақта қорды молайтып, су тапшылығының алдын алмасқа амал жоқ. Президент Жарлығымен Су ре­сурс­тары және ирригация министрлігі құрыл­ға­нын білеміз. Қазір басшылық құрам бекіп, жоба-жоспарлар айқындалып жатыр. Министр Нұржан Нұржігітов су шаруашылығы саласындағы сарапшылар мен мамандардың пікірін назарға алуға дайын екенін айтты. Министрлік Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту­дың 2024-2030 жылдарға арналған тұжы­рымдамасының жобасын әзірлеп үл­герген. Соған сүйенсек, 2027 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында 1,7 текше шақырым су жинайтын 8 жаңа су қоймасын салу жоспарланыпты. Ал екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында жаңадан 12 су қоймасы салынса, еліміздің өзге өңірлерінде су қо­рын жинау және сумен тұрақты қам­та­масыз ету мәселесі шешіледі екен. Тұжы­рымдамаға сай қолданыстағы 15 гидротехникалық құрылыс жаңартылады. Сонымен қатар 3,5 мың шақырым суару желісін реконструкциялап, су ысырабын суды есепке алуды цифрландыру арқылы азайту жоспарланған. Жаңа технологиялар су шаруашылығын бақы­лау­ға мүмкіндік беріп, шығындарды азайтады және маңызды табиғи ресурс­ты тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Қысқасы, тұжырымдамадағы жос­­пар­дың барлығы су ресурстарын тиім­ді басқарып, аймақтарды тұрақты су қорымен қамтамасыз етуге, ауыл шаруа­шы­лығын өрістетуге, климаттың өзгеруіне бейімделуге ықпал етеді екен.

Жуырда жаңа жылдан бастап су сала­сын­дағы қызметкерлердің еңбек­ақы­сы орта есеппен 25%-ға өсетіні туралы хабарды естідік. Әрбір өңірде су ресурстарын бөлу және оны бақылаумен айналысатын бөлімдер пайда болады. Кадр даярлау ісіне де көңіл бөлінеді. Ұлттық гидрогео­логия қызметі құрылып, жерас­ты суларын басқару, іздестіру-барлау жұмыстары қызады екен. Сол секілді тұрғындарды ауыз сумен қамтып, жайы­лым және мал шаруашылығы үшін де жерасты су ресурс­тарын пайдалануға басымдық берілмек. Су ресурстарының ақ­параттық орталығы құрылады. Бұл қадам салаға қатысты бар­лық деректі автоматты режімде ұсы­ну­ға, гидрометеорологиялық мониторинг жүйесі негізінде су тасқынын модельдеуге, трансшекаралық су объектілері бойынша деректерді талдауға мүмкіндік береді деседі. Жаңадан құрылған министрліктің алға қойып отырған ауқымды жоба-жос­пары көп-ақ. Бұл тек бастамасы болар деп сенейік. Нәтижесінде, межелі міндеттер әрбір өңірде тиімді іске асса, қала, ауыл халқы соның шарапатын көреді деген үміт зор.

Су шаруашылығының бұрынғы ми­нистрі, гидротехник Нариман Қыпшақ­баев­пен пікірлескенімізде, ол жылдан-жылға сарқылып бара жатқан суды тиімді пайдаланудың бірден-бір әдісі үнемдеу екенін айтты.

– Су мәселесі күрделеніп барады. Мұны бәріміз біліп отырмыз. Жақында Су ресурстары және ирригация министрімен кездестім. Сонда жауапты қызметте суды басқарып отырған мамандардың судың не екенін білмейтінін айттым. Шар­уа­­шылықта әр қойшы қойын күнде­лікті санап, түгендеп отырады ғой. Су кө­лемін бақылау да осы секілді дүние. Бақыламаса, болмайды. Еділден Қа­зақ­станға тиетін судың үлесі қанша, Ресеймен ара­дағы су мәселесі жөніндегі ресми құ­жат қашан бекітілді? Ертіс, Іле, Жайық, Тобыл, Есіл, Шу, Сырдарияның үлесі ше? Сушылардың осы сұраққа мүдірмей жауап беруі екіталай екенін айттым. Тұщы судың қоры – шектеулі ресурс. Бұл азаюы мүмкін, бірақ көбей­мей­ді. Халық саны 20 миллионға жеткенін естіп, бір қуанып қалдық. Осы қарқынмен 30, 40 миллионға да жетерміз. Бірақ судың көлемі өзгеріссіз қала береді. Сушы­лар осыны ойлауға тиіс. Қай елде суды үнемдейтін технология, әдіс-тәсіл енгізіліп жатыр, соны мүм­кін­ді­гінше зерттеу керек. Қалай енгіземіз деп тағы ойлану қажет. Бұл үшін алдымен басшы­лық қызметтерге нағыз су мамандарын қойған абзал болады. Таудың суы ма, көрші елден келетін су ма, бәрі-бәріне мемлекет, министрлік елшілік етуі керек, – дейді ол.

Н.Қыпшақбаев су саясатында нақты шешім қабылдап, содан тайқымай, бір ұстанымда болуға шақырып отыр.

– Ашық ақпараттан суға жауаптылар жылына мынадай каналдар жөнделді деп есеп бергенін естіп қаламыз. Есепке үңілсек, қазіргі қарқынмен елдегі канал­дар­дың барлығын жақын келешекте жөндеп біте алмаспыз. Қазір канал­дардан өткен су шаруашылыққа жетемін дегенше жартысы сіңіп кетіп жатыр. Суға жете алмай отырған мезгілде мұндай ысы­рапшылдыққа жол беруге болмай­ды. Ресми ақпарат бойынша суды шаруаға жет­кізгенше 40 пайызы жолда рәсуа болады екен. Демек, каналдары министрлік тікелей өзі бақылып, бір қасық суды да жоғалтпауға күш салуы қажет. Бұл – үлкен мәселе. Бізде жер астынан өздігінен пайда болатын су көздері жоқ. Бары сол, көбеймейді. Трансшекарлық су көздерін пайдалануға келгенде қай ел болса да суды бірінші өзі пайдаланғысы келеді ғой. Бізге нақ қазір осыны ескеріп, жұмысты дұрыс үйлестіре білу керек. Жер жүзіндегі тәртіп солай. Халықаралық су тәртібі деген бар. Онда су аз болған жылы да екі жақ барды қанағат тұтып бөлісетіні көрсетілген. Тағы бір айтатын жай, су бөлісу тәртібі жөнінде кеңес үкіметінде жасалған келісім бар. Қазір оны жоққа шығарып, қайта келісім жасаудың қажеті қанша? Жаңа келісім арқылы көрші елдер бізді ойлап, судың 60 пайызын жібермейтіні белгілі нәрсе ғой. Канада, АҚШ, Мекси­каға бардым. Олар 1902 жылы су жөнінде келісімге қол қойыпты. 120 жылда бір сөзі түгіл үтірін өзгертпеген. Мен мұның барлығын жайдан-жай емес, жаным ашыған соң айтып отырмын. Су мәсе­ле­сін ақылдасып шешпесек болмайды, – деп сөзін түйіндеді сарапшы.

Халықтың басым көпшілігі қалада тұрады. Бірте-бірте қала халқы да суды үнемдейтін жаңа құралдарды пайдалануға көшетін шығар. Су үнемдейтін технологиялар үсті-үстіне ұсынылса, оны дұрыс пайдалану мәдениеті қалыптасар. Ғылым докторы, профессор Блок Шайкенов те суды тиімді пайдалануды үнемдеуден бас­тау керек деп санайды.

– Қазір халықаралық келісімді толық­тай сақтап отырған ешкім жоқ. Суды әр ел өзіне қажетінше бұрып ала береді. Енді бізге не қалды? Біздің несібеміз –өзімізде басталатын ішкі өзендермен қоса қар-жауын. Бұл да өлшеулі. Тау бауыры мен солтүстік өңірде ғана бар. Орталық тұс түгел шөл, шөлейт. Міне, біздің барлық байлығымыз осы ғана. Өздеріңіз білесіздер, екі-үш жыл оңтүстік, батыс өлкелерде құрғақшылық болды. Бұл көпшілікке белгілі дүние, оны езгенмен ештеңе шықпайды. Бірақ қазір нақты су қоры жөніндегі дәлді өлшемдерді зерттеу арқылы алдын алып жатқанын баса айту керек. Осы су қорының азаюына кейінгі кезде қалалар да әсер етіп отыр. Сонда неге су мәселесін үнемдеу арқылы шеш­пейміз деген орынды сауал туады, – дейді ғалым.

Суды үнемдеудің әдіс-тәсілдерін әуел­ден ойластырып жүрген Б.Шайкенов 2017 жылы қалада су үнемдейтын тазалық аппаратын ойлап тауып, тіркеп, төрт жыл тексеруден кейін патентін алған. Суды тазалайтын аппараттың жаңа нұсқасы қалада тұрмыстық мақсатта жұмсалатын судың 1/3 көлемін үнемдеуге мүмкіндік береді екен.

– Осыдан 55 жыл бұрын Алматыға келгенімде қалада 520 мың адам тұратын еді. Қазір 2 миллионнан асады. Жарты ғысырда тура төрт есе өсті. Ал су азайды, тауда мұздақтар түріліп жоғары кетті. Жауын, қар аз. Таудан ағатын өзен­дердің қарқыны баяулады. Енді біршама уақыттан кейін суды қайдан алады? Маңғыстау өңірінде таза судың көзі жоқ. Еділден тасып, теңіз суын тұщылайды. Алматы сияқты Ақтаудың да қанша ысырап жасайтынын есептедім. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, қаланың әр тұрғынына тұрмыстық және гигиеналық жағдайды толық қамтамасыз ету үшін күніне 230-350 литр су керек. Мұны айға шаққанда шамамен 7-10,5 текше метр су. Әрине, бұл – ең жоғары көрсеткіш. Ал орта есеппен (Алматыда) бір адамға тәулігіне 170-200 литр су кетеді. Қалада тұрмыста ас-суға қажет судан санитарлық тазалауға кететін судың шығыны әлдеқайда көп екені анықталды. Қалай дегенде де суды нақты тазалау технологиясы бізде жетілмеген. Біз осы парықсыз шаруа ыңғайымызбен таза су қорларын сарқып, табиғаттағы су айналымына орасан зиян келтіріп отырмыз, – деп өз тұжырымын айтты Б.Шайкенов.

Су ресурстарын пайдалануды реттеу­ге келгенде бір емес, бірнеше маңызды шаруа барын түсіндік. Басқа-басқа әуелі суды үнемдеуге көп көңіл бөлу керек тәрізді. Әзірге суға жауапты министрлік осының барлығына назар аударып, кли­маттық өзгерістерге бейімделуге орай­лас­тырылған шараларды қолға алады деп үміттенейік.