Астанада Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен Ұлттық спорт түрлерін дамыту және 2024 жылға арналған міндеттер бойынша алқалы жиын өтті. Басқосуда келесі жылы Астанада ұйымдастырылатын 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысы талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға Ұлттық және ат спорты орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов, Ұлттық спорт қауымдастығының өкілдері, ұлттық спорт федерацияларының президенттері, өңірлік спорт басқармаларының басшылары, аймақтардағы ұлттық спорт мектептері мен клубтарының басшылары және «Қазспортинвест» АҚ мамандары қатысты.
«Ұлттық спорт түрлерінен аккредиттелген спорт федерацияларымен бірлесе осы бағытта бірқатар іс-шара атқарылып жатыр. Биыл ұлттық спорттың бірнеше түрінен әлем және Азия чемпионаттары, Әлем және Азия кубогі, Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындары сынды ірі жарыстар өткізілді. Спортшылардың нәтижесі жаман емес. Бірақ алда тұрған міндеттер көп. Бүгінгі таңда соның ең бастысы – 2024 жылғы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын абыроймен өткізу. Үздік нәтижеге қол жеткізу үшін тыңғылықты дайындық қажет. Баршаңызды алдағы Көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде өткізуге атсалысуға шақырамын», деді Ербол Мырзабосынов. Әр федерация басшысы атқарылған жұмыс турасында есептік баяндама жасалып, ұлттық спортты ұлықтау жолындағы мәселені шешу де айтылды.