Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Того президенті Фор Эссозимна Гнассингбе БАҚ өкілдері үшін өткізген брифингте Гнассингбе Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ерекше ықыласты екенін жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екіжақты келіссөздерден кейін БАҚ өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасаған Того Президенті ауылшаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын ерекше атап өтті. Қ.Тоқаев шақыртуды қабыл алып, елімізге ресми сапармен келген Гнассингбеге разылығын айтты. Того мемлекетінің басшысы сапар аясында екі ел арасындағы қатынасты нығайта түсетінін айтты. Фор Гнассингбе Тогоның Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ерекше көңіл бөліп отырғанын және стратегиялық серіктестікті өңіраралық қана емес, құрлық деңгейінде де дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
«300 миллионнан астам халқы бар Батыс Африка елдерімен тауар айналымын жолға қойған Того Қазақстан инвесторларының қызығушылығын туғызады деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығымыз дамып келе жатқаны қуантады. Бүгінде сіздің елдің Тогоға астық жеткізу мүмкіндігі мол. Қазақстан цифрландыру саласында айтарлықтай жетістікке жетіп отыр. Біз де өз елімізде цифрландыру жобаларын іске асырып, осы бағыттағы ынтымақтастықты жолға қоюға ниеттіміз. Бұл тұрғыдан сіздерден үйренеріміз көп», деді Того Президенті Ф.Гнассингбе.