Биыл Дэвис кубогінің түрлі іріктеу сындарынан сүрінбей өткен әлемнің ең үздік сегіз командасы 22 қарашада Испанияның Малага қаласында бас қосты. Олар Жерорта теңізінің батыс жағалауында орналасқан осы әсем шаһарда бес күн бойы шеберлік байқасып, кімнің мықты екенін анықтады.
Ширек финалда Финляндия мен Канада, Аустралия мен Чехия және Италия мен Нидерланд құрамалары біраз тіресті. Десек те шешуші тұста ширақ қимылдаған алғашқылары жеңіске жетті. Осы кездесулердің үшеуінде де 2:1 есебі тіркелді. Сербияға Ұлыбританияны ұту еш қиындық туғызған жоқ. Олар барлық мәселені екі сетте шешті – 2:0.
Жартылай финалда аустралиялықтар Суоми елі өкілерін сүріндірді – 2:0. Ал италиялықтар мен сербиялықтар арасындағы сайыс шиеленіске толы болды. Алғашында Миомир Кецманович Лоренцо Музеттиді қапы қалдырып, өз комадасын алға шығарды. Келесі кездесу қос мемлекеттің мақтанышы Новак Джокович пен Янник Синнер арасында өтті. Осы бәсекенің фавориті Сербияның саңлағы екені сөзсіз. Ол – бүгінгі таңдағы дүние жүзінің бірінші ракеткасы және әлемдік теннис тарихында ең көп олжаға кенелген ойыншы. Осы жағынан Джоковичтің алдына түсетін ешкім жоқ. Бірақ АТР тізімінде төртінші орында тұрған Синнерге бұл жағдай еш әсер еткен жоқ. 22 жастағы жалынды жас сын сағатта 36 жастағы даңқы жер жарған дүлдүлді сүріндірді. Есеп – 6:2, 2:6, 7:5.
Финалда Италия мен Аустралия жолықты. Тұсаукесер кездесуде Маттео Арнальди (Италия) Алексей Попыринды (Аустралия) тізе бүктірді. Одан кейін түрлі себептерге байланысты Мэттью Эбден/Макс Перселл мен Симоне Ботелли/Лоренцо Сонего арасындағы жұптық сайыс өтпей қалды. Шешуші тұста Янник Синнер Алекс де Минорды 6:3, 6:0 есебімен ұтып, Апеннин түбегі жанкүйерлеріне шатттыққа бөледі.
Сөйтіп, Италия құрамасы өз тарихында Дэвис кубогін екінші мәрте олжалады. Бірінші рет олар 1976 жылы Чилидің астанасы Сантьягода өткен финалдық ойында жарыс қожайындарын 4:1 есебімен ойсырата ұтып, бас жүлдені төбелеріне көтерді. Сол жұлдызды команданың сапында Коррадо Барадзутти, Паоло Бертолуччи, Антонио Дзугарелли және Адриано Паннатта сынды серкелер өнер көрсетті. Содан бері 47 жыл да зымырап өте шықты. Міне, енді Янник Синнер бастаған сайыпқырандар биыл толағай табысқа қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ олардың 1960, 1961, 1977, 1979, 1980, 1998 жылдары жалауы желбіреген жарыстардың финалында ойнағанын да айта кеткен абзал.
Кезінде Қазақстанның теннисшілері де Дэвис кубогінде жақсы өнер көрсеткен еді. Біздің жігіттер 2011, 2013, 2014, 2015, 2018 және 2021 жылдары аталған жарыстың Әлемдік тобының ширек финалында алты рет күш сынасты. Одан зор биікке көтеріле алмағанымызбен, осы межеге жетуіміздің өзі орасан зор табыс ретінде бағаланды. Өйткені Қазақстан құрамасы сапында атағы алысқа жайылған ойыншылар жоқтың қасы еді. Бірде-бір отандасымыз еш уақытта, тіптен, ТОП-30 теннисшінің қатарына да қосылмаған. Соған қарамастан шешуші тұста бір жұдырық болып жұмылып, талай маңызды матчтарда азулы қарсыластардың аузын ұрып кеттік. Өкінішке қарай, кейінгі кездері жолымыз болмай жүр. Былтыр Испанияның Валенсиясында ұйымдастырылған іріктеу турнирінде АҚШ пен Ұлыбританияға жол берсек, биыл Ла-Серенада Чилиге есе жібердік. Осылайша, соңғы екі бірдей дүбірлі додадан шет қалдық. Бұйыртса, келесі маусымда сол олқылықтың орны толып, отандық теннисшілеріміз зор табысымен өз жанкүйерлерін қуантады деп үміттенеміз.