Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасында қазақ спорт журналистикасының негізін қалаған көрнекті қаламгер Сейдахмет Бердіқұловтың 90 жылдығына арналған «Қазіргі қазақ спорт журналистикасы және медиакоммуникация мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында қаламгердің құрметіне спорт журналистерінің аудиториясы ашылды.
Аталған жиынның ашылу салтанатына Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықов, қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов, ҰҒА академигі Уәлихан Қалижан, спорт журналистикасының ардагері Несіп Жүнісбайұлы, ҰҒА академигі, танымал журналист Бауыржан Омарұлы, «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан, белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбекұлы, профессор Серік Негимов, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының директоры Ринат Кертаев, QazSport телеарнасының директоры Нағи Бақытбек, Қазақстан спорт журналистері федерациясының өкілі Ілияс Омаров, Сейдахмет Бердіқұловтың жиені Мәди Әміржанов және Өзбекстан, Башқұртстаннан келген ғалымдар қатысып, спорт журналистикасы тақырыбында баяндама жасады.
Жиынның кіріспе сөзінде ректор Ерлан Бәтташұлы қаламгердің шығармашылығы мен оның қазақ спорт журналистикасының қалыптасуына сіңірген еңбегі туралы айта келе, Бердіқұлов атындағы аудиторияның ашылуына қолдау көрсеткен Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорына, оның басшысы белгілі меценат Исламбек Салжановқа алғысын жеткізді.
Қазақ басылымдарында Сейдағаңның ізін басқан белгілі қаламгерлер Уәлихан Қалижан, Сауытбек Абдрахманов және «Бердіқұловтың бешпетінен шыққан» шәкірттері Несіп Жүнісбайұлы, Бауыржан Омарұлы, Қыдырбек Рысбекұлы ұстаздың ұлағатты болмысы, редакторлық шеберлігі, қызмет жолы, өзінен кейінгілерге көрсеткен жанашырлығы, ұйымдастырушылық қабілеті мен шығармашылығы туралы айтты.
Қаламгердің төл шәкірті, бүгінде қазақтың талай спорт журналистерінің жолбасшысына айналған Несіп Жүнісбайұлы ұстазымен бірге қызмет еткен жылдарын еске алды. «Бұл кісі тақырып қоюдың үлкен шебері еді. Тақырып қоюда алдына жан салмайтын. Мақаланың тақырыбы нашар болса, қарамайтын. Бір күні «Лениншіл жаста» Шыңғыс Айтматовпен кездесу болды. Келесі күні газеттің айқарма бетіне «Адамзаттың Айтматовы» деген дүние жарыққа шықты», деді Н.Жүнісбайұлы.
Кездесуде қаламгердің тағы бір шәкірті, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлы да естелігін айтты. Ол ардақты ұстазының он алты жыл «Лениншіл жасты» басқарғанын, осынау кезеңде қазақ журналистикасында екі мектеп қалыптастырғанын, алғашқысы жазу шеберлігінің мектебі болса, екіншісі қазақ спорт журналистерінің мектебі екенін атап өтті. «Бердіқұловтың сол қолымен жазылған соңғы бұйрықтары арқылы қызметке алынған біз шынында да шексіз бақытты едік», деді ғалым.
«Бердіқұловтың бешпетінен шыққан» тағы бір қаламгер, Туризм және спорт министрлігінің Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының директоры Қыдырбек Рысбекұлы ұстазы туралы «Намыс сардары» деген баяндама жасады.
Жиында белгілі журналист Талғат Батырхан көпке үлгі болған сайыпқыран Сейдағаңның сұңғыла қаламгер екені туралы сөз қозғады. Сонымен қатар әдебиеттанушы Серік Негимов те Сейдағаң туралы сыр шертті. Бұдан кейін Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұловтың құттықтау хаттары оқылды. Парламент Сенатының депутаты, белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп онлайн форматта Сейдағаңның қазақ журналистикасын дамытуға қосқан еңбегі туралы айтты.
«Заманауи медикоммуникация жүйесіндегі спорт журналистикасы» және «Спорттағы медиакоммуникацияның дамуына цифрлық технологияның әсері» атты екі секцияға бөлінген отырыста Бердіқұловтың қазақ журналистикасындағы еңбегі жан-жақты айтылды. Сонымен бірге С.Бердіқұловтың төл шәкірті, марқұм Дүрәлі Дүйсебайдың ағамыздың да спорт журналистикасына қосқан үлесі туралы сөз етілгені қуантты. Конференция аясында ашылған С.Бердіқұлов атындағы аудитория болашақ спорт журналистерін даярлайтын шеберхана болмақ.