Халықаралық көрмелер бюросына (ХКБ) мүше мемлекеттер EXPO 2030 Дүниежүзілік көрмесін ұйымдастырушы ретінде Сауд Арабиясын таңдады, деп хабарлайды Egemen.kz ХКБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
EXPO 2030 көрмесі Эр-Риядта 2030 жылдың 1 қазанынан 2031 жылдың 31 наурызына дейін өтеді. Негізгі тақырып – «Өзгеріс дәуірі: ертеңді бірге елестету».
EXPO 2030 көрмесін өткізу құқығына үш ел өтініш білдірді. Сауд Арабиясынан басқа Корея Республикасы (Пусан қаласы) мен Италиядан (Рим қаласы) өтініш түскен.
Қабылдаушы ел «бір ел, бір дауыс» қағидаты бойынша жасырын электронды дауыс беру арқылы таңдалды.
Соңғы Дүниежүзілік көрме – EXPO 2020 Дубайда «Идеяларды біріктіру арқылы, болашақты құру» тақырыбымен өтті. Келесі ЭКСПО көрмесі Осакада 2025 жылдың 13 сәуірі мен 13 қазаны аралығында «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамды құру» тақырыбымен өтеді.