• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қараша, 2023

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тоқтам салу жайы талқыланды

267 рет
көрсетілді

«Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты дөңгелек үстел өтті.  Дөңгелек үстелге қатысқан спикерлер қоғамға тереңдей еніп кеткен кеселмен күресуде салдарымен арпалысуды ғана емес,  себебін де байыптауға мән беру қажеттігін  ескертті.

 

«Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры, ҰҒА академигі  Дихан Қамзабекұлы қоғамның жегі құртына айналған  тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күрделі ахуалы елді  толғандырған өзекті мәселе екенін айтты. Мемлекет басшысы да  тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі заңмен реттелуі керектігін тапсырғанын атап өтті.  ҚР Президенті жанындағы  Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен «Зорлық-зомбылықққа қарсы белсенділіктің  16 күні» деген атпен басталған республикалық акцияны қолдап, ақпараттық демеушілік танытқан газет ұжымына алғысын білдірді. «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы  баяндама жасалды.  Соның негізіне сүйене отырып айтарым, тек заңды қатаңдатып, не болмаса өзгерту арқылы бұл мәселе түбегейлі шешімін таппайды. Зорлық-зомбылықтың негізгі себебі нашақорлық, маскүнемдік, құмар ойындарға тәуелді болу – 55%, әлеуметтік, экономикалық сипаттағы проблемалар – 47%, тұрақты  табыстың болмауынан туындайтын зорлық-зомбылықтың үлесі 29%. Респонденттер арасында жүргізген зерттеудің қорытындысы мынадай: әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың үлесі – 82%, балалар арасында – 32%, егде жастағы қарттарға жасалатын зорлық-зомбылық – 11% және ерлерге қатысты үлесі 10 %  және мүгедектерге қатысты зорлық көрсету фактісі 5%. Осы зерттеудің қорытындысы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегінің 68 %-ы некеде тұрғандар арасында орын алған. 31%-ы туыстық қарым-қатынаста туындаған», деді Ләззат Жаңылысқызы.

Парламент Сенатының депутаты  Жанна Асанова  бұл  қашаннан да қоғамның бас ауруына айналған басты мәселесі екеніне тоқталды. Отбасы  құндылығы саналатын балалардың тәрбиесінде ағаттық жіберудің ақыры  орасан опынуға ұласатынын айтты. Үйдегі бала  телефонның түбінен не көріп отырғанын жіті бақылауда ұстамаудың соңы сор болып жабысатынын жеткізді.

Дөңгелек  үстелге ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Ерекше тапсырмалар  жөніндегі аға инспекторы, полиция  подполковнигі  Ақмарал Серікбаева,  Астана қаласы әкімдігінің  «Үміт Дағдарыс» орталығы  коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Айгүл Бердібекқызы, «Қазақстан қоғамдық даму институты» КЕАҚ Отбасы  және гендерлік саясат  саласындағы зерттеулер орталығының жетекші  менеджері Бекзат Ермекбаева қатысып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарымен күресіп қана қоймай себебін айқындап, кикілжіңнің алдын алу қажеттігі  жөніндегі ойын ортаға салды.