Шалғайдағы шағын ауыл тұрғындарының басы ауырып, балтыры сыздай қалса, жедел медициналық көмек алуы – қиынның қиыны. Негізгі себеп, жедел жәрдем көліктерінің тозығы жеткен. Жалғыз бұл ғана емес, емдеу мекемелері де жанашырлыққа зәру.
Саланың берекесінің қашуына жедел жәрдем көліктерінің жетіспеушілігімен бірге медициналық емдеу мекемелері ғимараттарының көпшілігінің тозығы жетуі себеп болып отыр. Қажетті медициналық құрал-жабдықтар мен жедел жәрдем көлігі де жаңартуды қажет етеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірдегі медициналық емдеу мекемелерінің 66,1 пайызы әбден тозған. Оны айтасыз, шалғайдағы шағын ауылдарда медициналық пункттердің өзімдікі дейтін ғимараты да жоқ. 41 мекеме жергілікті әкімдіктер мен мектептердің бір бұрышын паналауға мәжбүр болып отыр. 111 медициналық нысан шаруа қожалықтары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерден уақытша жалға алған, медициналық көмек көрсетуге бейімделмеген ғимараттарды баспана еткен.
Мәселен, Ерейментау аудандық ауруханасының бас дәрігері Марал Сүлейменованың айтуына қарағанда, аудандағы медициналық мекемелердің 90 пайыздан астамы тозығы жетіп, қаусап тұр. Бар ғимараттардың өзі өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған. Сондықтан амалсыз ауылдардағы қабырғасы қауқиып тұрған ғимараттарды жалға алып отыр. Ал аудандағы жедел жәрдемнің өзіне «жедел жәрдем» керек. Қолда бар 16 автокөліктің 90 пайыздан астамы – әбден тозығы жетіп, бір жүрсе мың рет тоқтап қалатын көнетоз техника. Мысал үшін, екі жедел жәрдем көлігінің сонау 1997 жылдан бері пайдаланылып кете жатқанын айта кетсек те болады.
Шортанды ауданындағы жағдай да мақтанарлық емес. Аудандағы 28 медициналық қызмет көрсететін мекеме қоныстанған ғимараттың 16-сының мүлдем иесі жоқ. Иесі жоқ ғимараттың талапқа сай болуы мүмкін бе әрі мұндай жерде заман талабына сай медициналық қызмет көрсетіле қоя ма? Ауданның медицина мекемелері 5 ғимаратты уақытша жалға алса, төртеуі жергілікті әкімдіктер мен білім ошақтарының жетім бұрышын паналап отыр. Ал үш бірдей ауылда мүлдем ғимарат жоқ. Бұл ауылдардағы медицина қызметкерлері сырқаттанып қалған адамдарға үйлеріне барып қызмет көрсетеді. Жаңадан салынады деген ғимарат әлі басталмаған. Мәселен, Новокубанское ауылындағы амбулаторияның салыну уақыты әлдеқашан өтіп кеткенімен, жер телімінің құжаты дайын болмай жатыр. Мұндағы автокөліктердің ахуалы адам аяйтындай. 93 пайыздан астамының тозығы жеткен, ең жаңасы 2014 жылы беріліпті. Қаржының көп жұмсалатын жері де – осы. Тозығы жеткен техниканы ілдебайлап жүргізу керек. Бірақ көненің аты көне, қанша жамап-жасқағанымен дәл керек кезінде төрттабандап тұрып қалады.
Зеренді ауданындағы ахуал да алаңдатарлық күйде. Аудандағы 54 медицина мекемесінің төртеуі ғана алдағы жылы күрделі жөндеуден өткізіледі деп жоспарлануда, ал қалған 50 медициналық мекеменің ғимараты қаусап тұр. Мысал үшін, Красиловка ауылындағы медициналық пункт ғимаратының салынғанына бір ғасырдан аса уақыт өткен. Көненің көзіне айналған ғимарат ауыл медицинасының ахуалын көрсететін белгі іспетті. Қыс бойы суып, азынап тұрады. Ішін жел кеулеген алқам-салқам ғимаратта адам емдеу мүмкін бе? Дәл осы кезде қазақтың ілкідегі бақсының ең жақсысы, ауруыңа ауру қоспағаны дейтін сөзі оралады. Көнетоз ғимараттың табалдырығын аттап, дертіне дауа іздеп барған сырқат суық тиіп ауырып қалмасына кім кепіл?! Аудандағы бірнеше елді мекендегі емдеу мекемелері жергілікті әкімдік, селолық клуб, бастауыш мектеп тәрізді ұжымдардың онсыз да тар ғимараттарына бас сауғалауға мәжбүр. Аудандағы медициналық емдеу ғимараттарының ең соңғысы осыдан қырық жыл бұрын салынған. Автокөліктердің де жағдайы мәз емес. Түгел дерлік тозып біткен. Осы жылы ғана екі көлік беріліпті. Қазіргі күні ауданға онға жуық жедел жәрдем көлігі қажет болып отыр. Қарға адым жер мұң болғандықтан медицина қызметкерлері мойны қашық ауылдарға барып, сырқаттарға дер кезінде көмек көрсете алмайды.
Бұл мәселе бұрын да сан мәрте көтерілген. Әйтсе де, тиісті қорытынды шыққан жоқ. Жедел жәрдем көліктері жүргізушілерінің еңбекақысы да мардымсыз. Көнетоз көлік жүргізіп, әбден қажыған жүргізушілер техниканы жөндеу стансасына ақы төлеу мүмкін болмағандықтан апара алмайды. Шамалары келгенше өздері жөндейді. Ал көліктері әбден істен шықса, еңбекақысыз қарап отыруға мәжбүр.
Кейінгі уақытта Қосшы қаласы тұрғындарының саны өсе түсті. Әйтсе де, қалада небәрі үш жедел жәрдем бригадасы бар. Себеп – кейбір тұрғындардың бұл қалада тіркеусіз тұрып жатқандықтарында. Емханада 35 мың адам тіркелген, ал шын мәнінде, тұрғын саны 100 мыңнан асып жығылады. Белгіленген тәртіпке сәйкес 10 мың адамға медициналық қызмет көрсететін бір жедел жәрдем бригадасы болуға тиісті. Әйтсе де, тұрғындардың шынайы есебі белгісіз болғандықтан, медициналық көмек көрсетуге кері әсерін тигізіп отыр. Тұрғындардың айтуына қарағанда, кейде екі көліктің бір мезгілде Астананың ауруханаларына науқастар таситын сәті болады екен. Мұндайда тұтас қалаға жалғыз ғана жедел жәрдем қызмет етеді. Осы арада жедел жәрдем уақытында жетпесе, өкпе-реніштің туындайтыны да бар. Оның негізгі себебі – осы. Қаламен қоса іргедегі Қызылсуат ауылына да қызмет көрсету керек. Осылайша, жұмыс күрделене береді.
Ауылдағы медициналық ахуал біртіндеп жақсара ма деген үміт те бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, Целиноград ауданының Қоянды ауылында, Атбасар ауданының Новосельское елді мекенінде және Сочинское ауылында медициналық пункттер салынбақ. Біржан сал ауданында емханамен біріктірілген аудандық аурухананың құрылысы жүргізіліп жатыр. «Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде өңірде 38 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанының құрылысы жоспарланған. Әзірге 9 жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Медициналық құрал-жабдықтарды жаңарту мақсатында 109 бірлік құрылғы сатылып алынбақ. Оның ішінде 5 компьютерлік томография аппараты, екі ангиографиялық құрылғылар бар. Тозған техника паркін жаңарту үшін 32 автокөлік сатып салу көзделіп отыр.
Әзірге ауыл халқы медициналық көмекке зәру. Ойға алған жоспар оңынан оңғарылса игі.
Ақмола облысы