Бүгінде еліміздегі нарықтық бәсекелестікте өз қабілетін таныта алмай отырған жеңіл өнеркәсіп тауарларының ішіндегі отандық киім мен аяқкиім өндірушілерінің үлесі 6,5%-ға төмендеген.
Үкімет назарындағы бұл өндіріс мемлекет тарапынан толыққанды қолдау көре алмай отырғаны анық. «QazIndustry қазақстандық индустрия-экспорт орталығы» АҚ мамандары киім және аяқкиім нарығындағы жеткізушілер құрылымының өзгеруі елдегі импортты, оның ішінде электронды коммерциялық арналар арқылы қарқынды ілгерілетудегі тұрған жайт екенін айтады.
Еліміздегі тоқыма және тігін фабрикалары Қытайдан өзге, көршілес Орталық Азия елдері арасында бәсекеге түсе алмайтыны шикізатты өңдеу деңгейінің төмендігінен көрінеді. Біздегі негізінен мақтамен айналысатын өңір – Түркістан облысы. Мұндағы жиналған мақта шикізатының тек 15%-ы ғана республикада терең өңдеуге жіберілсе, қалғаны өңделмеген күйінде Өзбекстан, Ресей мен Түркияға жөнелтіледі. Кейін олар қосымша құны бар дайын өнім түрінде елімізге қайтарады.
Аталған өңір алдағы уақытта инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Дегенмен аймақтағы мақташылар мен өзбек инвесторы арасындағы келісімшартқа қарағанда, біздегі бұрынғысынша шикізат базасы ретінде әрекет ететін жобалармен жұмыс жүргізіп отырғанын айтуға болады. Өзбекстанның Global Textile Group тоқыма компаниясы біздің диқандарымызды сапалы тұқыммен қамтамасыз етіп, егін жинаған соң олардан мақта сатып алады. Ұлттық статистика бюросының ресурстар мен өнімді пайдалану балансы жеңіл өнеркәсіптің көптеген бабы бойынша импортпен салыстырғанда отандық өнімнің үлесі өте төмен екенін, мәселен, кейбір қарапайым тоқыма бұйымдарының ішіндегі шұлықтар мен колготкилер өзімізде арзымайтын көлемде шығарылып, нарықтың 4,1%-ын ғана (ақшалай түрде) қамтитынын білдіреді. «Сырт киім» санатында он айда елде 107 млн-нан аса тауардың 0,4%-ы ғана «Қазақстанда жасалған» брендімен сатылған. Ал кілем нарығында жергілікті өндірушілер үлесі 26,1%-ды құрайды.
ЕАЭО киім брендіне үміткер Қырғызстанның тоқыма, киім-кешек және аяқкиім өндірісіндегі табыс көзі айтарлықтай аз. Елдегі өндіріс көлемі шамамен 10,5 млрд сомды немесе 124,3 млн долларды құрайды. Өзбекстаннан айырмашылығы – Қырғызстандағы өндіріс пандемияның бірінші жылында күрт төмендеген. Қырғызстанның жеңіл өнеркәсібінің ерекшелігі – Қазақстан мен Ресейден келген тапсырыс берушілер үшін келісімшарттағы тігін өндірісін дамытуға бағыттап отырғандығында.
Еліміздегі жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндірушілер өткен жылы өнім көлемін 7,2%-ға ғана ұлғайтып, жалпы сомасы шамамен 178 млрд теңгеге немесе 386,5 млн долларға жеткен. Биылғы үш тоқсанда өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 139,6 млрд теңгені құрады. «QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ өңдеу өнеркәсібінің бұл сегменті жыл сайын 25% өскені, кілем өндірісіндегі көрсеткіштің 25,8 есеге өскенімен байланыстырады. Еліміз жеңіл өнеркәсібінің өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі – өте аз, бар болғаны 0,9%.
Бұл ретте Өзбекстанда тоқыма өндірісінің үлесі 13,7%, тігін өнеркәсібінің үлесі елдің өңдеу өнеркәсібінің 3,8%-ды құрайды. Екі елдегі жеңіл өнеркәсіптің экономикалық дамуының көптеген параметріндегі айырмашылық аса жоғары деп отыр сала сарапшылары. Олардың айтуынша, жеңіл өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау шаралары да республикаларда мүлдем салыстыруға келмейді. Өзбекстанда президенттік билік ауысқаннан кейін жеңіл өнеркәсіптің даму векторы күрт өзгеріп, бұл сала басымдыққа ие болған. Өзбекстан үкімет деңгейінде мақта шикізатын экспорттауға толық тыйым салатын бағдарламалар қабылдап, 2026 жылға қарай билік елден жіп шығаруға тыйым салуда. Мемлекет сыртқы нарыққа дайын өнімді жеткізуді ұлғайту үшін барынша әрекет жасайды. 2027 жылы тоқыма және тігін экспортының көлемін 10 млрд долларға жеткізуді міндеттеп отырғаны бар. Шетелде мемлекет өзбек тоқыма компанияларына да қолдау көрсетеді. Оларға дүкен немесе қоймаларды жалға алу ақысының 100%-ын төлейді. Фирмалар өз тауарларын Еуропаға, Түркияға, Америкаға, Кореяға және Жапонияға жөнелтсе, көлік шығындарының 70%-ы өтеліп отыр.
Елімізде мемлекеттік қолдау азырақ. Елімізде екі салалық одақ — «Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары» қауымдастығы мен «Qaz Textile Industry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпкерлерінің ұлттық қауымдастығы жұмыс істейді. Ұйым мамандары үкімет пен депутаттарға саланы қолдаудың қосымша шараларын енгізу туралы өтініштермен жүгінсе де, одан қайран жоққа ұқсайды.
«Qaz Textile Industry» басшысы Гүлмира Уахитова: «Еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласындағы қазіргі инвестициялық саясаты импорттық өнімдердің басымдықпен орын алуына мүмкіндік беріп жатыр. Біз үкіметпен үнемі байланысып тұрамыз, қаншалықты өтініш жасап, шағымдансақ та жауап ретінде сөзбұйдалыққа салынғаннан өзге толыққанды жауап ала алмаймыз. Отандық тауар өндірушілерді қолдайтын мемлекеттік саясат керек. Шенеуніктердің кінәсінен бізде әлі күнге дейін терең өңдеп, дайын өнімді шығарудың бірыңғай жүйесі жоқ», дейді.
Биыл Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен жеңіл өнеркәсіпті жандандыру мақсатында инвестициялық жобаларды 3%-дық сыйақы мөлшерлемесінде қаржылай қолдау тетігі қарастырылған еді. Мұндай инвестициялық жобалар пулында қазірдің өзінде 60 компания тіркеліп отыр. Жарияланған басқа ынталандыруларға арнайы экономикалық аймақтардың резиденттері үшін тартымды салық преференцияларын жасау және компанияларды технологиялық жаңартуға жұмсалатын шығындарды субсидиялау кіреді. Мұндай мемлекеттік реттеу жұмыс істей ме, жоқ па, бұл 2024 жылдың көктемінде жеңілдетілген несие беру туралы бұйрыққа қол қойылғаннан кейін бір жылдан соң белгілі болары анық.